Қазақстандағы деректану ғылымының қалыптасуы мен дамуына профессор Қ.М. Атабаевтың қосқан үлесі
Тарихымыздың іргетасы болып саналатын деректану ғылымының Қазақстанда дамуына өзіндік үлес қосып, қазақтың ұлттық тарихының болашағы туралы ойлаған ғалым – Қамбар Махамбетұлы Атабаевтың өмірден озғанына міне, бірнеше жыл болды. Көзі тірі болса, осы жылы ғалым 75 толған мерейлі тойын салтанатты түрде атап өтер еді. Ғалымның хаты, жақсының аты өшпейді деген қазақтың сөзі Қамбар Махамбетұлына арналғандай. Ол Ұлттық тарихымыздың қайнар көзі деректерді танып-білмей, оларды сыни тұрғыда талдамай шикі түрінде пайдалану тарихты бұрмалауға алып келеді деп жиі айтатын. Деректану ғылымының теориялық-методологиялық негіздерін жетік меңгеріп, Франция, Германия, Австрия, Испания, Ресей мен Украинадағы бұл ғылымның даму бағыттарын зерделей келіп, Қазақстандағы деректану мектебінің қалыптасып, даму ерекшеліктерін зерттеп, негізгі әдістемесін қалыптастырды. Сонау ежелден бүгінге дейінгі әр бір тарихи кезеңдегі пайда болған деректің өзіне тән ерекшелігіне сай пайдалану әдістемесінің формуласын жасап, нақты қолдану жолдарын көрсетті. Деректанудың заңдылықтарын, әдістері мен принциптерін, ішкі және сыртқы сын, деректерді классификациялау, шынайылық деңгейін анықтау мәселесінің бүге-шүгесін келешек кәсіпқой тарихшы мамандарға үйретіп, шәкірттер дайындады. Әсіресе, деректанулық терминдер мен ұғымдардың қазақ тілінде қалыптасуына аса мән беріп, қазақ тіліне аударылған ғылыми терминдердің мән-мағынасын жан-жақты ашып берді. Әр түрлі кезеңдерде пайда болған деректерді: фольклор, жылнама, ежелгі дәуір әдебиеті, Орхон-Енисей жазбалары, мерзімді басылымдар, заманхат, саяси қуғын-сүргін құжаттарын, заң актілерін және т.б. дерек ретіндегі маңызын, құндылығы мен түпнұсқалығын, зерттеу жолдарын және тиімді пайдалану методтарын жүйелі түрде көрсеткен болатын.
Шлецер, Шлеймахер, Нибур, Фон Ранке, Бернгейм, Ланглуа, Сеньобос, Карамзин, Татищев және т.б. тарихшылардың еңбектеріндегі деректерге қатысты айтылған ойларын, жасаған ғылыми тұжырымдарын ой елегінен өткізіп, Қазақстанда деректанудың пайда болуын, қалыптасып, дамуын салыстыра талдап, жан-жақты ашып көрсетті. Қазақстанда деректану ғылымының бастауларын сонау Ш.Ш.Уәлиханов, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Е.Бекмаханов, О.Сүлейменов және т.б. ғалымдар мен зиялы қауым мүшелерінің, жазушылардың еңбектерінен тауып, олардың көзқарастарында, зерттеу әдістерінде деректанудың негізгі әдіс-тәсілдерін көрсете білді.
Қ. Атабаевтың «Деректану негіздері», «Қазақстан тарихының деректанулық негіздері», «Деректану», «Деректану пәнін оқыту методикасы», «Ұлт және тарих», «Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1918 жж)» және т.б. еңбектері мен екі жүзден аса ғылыми-теориялық және түйінді мәселелерге арналған мақалаларының келешек тарихшылар үшін құндылығы жоғары екендігінде дау жоқ. Әсіресе, Алаш зиялы қауым өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын, баспасөздің қалыптасуына қосқан үлесін зерделеп, бүркеншік аттардың кімге тиесілі екендігін деректанулық талдау негізінде анықтап берді.
