Белгілі кәсіпкер, жастарды демеуші Нұрбек Жырғауұлымен өткізілген сұхбат
«Талапты ерге нұр жауар» демекші аймағымыз жастарын қолдап, спортқа өнерге барынша демеушілік жасап жүрген азаматтардың бірі «Өлгий өлкесінің дамыс кеңесі»-нің төрағасы Нұрбек Жырғауұлы. Бұл ұйым аймағымыздан туып шыққан қазақ, урианхай, дөрвөд, тува ұлттарының интелигент жастарының басын қосқан бейресми ұйым. Аталмыш ұйым Улаанбаатар қаласында және аймағымызда іс-қызмет жүргізеді. Жуықта Нұрбек Жырғауұлы «Тоғызқұмалақ федерациясының» төрағасына тағайындалып, ел біріншілігін өткізуге ат салысуда. Осы және өзге де мәселер төңірегінде «Тоғызқұмалақ федерациясының» және «Өлгий өлкесінің дамыс кеңесі» төрағасы Нұрбекпен өткізілген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Сізді көптеген рухани, спорттық мәдени іс-шаралардың басы-қасынан көреміз.Аймағымыз жастарына барынша қолдау көрсетіп жатасыз. Енді өзіңіз туралы айта кетсеңіз. Қайда туып-өстіңіз?
- Мен Тұлба сұмынының тумасымын. Сонда туып, сонда өстім. Балалық шағым Тұлба көлінің жағасында өтті. Қозы жайып, лақ қуып сонда өстім. Ел қазақстанға қоныс аударға тұста, біздің әкеміз ішкері аймақтарға қоныс аударғанды. Жоғарғы оқу орнын Улаанбаатар қаласынан бітірдім. Сонда қызмет атқарып тұрып жатырмыз. «Туған жерге туың тік» демекші туған жерімізге тамшыдай болса да үлесімізді қоссақ деген мақсатпен қазақ, урианхай, тува, дөрвөд жастары бірігіп «Өлгий өлкесінің дамыс кеңесі»-ін құрып жұмыстап жатырмыз. Мұндағы мақсатымыз – аймағымыздағы жастарды қолдау, білім және спорт саласын дамыту.
- Тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы болып тағайындалыпсыз. Жалпы тоғызқұмалақтың маңызына тоқталсаңыз.
- Бұл ойын көшпелі, киіз туырлықты елдердің, соның ішінде халқымыздың ұлттық, ақыл-ойды дамытатын спорты. Бұл спорт түрін тек аймағымызда ғана емес ішкері аймақтардағы қазақ балаларына, халха жұртына таныту менің басты мақсатым болып отыр. Қазір бұл ойын Азия халықтарының көптеген елдерінде насиқатталып, үйретілуде. Тек тоғызқұмалақ ғана емес қазақ халқының біршама этно спортын монгол ағайындарға танытуды мақсат етіп отырмыз. Осы тұрғыда Ром ағамен бірігіп жұмыстамақпыз.
- Сіздің спорт саласындағы бауырларымызға қолдау көрсетіп жүретініңізді жақсы білеміз. Негізінен аймағымызда қай спорт саласының даму мүмкіндігі жоғары деп ойлайсыз?
- Қай спорт та дайындықты, мүмкіндікті, шыдамдылықты қажет етеді. Бір сөзбен айтқанда ең әуелі мықты, шыдамды спортшы болу керек. Екіншіде оның жаттығу залынан бастап, ас-суына дейін бабы тарыған болу керек. Үшіншіде оған мүмкіндіктер жасалған болу керек. Осы тұрғыда біз жүдо, ұлттық күрес, бокс қатарлы спорт түрінен бірнеше спортшыларға жаттығуына мүмкіндіктер жасап, қолымыздан келгенінше көмектесудеміз. Алда Түркия қаласында бокстан үлкен сайыс өтеді. Осыған да біздің спортшыларымыз барып қатысады.
- Білім саласы туралы қандай ойдасыз? Оқу сапасын қалай ілгерлетуге болады?
- Білім саласы дегенде аймағымыздағы білім саласының төмендеуі – ең алдымен тілге келіп тіреледі. Яғни монгол тілін қазақ баласының жақсы меңгермеуінде үлкен мәселе жатыр. Дегенмен монгол тілін үйретеміз деп бас-көз жоқ, арнайы оқу бағдарлама жоқ шаба беруге де болмайды. Бала ең алдымен өз ана тілін жеттік игеріп барып, басқа тілді жақсы меңгереді деп ойлаймын. Сол себепті де ана тілімізді жақсы үйретіп барып, арнайы әдістемелер, баланың қызығушылығын тартатын оқу-құралдары арқылы монгол тілін үйрету қажет. Мәселен ағылшын тілінің оқу құралдары қандай? Сондай қызықты. Біз де осындай дәрежеге жетуіміз қажет. Біз жуықта аймақ орталығына «Өлгий өлкесінің дамыс кеңесі»-нің филалын ашпақпыз. Сол орталыққа жастар, оқушылар келіп шет тілдерін үйренететін мүмкіндіктер жасамақпыз.
- Аймағымыздағы оқушылар монгол тілін жақсы меңгермеген болса, керісінше Улаанбаатар қаласы мен ішкері аймақтарда қазақ тілін ұмытып, доминант халыққа сіңіп бара жатқан жай бар. Осыған не айтар едіңіз?
- Әрине. Бұл өкінішті жағдай. Әр адам тілін ұмытса, шыққан тегін ұмытады. Қазақта тегін білмеген адамды «тексіз» деп атайтын болған. Бұған біз алаңдауымыз керек. Әрбір қазақ, әрбіз аз ұлт алаңдауы қажет. Сол себепті де біздің орталықта қазақтың салт-дәстүрін, тілін үйрететін бөлім бар. Осы мақсатта әйгілі ақын Байыт Қабанұлы ағамыз Монгол елінің атақты ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған еді. Осы құнды туындыны баспадан бастыруға ат салыстық. Ендігі межеміз – Улаанбаатар қаласындағы жастарды жас өспірімдерді кітапқа баулу. Домбыра, тоғызқұмалақ т.б үйірмелерін ашу.
- Қазіргі таңда оқу бітірген жастар көп. Олардың бәріне үкіметтік жұмыс табыла бермейді. Бірақ олардың барлығы да тіршілік еткісі келеді. Қандай бизнес жасаған дұрыс.
- Қазір Баян-Өлгий аймағы үшін туризм саласы аса маңызды. Іштен және сырттан көптеген саяхатшылар келеді. Енді жастар осы салаға бейімделу керек. Әсіресе тәржімашылардың айлық-жалақысы жоғары. Сондықтан шет тілін еркін меңгеру керек. Біз шетел тілінің курсын ашуды да қолға алдық. Қазір кімдер жұмыссыз деген сұрақ туындағанда әрине ең алдымен үйде бала қарап отыратын әйел адамдарды атауға болады. «Екі қолға бір күрек» демекші ерлер қыста жұмыссыз болса да, жаз мезгілінде құрлысқа тағы басқа салаға жұмыстайды. Ал, әйел адамдар үйде отырады. Өзін дамытатын мүмкіндік жоқ. Алла бұйыртса әйел адамдарға арналған әртүрлі мамандық оқытулар, әртүрлі әсемдік курстары мысалы қалай боянудан бастап, тағам әзірлеу, іс тігу қатарлы мамандықтар бойынша жұмыс жасамақпыз.