Кең жазықты орманға айналдырған бүгінгінің батыры – Бекет Сұрағанұлы
«Байлықты не жерден не аққан терден сұра» деп қазақ атамыз бекер айтпаса керек. Жер ана адамзаттың, жан-жануарлардың барлығын өз бесігінде тербетіп қана қоймай, еңбек еткенге еселеп беріп келген. Сондықтан да «Байлықтың атасы еңбек, анасы – жер» деп тұжырымдаған. Ата-бабамыздың әр сөзі, әр тұжырымы үлкен философиялық терең мағына береді. Дәл осы мақалдар мен тұжырымдар біздің келесі кейіпкерімізге арналғандай. Біз осы жолғы репортажымызда Алтанцөгц сұмынынан 16 шақырым қашықтықта Цонжийн Хөдөө деп аталатын татыр жерде10 гектар аумақты қамтыған орманға айналдырған шаруашылық егесі Бекет Сұрағанұлының және зайыбы Гүлия Мақсұлқызының еңбегі туралы баяндайтын боламыз. 2009 жылы алғаш компания құрып, жазық далаға жүзге жуық шыбық әкеліп егеді. Қолмен яғни мотор жағып сол талдарды суарып, шырғанақтың ұрығын отырғызады. (Суреттер алғаш егін еккен кезден сыр шертеді) Қаша тартып, біршама еңбектер жасайды. Алғаш осы жұмысты қолға алғанда кейбір адамдар келіп миығынан күлсе, кей қариялар «Қарақтарым босқа әуіре болып қайтесіңдер» мұндай татыр жерге егін қайдан шықсын дейді. Келесі жылында егін пісетін уақыт та таяйды. Ал, Бекеттің отбасы 50 келідей өнім алып, оған балаша қуанғамыз деп еске алады. Сөйтіп жердің алыстығына, күннің ыстығы мен еңбектің ауырлығына қарамай осы жұмысқа бел шеше кіріседі. Жыл сайын ағаш санын қосып егу, көктемде жер жырту, тұқым себу, шырғанақтың ең таңдаулы сортын әкеліп отырғызу, білетін маманды азаматтардан тәжірибе жинау, ақыл-кеңестер алу тағы басқадай көптеген ізденістердің нәтижесінде бүгінгі таңда жайқалған ну, ит тұмсығы өтпестей тұтасқан орман болыпты. 10 гектар жерде қайың тал терек қатарлы көптеген ағаштар өсумен бірге, шырғанақ, қарақат, сарымсақ, қызылша, картоп тағы басқадай көптеген көкеністер егуде. Осы аралықтарда көптеген қиындықтар, кедергілерді бастан өткере жүріп қазіргі нәтижеге жеткен. Үнсіз және үздіксіз еңбек ет, қортындысы сенің алдыңнан сөйлейтін болады деген ишараны дәл осы жолы түсінгендей болдым. Өйткені Цонжийн Хөдөө яғни Қанқұдық өлкесі өзен жағасынан қашықтықта орналасқан. Монголдың кең байтақ тақыр даласының бірі деуге болады. Егін егу үшін алдымен су керек. Қазақ егіншілікпен аса көп шұғылданбаған халық. Алайда, егіннің бітік шығуы үшін судың маңызы зор екенін де түсінген. Сол себепті де
Егін ексең, мол ек,
Толтыр қанар-қабыңды.
Арық қазсаң, кең қаз,
Қандырар бақша, бағыңды деген екен.
«Бекжанай» компаниясының директоры Бекет ағамыз да осы ұстанымды берік ұстанған. Екінің бірінің қолынан келмейтін ауқымды шаруаны бастағанда ағамыз белін бекем буып, аса қиын болса да Ховд өзенінің арнасын бұрып, бөгеу сап, 6 шақырым жерге астына тас төсеп, цементтеп арық қазып, егініне су әкелген. Бекет Сұрағанұлының мамандығы – спорт мұғалімі. Аймағымыздан шыққан тұңғыш халықаралық былғары қолғап шебері. Бұл кәсіпке кірісуді бірнеше жыл жоспарлаға. Маманды азаматтардың ақыл-кеңесіне, тәжірибесіне сүйенген. Осы тұрғыда АТАШ басқармасының кез-кездегі мамандары мен басшылары, биология ғылымдарының докторы Бекет Ұлықпанұлы тағы басқа көптеген азаматтармен қоян-қолтық жұмыстаған.
