“Өлді деуге” бола ма айтыңдаршы, артында өлмейтұғын із қалдырған…
Үстіміздегі жылдың Шілде айында Сагсай сұмын денсаулық орталығына Әлхан Ханапияұлының есімі берілді. Әлхан Ханапияұлының ұрпақтары атынан аталмыш денсаулық орталығына Ланд крузер – 100 автокөлігін сыйға тартты.
Осы аталмыш шараға Сагсай сұмын әкімшілігі, Денсаулық басқармасының мамандары, халық өкілдері қатысты. Үлкендер марқұм Әлхан дәрігерді тебірене еске алған еді.
Ханапияұлы Әлхан 1934 жылы Сагсай өлкесінде туған. Әлхан дегеніміз кім? Иә, Сагсай сұмынының көне көз қариялары білуі мүмкін. Алайда, жас ұрпақ ол кісінің кім екенін біле бермейді. Әлхан дәрігер жарғақ құлағы жастыққа тимей халқы үшін еңбек еткен, халық ұлдарының бірі. Ол кісі туралы айтар болсақ:
1956 жылы Ұланбатыр қаласындағы медицина орта мектебін дәрігер мамандығы бойынша бітіріп, 1956 жылы жаңадан орнаған Сақсай сұмынының «Еңбекші ауыл» бірлестігінде еңбек жолын адамның кіші-дәрігер мамандығынан бастап, 1980 жылға дейін 22 жыл үздіксіз қызмет атқарған.
Сагсай кіші дәрігери аурухана бөлімшесі аға дәрігери ауруханасы ретінде өркендеу жолында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
1959 жылы Халықтың көмегімен және «Еңбекші-ауыл» бірлестігінің қаржысымен он бөлмелі аурухана салдырып, адам дәрігери бөлімшесін жылдар бойы басқарып, денсаулық сақтау саласының өсіп-өркендеуіне ерекше көңіл бөліп, өлшеусіз еңбек сіңірді, жаңа орнаған аурухананың жұмысын жаңаша бағытта өрбітті.
Алғашқы жылдары Сагсай ауруханасында аға дәрігер болмағандықтан 1962-1971 жылға дейін адам дәрігері міндетін Баян-Өлгий аймағының денсаулық сақтау басқармасының ұйғаруымен 1980 жылға дейін атқарды.
Ханапия Әлхан өмірінің соңына дейін өзі ірге тасын қалаған аурухананың барлық жауапкершілігін мойынына алып, түн ұйқысын төрт бөліп, аттың жылында, түйенің қомында жүріп, Орта тау, Қаратаудың жоталарымен жондарын, сай-саласымен қияларын қырқалап, Тұрғын мен Қобда өзеннің өткел бермес өзендерінен өтіп, халықтың денсаулығын сақтау, емдеу, сауықтыру жолында халыққа қалтқысыз қызмет жасады.
Ханапия Әлхан асқан күдір жолдар- еліне, мамандығына деген шексіз құштарлықтың, сүйіспеншіліктің, жауапкершіліктің ғана емес, оның тәрихи адам екендігінің жарқын- куәсі.
Ханапия Әлхан ауыр науқастан 1980 жылы өмірден өтті. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына із қалдырған» демекші Әлқан дәрігердің даңқын белгілеп, туған халқына пайдасы тисін деген ниетпен көлік сыйлап жатқан ұрпақтарына Алланың нұры жаусын демекпіз!
Бұл өмірде жазымыштан озған пенде бар ма, деседе пенденің әттеген-айы таусылған ба!? Сонау қиын заманда, аттылы-жаяу қызмет барысында уақытылы асын ішіп, белін шешіп демалмай таң атысы, күннің батысы мен, ыстық-суыққа қарамай, аш-құрсақ, тоң-сирақ, жортқан аң, ұшқан құспен жарысып, осы дертке тап болды-ау деген ой жылдар өтседе көкейден кетпейді.
Әкеміз бар болғаны 46 жасында ауыр науқас салдарынан 1980 жылы өзі ірге тасын қалаған Сақсай сұмындық ауыруханада жұмыс жасап жүрген кезде, өмірден өтіп, өзінің бар ғұмырын арнаған, еңбегін сіңірген, өсіп-өнген, киелі Сақсай топырағында мәңгілік тұрағын тапты.
Ханапияұлы Әлханның артында ел игілігі үшін атқарған ерен еңбегінің өшпес ізі, ел тарихында қол таңбасы қалды.
