Ел дамысының діңгегі – құрылыс саласының дамуы
Ел өркені, дамысы – құрылыс саласымен тығыз байланысты. Аймақ орнап, қала салына бастаған тұстарда тұрғылықты жердің халқы, жұмысшы қызметкерлері білек сыбана батпақ илеп, сұмынның, аймақтың, қаланың өркеніне өз үлестерін қосқан. Ал, кейіннен құрлыс трестісі орнап, шетелдерден мамандар кеп, заманауи көп қабатты ғимараттар бой көтере бастаса, демократиялық қозғалыстан кейін жеке азаматтардың бастамасымен бәсекелес құрлыс компаниялары еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда аймағымыз көлемінде арнайы лицензиясы бар 20-дан астам құрылыс компаниялары қызмет атқаруда. Құрылыс компанияларының қазіргі жағдайы, атқарып жатқан жұмыстары, алатын тендері, жұмыс күші, т.б мәселелер төңірегінде аймақтық құрлысшылар одағының төрағасы, «Монстрой-Эра» компаниясының директоры Ғажайып Рахметұлымен өткізілген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Аймағымызда қанша құрылыс компаниясы іс-қызмет жүргізуде?
- Аймағымызда 20-дан астам арнайы лицензиясы бар компания тұрақты іс-қызмет жүргізуде.Аталмыш құрылыс компанияларында 1000-да азамат іс-қызмет атқарады. Қазіргі жағдаймен осының 600-і аймағымызда, қалғандары басқа жерлерде, Улаанбаатар қаласында құрылыс компанияларында жұмыстап жүр.
- Құрылыс компаниялары туралы айтсақ көп жағдайда бастаған жұмыстарын бітірмейді, тендерге таласып уақыт алады. Сол аралықта мемлекеттік бюджетке шоғырланып тұрған ақша қайтарылады деген сияқты әңгімелер айтылады. Бұған қандай жауап айтасыз?
- Бұл енді екі жақты мәселе. Салынып жатқан құрылыстың біту, бітпеуі – ең бірінші қаржыға келіп тіреледі. Мысалы, біздің компания «Балалар сарайын» жауаптанын алғанымен оның қаржысын үкімет бірнеше жылға бөліп қойды. Біз биылғы жылы бөлінген қаржысына яғни 500 млн төгрөгке сиыстырып салып қойып, тоқтап тұрмыз. Ал, құрылысшыларымыз Улаанбаатар қаласына барып жұмыстап жатыр.
Бірақ тендер дауы тағы басқа мәселе. Бәсеке болғандықтан құрылыс компанияларының ішінде шыдамы жоқ компаниялар болады. Қандай бір жағдаймен тендерді ұтып алып уақытын кешіктіру, басқа компанияларға мүмкіндік бермеу, немесе тендер алған шыдамды компанияны сотқа беріп сарпалдаңға түсіру, тіпті кей жағдайда «ақша берсеңдер арызымызды аламыз» деген жеке бас мүддесін ойлайтын ақымақтық та жоқ емес.
- Енді осы салынып жатқан құрылыстардың сапасы жайында не айтар едіңіз?
- Сапасын жаман дей алмаймын. Жаңадан салынып жатқан құрылыстардың көбі – тұрғын үйлер. Егер сапасы сын көтермейтін тұрғын үй болса, онда тұтынушылар бас тартады. Сұраныс болмайды деген сөз. Кейбір мемлекеттік қаржыға салынған нысандар бар. Оларды маманды компания экспертиза жасап, бекітіп, маманды компания салып, мемлекеттік комиссия өткеріп алады.
- «Жаман айтпай жақсы жоқ» дейміз. Жалпы биылғы жылы әлемде әртүрлі апаттар орын алып жатыр. Соның бірі Түркия, Сирия елдерінде болған зілзала. Осы жер сілкінісі апатынан көптеген ғимараттар құлағанын көрдік. Енді құдай сақтасын, дегенмен бізде сондай 9 балдық жер сілкіністері орын алса, соған шыдайтын құрылыстар бар ма?
- Алла одан сақтасын. Бірақ мен аймағымызда салынып жатқан қай ғимарат болсын дәл ондай жағдайға түспейді деп сеніммен айта аламын. Қазақта сөз бар ғой. «Дәтің берік екен» деп. Түркияда зілзала орын алған кезде мен сол жақта болдым. Құлаған ғимараттарды өз көзіммен көрдім. «Бұл құрылыстарды салған адамдар, архитектор, инженерлердің дәті неткен берік, неткен ақымақтық» демеске лажымыз жоқ.
- Архитектура саласында «Қала дағдарысы» деген ұғым бар. Біздің аймақта осындай жағдайлар орын алуы мүмкін бе?
- Қала дағдарысы дегенді инфрақұрылымдардың жетіспеушілігі, адамдардың дұрыс, емін-еркін өмір сүруіне нұқсан келтіру деп түсінген жөн. Мен кезінде маманды адам ретінде, осы қаланың тұрғыны ретінде аймақ әкімдеріне өз ойымды айтқанмын. Яғни жаңадан салынған (ол кезде сурет жобасы енді жасалынып жатқан) «9 қабатты даяшылық орнын қала шетіне шығарайық. Жалпы ендігі салынатын құрылыстарды қала шетіне шығару арқылы, қала орталығына серпіліс берейік. Егер мемлекеттік даяшылық көрсететін ірі ұйым-мекемелер шетке шыға бастаса, ол жерлерде жаңа сауда орындары, әртүрлі сервистік даяшылықтар ашылып, қала қанат жая өркендейді» деген пікірімді білдіргенмін. Алайда қолында билігі бар азаматтар өздері кесіп-пішкені белгілі. Қазіргі таңда бүкіл даяшылық аймақ орталығына шоғырланғандықтан орталық жолдарда кептелістер пайда болды. Автотұрақтар жеткіліксіз. Тізгіншілер кез-келген жерге көлігін қойып кетіп қалады. Тіпті жол қозғалысына дұрыс қатыспайтын азаматтар көп. Осының барлығы да қала дағдарысының белгілері.
- Құрылысшылардың әлеуметтік жағыдайы туралы не айтасыз? Айлық-жалақысы жеткілікті ме? Қауіпсіздіктері қаншалықты қамтамасыз етілген?
- Арнайы лицензиясы бар компанияларда бұл жағдайлар толығымен ретке келтірілген. Дегенмен жұмыс беруші компания, жұмысқа қабылданып жатқан құрылысшы екі жақты шартқа отыру қажет. Бұдан тыс кейбір азаматтар жекеменшік жерлерде үстеме жұмыстар атқарады. Қалыпты жұмыс уақыты 8 сағат болса, олар 16 сағат жұмыстайды. Қазір жас болуға болады. Алайда, физикалық денеге күш түсіру арқылы сол адам денсаулығына орасан зор нұқсан келтіріп жатыр деген сөз. Сондықтан құрылыс саласындағы әр азамат өз денсаулығы мен бас амандығына өзі көңіл бөлуі қажет. Мысалы қорғаныс киімдерін де өздері талап етуі керек. Өзінің заңда көрсетілген құқығы мен міндеттері аясында еңбек етуі қажет деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет! Ісіңіз ілгері болсын!