Профессор Қ.Атабаевтың басшылығымен 1998 жылы 1 қыркүйегінен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында Қазақстанда тұңғыш рет «Деректану және тарихнама» кафедрасы жұмыс істей бастады. Бұл кафедрада Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ғылыми жобалар іске асырылып, халықаралық және республикалық конференциялар өткізілді. Кафедрадан бакалавр, магистрлер мен аспиранттар, докторлар зерттеулерін сәтті қорғап, түлеп ұшты. Республикалық Ұлттық деректану орталығын ашу үшін де деректанушы ғалымның аз жүгірмегенін бәріміз білеміз. Қамбар Махамбетұлы Мемлекеттік хатшы мен парламентке хат жолдап, мемлекеттік деңгейде тарихтың негізгі мәселелерін шешуге қомақты үлес қосты.
Жыл сайын өзі бастап берген дәстүрлі «Тарихымызды деректану арқылы таниық» атты жоғарғы оқу орындары студенттері арасында республикалық зияткерлік сайыс өтіп тұрады. Сайыстың өткiзудегi негiзгi мақсат – жоғарғы курс студенттерi мен магистранттары арасында деректану ғылымын насихаттау және жастардың тарих ғылымына деген қызығушылығын арттыру болып табылатын.
Сайысқа республиканың жоғарғы оқу орындарының, атап айтсақ; Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, «Тұран» университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранттары мен студенттері қатысады. Іріктеу турына Алматы қаласының барлық ЖОО студенттері келуге тырысады. Қ.Атабаевтің басшылығымен ұйымдастырылған бұл сайыс екі турдан тұрды. Бірінші турда деректану пәні бойынша тест тапсырды, одан iрiктелгенi келесі кезеңге жолдама алады. Екінші турда деректану ғылымының қолданбалы бағыттары бойынша мәселелер көтеріліп, қатысушылар өз ойларын білдірді, презентация жасап, қойылған сұрақтар арқылы бiлiмiн сынға салған студенттер мен магистранттар өздерiнiң деңгейiн байқатады. Жеңімпаз студенттерге Қамбар Атабаев атындағы шәкірт ақы беріледі. Ақшалай сыйлықтармен қоса екiншi және үшiншi дәрежелi диплом, жеңімпаздар мен сайысқа қатысушыларға мақтау қағаздары, сертификаттармен бірге естелік сыйлықтар тапсырылады.
Бүгінде бұл сайысты жүйелі өтуіне Қамбар ағамыздың әріптестері мен шәкірттері үлес қосып, дәстүрді жалғап, ғалымның деректану ғылымына қосқан үлесін көрсетуге бағытталған жұмыстарды қолға алуда.
2022 жылдың 25 тамызы күні Қамбар Махамбетұлы Атабаевтың 75 жылға толуына орай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің ұйғаруымен, дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының ұйымдастыруымен Қ.М. Атабаевтың 75 жылдығы халықаралық деңгейде аталып, осыған орай конференция өткізілді. Конференцияға ғалымның әріптестері, шәкірттері қатысып, ғылымдағы Қ.М.Атабаевтың орнын, деректану саласындағы еңбектерін, идеялық жаңашылдығын жан-жақты көрсетіп, ғылымдағы сүбелі үлесін көрсетті.
Деректану ғылымының Қазақстанда қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосып, осы бағытта көптеген еңбектер жазып, шәкірттерін баптаған Қамбар ағамыздың жаны жәннатта, иманды болсын. Ғалымның артынан қалдырған өшпес мұрасы, ғылым саласындағы еңбектері әлі талай тарихшы ғалымдардың қалыптасуына, ғалым ретінде толысуына өз үлесін қосады деп сенеміз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тарих факультеті
Тасилова Н.А.,Байдаулетова М.Д.
ЖОО-дейінгі білім беру факультетіаға оқытушысы Ибрагимова М.Н.