Жұбайы Рахима жолдасы ірге тасын қалаған адами аға дәрігер бөлімшесінде 1962 жылдан 1988 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін 26 жыл кірші, тазалаушы, аспаз қатарлы қызметтерді атқарды. Төрт бала тәрбиелеп өсіріп, ұлдарын ұяға, қызды қияға қондырып, немере, жиен сүйіп, 2000-жылы өмірден өтті. 
Ұлы Имантай әкесі негізін қалаған ауруханада 1984-1993 жылға дейін жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі қызметін атқарып, алыс ауыл, қыстақтардағы малшы қауымның өмір тіршілігін, денсаулығын сақтау жолында түн ұйқысын төрт бөліп, дәрігерлер мен науқастарға қызмет көрсетті. Бүгінде Имантай өткен күндерді еске алып:
«Бірде аға дәрігер Сайын екеуіміз Қаратауға шақыруға барып науқастың жағдайына байланысты қонып жатып, таң атқанша ем-шара жасап, ертеңінде ауруханаға түс мезгілінде жеттік. Келсек Қаратаудың келесі беткейінен тағы шақыру келіп тұр екен, күн суық, ұйқы шала, шаршап тұрсақта, жедел жолға аттануға тура келді.
Жолда келе жатып әкемді еріксіз есеме алдым. Яапырым-ау! Қазан мен қарашаның қара суығында, жел мен үскіріктің өтінде, қаңтардың қақаған аязында, ақпанның түтеген боранында, көктемнің арықшылық уақытында, жаздың аптап ыстығында дәрі-дәрмек салған екі қоржынын теңденіп, күн-түн демей, таңның атысы, күннің батысымен, жортқан аң, ұшқан құспен жарысып, ұйқы-күлкі көрмей, ат жалында ондаған жыл қалай жүрген, деп әкемнің сол кездегі жанкештілігіне таң қалдым. Ал, қәзір біз су жаңа машинамен шаршап, шалдығып шақыруға бара жатырмыз. Бүгінде сұмынның сол шекарасы өзгерген жоқ. Астымызда машина, бірнеше дәрігер кезектеп үлгірмей жүргенде әкемнің ат үстінде өткізген дәрігерлік ғұмырын, еңбегін, жан кештілігін түсінгендей болдым. Жылдар бойы осы ауыр міндетті әкем абыроймен атқарды ғой» деп марқайып, жанымдағы қалғып-шұлғып отырған Сайн дәрігердің жағдайын түсінгендей болдым да, бізді тағатсыздана күтіп, арпалысып жатқан науқас есіме түсіп, жылдамдықты қоса түстім»дейді, әкесі туралы естелігінде.
Иә, осы айтылғанның бәрі ақиқат, тарих қатпарындағы сайрап жатқан бұлтарыссыз шындық.
Ол кезде материалдық база аса дамымаған уақыт еді. Арухана бөлмелерінің пешіне жағатын отынның өзі ең үлкен мәселе болатын. Бір пеш арқылы құбырмен жылыту жүйесі болған жоқ, әр бөлмеде әр пешке жеке-жеке от жағылатын. Үлкен ыдысқа су толтырып, пештің үстіне қойып, астына отжағып, суды ысытып, кірші, техникалық қызметкерлер науқастарды кезектесіп жуындаратын.
Ауырухана қызметкерлері тоғайдан ағаш отын дайындап, тезек, қырдан теріскен теріп, түйеге теңдеп әкеліп отын мәселесін шешетін. Аурухананың көрпе жастығын, науқастардың тұтынған заттарын жуатын сабында жетіспейтін. 
Х.Әлханның жұбайы Рахима ол кезде аурухананың кір жуушысы еді. Апамызға алабұтаны өртеп, сахар қайнатып, малдың майын шыжғырып, сабын бұлғатып, оны күнделікті беті-қол жууға, кір жууға деп бұзаушықтарға яғни бөліктерге бөлігізетін. Ол кезде ел ішінде бөрткен, таз, қотыр, қызылша, іріңді жара сияқты жұқпалы аурулар көп еді. Бәріде тазалықтың нашарлығынан жеке гигенаның сақталмауынан әрі тұрмыстың ауырлығынан болатын. Тері ауыруларына, ұсақ-түйек бөрткенге бұзаушық сабындар таптырмас дәрі болды.
Сол кезде науқасты емдеуге дәрі-дәрмектер жетіспеушілігі көп қиындық тудыратын. Кейде халық емшілерінің қолданып келген өміршең тәжірибелерінде пайдаланғанын әңгімелеп айтып, туған жердің ауасы, суы, топырағы, өсімдіктері дертке дәру деп отырушы еді.