Сулы жер нулы жер демекші сумен бірге 6 шақырым арықтың бойына тал-теректер мен ағаштар өсіп, жер жасылдана бастаған. Тіпті биік дөңестен жоғарыға қарай ағып жатқаны таңдай қақтырды. Арық бойынша тоған яғни шағын су қоймасы да бар. Ылғалдың көп түсетін кездері мен су деңгейінің көтерілетін сәттерінде осы тоған арқылы суды егінге мөлшерлеп жіберудің озық үлгісін жасаған. Тоғанды бірнеше метр тереңдікте қазып, астына полиэтилен қағазды төсеп, үстін цементтеп, су бассейнін жасаған. Бұл жұмыстар бестен-алты жыл ішінде істеліп аяқталған. “Бекет деген адам кеудені үшкір таспен ұрып, су шығарамын, арық тартамын” дейді деп әлдекімдер бұл жұмысқа күмәнмен қараған. Бәзбіреулері “Су шықпайды, арық қаза алмайсың” деп кесіп айтқан. Ал, Бекет ағамыз елдің сөзіне емес, өз күш-жігеріне сенген. Тәуекел еткен. Егер өздеріңіз барып көзбен көрсеңіздер жүздеген миллиондар мен шынайы пиғыл, жұмысқа деген махаббатты, еңбекке деген мархаметті сезінесіз. Қаншама еңбек, қаншама тер. Президентіміз айтқан миллиард ағаштың он мыңын Бекет Сұрағанұлының отбасы ғана еге салған. Егер дәл осындай бір аймақта бірнеше азамат болса миллиард ағаштың жоспары жолын табар еді-ау.Өкінішке орай қазіргі қоғамда ондай адамдардан гөрі, оңай жолмен ақша табатын, тек пайданың көзін ғана ойлаған адамдар көп. Жекелік осындай шаруашылықтарды қолдағанның орнына аяқтап шалып, арпалысатын арсыз адамдар да бар тәрізді. Жыл сайын аймағымызда «Ағаш егіп жатырмыз» деп жаһанға жар салып, айды аспанға шығарғандай теледидар, радиодан сонша тал ектік деп мақтанады ай келіп. Шындығы сол өсіп тұрғаны шамалы. Не күннің ыстығынан не сиырдан қорғай алмайтын жас шыбықтар сол жылы ақ қош айтысады. «Бекжанай» компаниясы жыл сайын ағаш егу науқанында тендерге түссе де қолдау таппаған. Есесіне тендер алған компания басқа жерлерден арзан бағада ағаштар әкеліп, оны аймағымыздағы ұйым-мекемелерге сатады. Өскенімен шаруасы жоқ, егілді ма егілді. Біздің аймақтың миллиард ағаш туралы айтқандағы шындығы осы. Ағаш егудің өзін бизнеске айналдырып, тамыр-таныстық арқылы жалғасып жатқандай. Аталмыш компания жыл сайын ағаштың көшеттерін дайындап, көктемгі егіс науқаны кезінде көптеген ұйым мекемелерге тегін таратады. Биылғы егіс науқаны кезінде бірнеше сұмындар мен ұйым-мекемелерге берген жас шыбықтар үш айдың ішінде екі метрдей биіктікте өскенін көзбен көрдік.
