Өмірін ғылыммен өрнектеген Ғалым”
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің кітапханасында Гүлжаухар Кәкенқызы Кокебаеваның 70 жас мерейтойына арналған «Әлемдік тарихи үдеріс аясындағы Еуропа және Қазақстан» атты үлкен конференция ұйымдастырылды. Бұл іс-шара мерейтой иесінің көптеген студенттерін, оқытушылар мен әріптестерін жинап, ғылыми қоғамдастық үшін және жалпы тарих ғылымының нағыз мерекесі болды.Конференция салтанатты сөздерден басталды, онда мерейтой иесінің ғылыми жетістіктері мен ғылым жолындағы атқарған қызметі туралы атап өтілді.Ол бірге жұмыс істеген ғалымдар бірлескен зерттеулер туралы естеліктерімен бөлісіп, сөз сөйледі.
Гүлжаухар Кәкенқызы Кокебаева- тарих ғылымдарының докторы, профессор. 1975 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген.1975-1980 жылдары Орал педагогикалық институтында (қазіргі Батыс Қазақстан гуманитарлық университеті), Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында (1980–82, 1985–88, қазіргі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті), 1988-2001 жылдары ҚазПИ-де (қазіргі ҚазҰПУ) сабақ берген. 2001 жылдан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да педагогикалық-ғылыми жұмыспен айналысты. КСРО Ғылым Академиясының Жалпы тариx институтының (Москва қаласындағы) аспирантурасын бітіріп, сонда кандидаттық диссертация қорғаған. Кандидаттық және докторлық диссертациялары Германия тариxына арналған. Германияда ғылыми тәжірибеден өткен. Соғыс тұтқындары туралы Қазақстанда шыққан алғашқы ғылыми монографияның авторы.КСРО мен Еуропа елдеріндегі тоталитарлық қоғамдарды, әскери тұтқындардың тарихын зерттейді, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының мәселелері бойынша сарапшы болып табылады. Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының жалпы тарих институтының аспирантурасында оқып, Мәскеу тарихи мектебінде кәсіби білім алды. 245 ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстар, оның ішінде 3 монография және 4 монографиядағы бөлімдер (Германия мен Ресейде жарияланған), 20 оқулық жарық көрді.Шетелдік басылымдарда ғалымның 40-тан астам мақаласы жарияланды.2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Құрмет» орденімен және де басқа да марапаттармен марапатталды.
Конференция барысында Г.Кәкенқызының жаңа еңбегінің тұсаукесер болып, іс-шара қатысушыларына таныстырылды. Іс-шара соңында ғалымға құрмет көрсетіліп гүл шоқтары табысталды. |
т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Мухажанова Т.Н.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Тарих факультетінің 2 курс магистранты Тузелбаева И.К.