Тау тас, өзен бойында өсетін өсімдектерді де теріп, ем ретінде қолданатын, жалбызды асқазан бұзылғанда, тамақ ауруларын ерменмен шайдырып, имунитетін көтерту үшін итмұрын, шырғанақ шырынын дайындап бергізетін. Түйе жапырақ, жолжелкен шөптерін іріңді жараға, шақпа шөпті ыстық түсіруге, көкжөтелге пайдалануға кеңес берген.
Сол кезде адамдардың көбі суық тиіп, зертең болып ауыратын-ды, қойдың құйрығын, жылқы майларын дәрілермен қоса пайдаланып, мешел, рахит болған балаларды малдың сүйегін қайнатып сорпасына шомылдырғанын, жел-құздан, суық тиіп ауырған балаларды тоқты- серкештің терісіне оратқанын, қолды жылан шағып алғанда уыты тарамас үшін жаңа сойған қойдың қарынына (жынына) тығып, жанын алып қалған сәттерді күліп еске алушы еді. Замананауи дәрігери жетістіктермен халықтық дәстүрлі емдеу әдістерінде қолдану өз нәтижесін береді деп отыратын. 
Х.Әлхан халықтың денсаулығын нығайту үшін қолда бар дәрі-дәрмек, дәке, төсек орын жабдықтарын, дәргери құралдарды мүмкіндігінше үнемдеп пайдаланып, мемлекет меншігіне аса жауапкершілікпен қараған.
“Ол науқастарды емдеп ғана қоймай, ас-суының, жатар орынының таза, жылы, жайлы болуына, жағдайының қалыпты, көңіл күйінің көтеріңкі болуына, тезірек сауығып кетуіне аса мән беріп, кезекті тексеріс барысында,
сенім сыйлайтын уәждер, әзіл-қалжың айтып, науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құштарлығын оятуға аса ден қоятын” деп еске алатын Ханапияұлы Әлханның көзін көргендер.
Тіпті кей кезде көрсетілген ыстық ықылас, жылы сөздің өзі науқастарды шаттандырып, жасалған жан-жақты ем-шаралардың нәтижесін еселеп, халықтың салауатты өміріне жарқын жол ашатын.
Осындай жан-жақты игі істер өз жемісін беріп, халықтың салауатты өмір салты туралы түсінігі жаңаша белеске көтеріліп, көкжиегі кеңейе түскен еді.
Ханапия Әлханның балалары Амантай, Алмагүл, Имантай, Ертай қазір ел ағасы болып Қазақстан Республикасының Павлодар, Астана қалаларында әр түрлі салада қызмет етуде.
Ханапия Әлханның әулеті бүгіндер өсіп өнген, немере, жиендері есейіп, ержетіп, зиялы азаматтар болып қалыптасқан. Олар қазіргі таңда Қазақ елінің дамысына өз үлестерін қосып, ұрпақтарын ата жұртта тәрбиелеуде. Біздің редакциямызға арнайы ат басын бұрған Амантай Әлқанұлы өзінің естеліктерімен бөлісіп, сыр сұхбат берді. Келіні яғни Амантайдың жары Мариям Зәбиқызы атасы жайлы өнегеге толы сыр шертсе, шөбересі Қазақстан респубилкасының Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің оқушысы, Нұртөре Аманжолұлы: “Мен Моңғолияға, дәлірек айтқанда Сагсай өлкесіне тұңғыш келуім. Бабам жатқан топырақтың адамдары жылы жүзді мейірімді, табиғаты жанға жайлы. Жаныңды ерекше жадыратып, рухыңды серпілтеді. Бұл жер менің Бабам – Әлханның еңбек еткен жері, атам – Амантайдың отау тігіп, әжем Мариямның келін болып түскен жері. Бұл жер – менің әкем Аманжолдың өмірге келген жері” деп тебіренгенде еріксіз көзге жас алдық. Әлхан дәрігер өзі көп жасамаса да, ол кісінің аты, еңбегі, ұрпағы мың жасасын ләйім!
Ханапия Әлханның еңбек жолы туралы жазылған бұл мәліметтер – ойдан шығарып, құрастырылған дәйкесіз, бос сөздер емес, нақты өмір шындығымен мұрағат жазбалары, бұйырықтар мен мәліметтерді негізге ала отырып, ешқандай бояусыз, шынай шындық қалпымен жазылған оның өмір керуенінің -күдір жолы. /Суреттер – Х.Әлханның төрт баласының отбасы /
Айбота Әлейханқызы