Тағы бір сауал мемлекеттік шаруалар неге осындай деңгейде атқарылмайды? Үкіметтің ақша құйып жатқан “миллиард ағаш“ жобасы неге жемісін бермейді? деп ойлайтын шығарсыз. Бұған аймағымызға кіріп келетін жол бойындағы талдар, ана қурап жатқан көкқаша, әр сұмында ағаш егеміз деп, қоршаған аула мен бес тал ағашты кепіл ретінде айта аламыз. Жолай Алтанцөгц сұмынын басып өткенде екі үш тал, оны суарып жүрген бір азамат көзге түсті. Оған да белгілі мөлшерде қаржы жұмсалғаны мәлім. Қазақта «айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады» дегенді осындай біреулерді көріп айтса керек. Қош, сонымен тақырыбымызға оралайық. Біздің мақсат елді қаралау даттау емес, көзбен көріп, көкірегімізге түйгенді халықпен бөлісу. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену. Алтанцөгц, Баяннуур, Ногооннуур сұмындарының топырағы құнарлы, егін егуге қолайлы алқап деген қортындыны кезінде Совет үкіметінің Ресей және Моңғолияның біріккен экспедициясы нақтылап кеткен. Тек Баян-Өлгий аймағының ғана емес, батыс аймақтарды ішкі өніммен қанымдауға қуаты жететін жер игерілмей жатыр. Қазіргі таңда қала дала демей екінің бірі жұмыссыз. Жұмыссыз болған соң кіріссіз. Ал, жұмыссыз адам қолына соқа мен айыр алып егін егуге құлықсыз. Неге елбасы ағаш егуді басты жоба ретінде қарастырды? Неге миллиард ағаш деп ұрандайды деген сұрақтар көп. Себебі еліміздің климаты аса құрғақ, қазіргі таңда шөлейттену процесі қарқынды жүріп жатыр. Шөл далада тіршілік болмайтыны тәрізді, жерімізді қорғап қалудың, ұрпағымыздың алаңсыз өмір сүруі үшін, таза ауыз судың қоры сақталуы үшін ағаштың атқарар рөлі өте зор. Алтанцөгц сұмынын алсақ, бұл өлкеде мал шаруашылығымен қоса егін шаруашылығын да қатар алып жүрген азаматтар көп. Біз осы орайда жер қатынасын жауаптанған маман Болатұлы Кеңесбекке жолай кезігіп қалып, бірер минут сөзге тарттық.
«Еңбек ет те, егін ек,
Жарымасаң маған кел.
Белді бу да бейнет қыл,
Байымасаң маған кел» депті дана халқымыз. Бүгінгі таңда егіс алаңында 8 гектарға тек шырғанақ еккен еңбекқор ерлі зайыпты, басқа да өнімдерді жинап, сатып, шырғанақтың майы, сусыны, тосабы қатарлы біршама заттарды өндіреді. Алдағы уақытта экспортқа шығару көзделуде. Емдік шөптерді де өсіруде. Бір жылдары тәжриібе ретінде қауын-қарбыз да салған. Малдың жемі жоңышқаны егіп, сол жылы егін бітік шыққан. Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні қазіргі таңда аймағымыз халқының экологиялық таза өнім қолдануына үлес қосып отырған бірден-бір компания – “Бекжанай” компаниясы. Көктемгі егін егу, күзде егін жинау науқаны кезінде уақытша жұмыс орнымен жүздей адамды қамтамасыз етіп отыр. Бұл аймағымыздың экономикасына, дамысына қосқан елеулі еңбек деп ауыз толтырып айтуға болатындай. Тағы бір айта кетер жайт осындай еңбекқор жандарды аймағымыз тарапынан қолдаса, аймақ әкімдері көңіл бөлсе нұр үсіне нұр болар еді. Өйткені жыл сайын егістік алаңының ұлғаюына сәйкес техника, технологияны жаңалау жұмыстарын да қоса атқаруда. Еңбекқор азаматтардың еңбегіне аса жоғары баға берген кезінде ел тізгінін ұстаған азаматтар көп. Атай айтсақ, МҰҚ мүшесі қызметін атқарған Тілейхан Әлмәлікұлы, Сайран қажы Қадырұлы және МҰҚ мүшесі, елімізге еңбек сіңірген дәрігер Бейсен Бұланұлы қол ұшын созып келген. Тілейхан Әлмәлікұлы мырза Алтанцөгц сұмынынан Цонжийн Хөдөөге дейінгі 16 шақырым аумаққа электр тоғын тартқызып, азаматтық ағалық тұрғыда көмегін көрсете білген. Қазір екінің бірі құрлыс салады, екінің бірі дүкен ашады. Алайда осындай ауқымды егін шаруашылығымен айналысатын адам саусақпен санарлық. Көз алдымыз бен көрсеқызарлықты шетке ысырып қойып, осындай салиқалы істерге салғырт қарамайтын саналы басшылардың болуын тілейміз! Игерілмеген жер, бәйгеге қосылмаған жүйрік, бағаланбаған еңбек жетім. Осы 14 жылғы еңбекті бағалап, аймағымыз тарапынан бірде бір сый-марапаттар берілмеген. “Бекжанай” компаниясының әлі де қанат жайып, жүз мың ағаш егуіне ел болып көмек көрсетсек те артық емес. Өйткені олар табиғаттың жанашырлары.
Журналист Айбота Әлейханқызы