Өндіріссіз өркен жоқ
1921-1960 жылдары монгол елінің өндірісінің негізі қаланған кез деп көруге болады. Ежелден жалғасып келе жатқан мал шаруашылығының үстіне егін шаруашылығымен бірге өндіріс шаруашылығы дами бастаған. 1924 жылы алғаш шаруашылық министрлігі құрылған. 1930 жылға дейін ағаш, әк, дизель электр станциясы, темір завоты, жүн жуу фабрикасы қатарлы шаруашылықтар дами бастаған. 1929 жылы Маусым айында Ресей федерациясымен шартқа отырып, көрші федерацияның көмегімен өндірістендіру жұмысы қарқын ала бастаған.
Еліміздің алғашқы шаруашылық комбинаты 1934 жылы пайдаға берілді. Мұнда тері өңдеу, жүн жуу, Цембе фабрикасы және тері өнімдерін өңдеу зауытынан құралған. Бұл өндіріс 1935 жылы Кеңес Одағынан Моңғолияға тегін берілді. Тері зауытында үш цех болды: әктеу, илеу және тері өңдеу. Кейінірек 1950 жылдардың аяғында өнеркәсіп кешенін кеңейту және жаңа зауыттар салу басталды және онда 7000-нан астам жұмысшы болды.
1940 жылы өнеркәсіптің дамуына теміржол, автокөліктің жақсартылған жолдарының салынуы оң әсерін тигізді. Ресей елінен келген мамандар арнайы экспедициялар ұйымдастырып, нәтижесінде өңді металдар, вольфром, флюрит байыту өндірістері салына бастады. 1942 жылы Налайхта, 1943 жылы Дорнод аймағында жаңа көмір шахталары ашылып, пайдалануға берілді. Бұдан соң Дархан, Эрдэнэт қалаларында ірі-ірі мега жобалар іске асты. Электр станциялары, Зүүнбаян мұнай зауыты, Дорнод уран жобасы, ірі Эрдэнэт мыс байыту зауыты жобалары өнеркәсіптерге айналды. 1980 жылдардың аяғына қарай Монгол елінде өнеркәсіп саласы қарқынды дамып, кейбір тауарларды экспорттап та тұрған. Мал өнімдерінен бірде бірі тасталмайтын. Барлығын өңдеп экспортқа шығару, ішкі айналымға енгізу жұмыстары ұтымды ұйымдастырылды. Сол заманның кейбір солақай саясаттарын есепке алмағанда жұмыссыз адам жоққа тән болатын. Өйткені әр аймақты артель, тұрмыс қажетін өтеу орындарымен қатар ерекшеліктеріне сай комбинаттар, ағаш дайындау, тері илеу, жүн жуу т.б көптеген өндірістер жұмыстап тұрды. 1980 жылдары Құс фабрикасының жанында сүйек өңдеу зауыты малдың сүйектерінен эко тыңайтқыш жасап, құс фабрикасының ішкі қажеттілігін өтеп отырды.. Еліміздің түкпір-түкпірінен мал сүйектері әкелінетін. Тіпті өлген малдың да сүйегін сылып алып пайдаланатын. Ол тұста малдың мүйізіне дейін тасталмайтын.
Қазіргі таңда тұтыныс тауарларының 90 пайызын импорттаймыз. Дайын тауар қолданамыз. Тек алыпсатарлықпен айналысамыз деген сөз. Соның нәтижесінде қазір шарықтаған бағаға шамамыз келмей отыр. Жоғарғылардың ішкен-жегені, 30 жылда элит топтың ымқырып-жымқырғанын есепке алмағанда еліміз көлемінде тау кен өндірістері, түбіт, түйе жүн, қой жүнінен жасалған киімдер, теріден тігілген тондар мен аяқ киімнің түрлері бар. Шағын және орта өндірістер орнағанымен ішкі нарықты қанымдай алмайды. Өкінішке орай 1990 жылға дейін жасалған жасампаз істердің бірде біреуін қайта жасай алмадық. Далада қалған қой терілері,малдың шикізаттары осының айқын дәлелі бола алады. Бұл өткенді аңсау емес, сол кездегі жетістікке қайран қалу десек те болады. Қазір өндірістендіру жұмысын қолға алсақ ол кездегіден қарағанда әлдеқайда ұтымды болары сөзсіз. Қазір техника, технология дамыған. Таңдау да көп. Ең қиыны үкімет бұған бас қатырмайды, ал жеке кәсіпкерлер назар аудармайды. Әр аймақта тұтыныс тауарларын өндіретін бірден-екі ірі өндіріс болса, еліміздің ішкі қажеттілігін өтеудің сыртында жұмыс орны пайда болады. Отбасынан жырақ, шетелде ешкім де дәретқана тазаламас еді. Тіпті ірі жобаларды айтпағанда социализм кезінде сабыннан ине түймеден бастап өндіріп тұрғанына тарих пен үлкендер куә. 1955-1956 жылдары ет комбинатының жанынан сабын шығаратын зауыт құрылып, «Барааны» атты тұңғыш сабын жасалды, бұл ұлттық моңғол сабын өнеркәсібінің бастау алған жаңа қадамы болды. 1978-1980 жылдары Улаанбаатар қаласында жаңадан салынған сабын зауыты қатты «Анхилун», «Сарнай», «Тансаг» сияқты қол сабындарын шығарып, аймақтарға таратып тұрды.
Қазіргі таңда дамыған мемлекеттерде ішкі ресурстарды ұтымды пайдаланудың сыртында, қолданылған шиша, пластмасса ыдыстарды қайта өңдеп, экологияны, қоршаған ортаны таза сақтау стратегиясын да қолға алуда. Ауыр және жеңіл өнеркәсіп түрлері қарқынды дамып, елінің ішкі қажетін өтеп ғана қоймай, экономикасын ретке келтіріп отыр. Ондай елдерде дағдарыс та, қымбатшылық та жоқтың қасы.
Ал, біз нарыққа көшкен тұстан бастап базар жағаладық. Қытай мен орыстың дайын арзан тауарларын бірнеше есесімен алып, сатқанымызға мәзбіз. 30 жыл ішінде екі партиядан шыққан саясаткерлер сан мәрте кезектесіп, жылы жұмсақ орынға жайғасып, тек өз есептерін түгендеді. Нәтижесінде шетелдік банклерде қыруар қаржысы бар Элита топ пайда болды. Монгол экономикасы шалажансар, ұйқылы ояу күйде. Халық та қазандағы ыстық сүтке тұмсықтарын батыра алмайтын көбелектей мең-зең, қымбатшылыққа да жалақының аздығына да көз жұма қарайды. Еліміздің ұлан-байтақ жері мен соншама байлығының иісі мұрындарына да келмейді. Істейтін қайласы да жоқ. Кейбірі жан сақтау үшін шекара асса, енді бірі базар жағалап саудасын сатып, енді бірі шөпсіз қара суықта малын бағып өлместің күнін кешуде. Бір кем дүние….
Айбота Әлейхан