150 шақырым қашықтықтағы шекарадан ұн импорттай алмай отырғанымыз – ұят жағдай….
Аймақтық азаматтар өкілдер құрылының өкілі Заңғар Есентайұлымен өткізілген сұхбат
- Аймағымыз астанамыз Улаанбаатар қаласынан ең шалғай орналасқан аймақтардың бірі. Күнделікті тұтынысы тауарларын, жем-шөп, азық-түліктерді тасымалдау аса қымбатқа түсіп жатады. Көп жылдар кеден басқармасын басқардыңыз, бизнес саласында жүргендіктен пікіріңізді ортаға сала кетсеңіз.
- Бұрын импорталып тұрған заттардың ішінде ұнға шектеулер қойылды. Кебек аз мөлшерде кіреді. 1500 км жерден ұн әкелген қандай 150 км-ден тасымалдаған қандай?! Іргедегі шекарадан ұн импорттай алмай отырғанымыз – аса күлкілі жағдай. Орыстың ұнын бұрын импорт арқылы енгізіп, арзан бағада тұтынып келдік. Кепілдендірілген. Халықаралық талаптарға сай келеді, денсаулыққа зияны жоқ. Солай бола тұра мемлекеттен шектеу қойып, тек ішкі өндірістерден ғана аласың деп, бағаны көтеру – монополия. Былайынша айтқанда халықты қанау. Бірнеше адамдардың, немесе қаржыланып кеткен мүдделес топтардың бас пайдасын қорғау, қолдау деп түсінемін өз басым. 50 келі салмақтағы ұн Қош-Ағашта 50 мың төгрөг, ал, бізде 105-110 мың төгрөг. Екі қап ұн алатын ақшаға бір қап ұн аламыз. Бұл халықтың тіршілігін екі есеге құлдыратып жатыр деген сөз. Өйткені қарапайым халықтың ең көп қолданаты – ұн. Келесісі – кебек пен көк шөп. Кебекті де ішкі өндірістер қанымдап шыдамайды. Бірден қанымдай алмайтын тауарларды жақын шекарадан импорттау ең тиімді тәсіл. Саясаттану ұғымында бір ғажап тәмсіл бар. «Ең жақсы үкімет халықтың күнделікті тірлігіне аз кіріседі» деген. Ұнды импортпен кіргізбеу дегеніміз отбасы мәселесіне басқалардың араласа бергені тәріздес ұғым. Нарықтың құндылықтары мен заңдылықтарын аттап өту деп түсінген жөн. Ұнның мәселесін аймақ басшылары болып, МҰҚ-да отырған азаматтар айту керек. Түсіндіру керек. «Жыламайтын балаға сүт бермейтіні тәрізді» сұрамаса, нақты түсіндіріп жеткізбесе, үкімет қайдан біледі. Осы ретте басшылардың біліктілігі, ел-жұрттың жағыдайымен санасуы аса қажет.
- Қазақстанға Ресей шекарасы арқылы машина асыратын азаматтар көп. Көшіп бара жатқан азаматтар да көлік асырғанда қиындықтар туындап жатады. Осыны қалай бір жақты етуге болады.
- Қазақ елі мен Моңғолия шекарасы арасында үлкен бір алып империя жатыр. Ресей мен шекаралас елдердің арасында кеден одағы бар. Осы одақтың кеден салығының 80 пайызы да Ресей еліне түседі. Біздің сатылып кетеді. Монгол мемлекеті кезінде асып кеткен көліктерге іздеу сала бастағанда, мен: «Монголияға кіріп келіп, жүрілген ескі көліктерді іздеудің қажеті жоқ. Бұған бізден шығатын ешқандай шығын жоқ» деп нақты айтқанмын. Сонымен біздің ел бұл көліктерді іздемейді. Ал, Ресей осы көліктерге іздеу салуда. Себебін жоғарыда айттым. Шекарадан шыққан көлік басына салық алуды ойлап отқаны анық. Былайынша орыстардың да бұған шыққан шығыны жоқ. Жолын басып өткені болмаса, ол елге ешқандай да зияны тимейді. Ал, Қазақстанға барғаннан кейін сол елдің азаматы сатып алып атына түсіргенге дейін біршама құжаттар әзірлеп, салықтар төлейді екен. Менің айтайын деп отырғаным Қазақстанның көші-қон туралы негізгі заңында «Әрбір көшіп келуші азамат бір көлік мініп келуіне болады. Барлық салықтардан босатылады» делінген. Кәрі-жас деп жасын көрсетпеген. Осы бапты кеден одағының заңына енгізетін болса, көшіп бара жатқан азаматтар бір-бір көлікті еш кедергісіз асырып әкете алар еді. Осыны мен Қазақстан елінен елімізде отырған консулға, басқа да атқамінерлерге айтып жүрмін. Бұл Қазақстан мемлекеті кірісетін мәселе.
- Көп жылдан бері айтып келе жатқан Ақкөл еркін зонасы туралы айта кетсеңіз. Бұл зонаның келешегі қандай болмақ?
- «Ақкөл еркін зонасы» әкімшілігі деген бар. Улаанбаатар қаласында арнайы кеңсесі, мұнда бөлімшесі бар деген сияқты. Өткенде еркін зонада жәрмеңке ұйымдастырамыз деп ұятқа қалдық. Қытайдан, Ресейден адамдар келген. Ешқандай инфрақұрылым дамымаған. Ең бер жағы келген адамдарға дұрыс сервис (даяшылық) жасалмай отыр. Ашығын айтар болса – Ақкөл еркін зонасы дамып, халық арзан бағада зат тауар тұтынады деген – ертегі. Бастықтар өздері бір ертегі ойлап тауып, оған халықты сендіріп, соңында өздері де сеніп қалды-ау деймін. Еркін зонаның заңдылығы – халық тұтынатын зат мына тұрған дүкендегі заттар арзан болу керек. Екіншіде барлық азаматтар күнделікті барып қажет заттарын алып тұруы қажет. Сонымен қатар ондағы зат тауарлар айналымға түсіп тұруы қажет. Бізде осы үш көрсеткіш те жоқ. Ең әуелі бізде халық саны аз. Нарықтық айналымы осал. Екіншіде екі-үш сағат жүріп барып, қайтарда екіден үш сағат жүріп күнделікті затымызды ала алмаймыз. Үшіншіде осы екі критери орындалмаған жағдайда заттың бағасы да арзандамайды. Бұл түгілі ірі зона саналатын «Алтан булаг»-тың да жағыдайы мәз емес. Сондықтан «Ақкөл еркін зонасы» деп үлкен үміт күтудің қажеті жоқ.
- Сұхбатыңызға рахмет!