Өз кәсібінің шебері – Арнұр Мельсқызы
Дүниеде қанша адам бар болса, сонша тағдыр бар. Қаншама адам болса да әр қайсы қайталанбас жеке дара тұлға. Олардың түрлері де басқаша. Мысалы бір отырыста мың адам отырса солардың барлығының түрі, бойы, дене бітімі әрқалай. Бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Олардың ойлары, өмір жолдары да әрқилы. Сол сияқты адамдардың өмір сүру қағидасы, кәсібі, тіршілік көзі де әртүрлі. Қоғамда кейбірі орнын тапса, кейбірі немен айналысамын деп бас қатырады. Осындай жаһанданған, бәсекелестік көп ортада өзінің қоғамдағы орнын айшықтап, жақсы тіршілік етіп отырған жандар көп. Соның ішінде өзінің адал еңбегімен отбасын асырап отыру – үлкен жетістік. Солардың бірі – Мельсқызы Арнұр. Ол аймағымыз орталығындағы «Панда» шаштаразының қожайыны. Осы кәсіппен айналысқанына 10 жылдан астам уақыт болған. Енді назарларыңызға Арнұр ханыммен өткізілген сұхбатты ұсынамыз.
- Осы кәсіппен қай кезден бастап айналыстыңыз?
- Мен әуелі өзімді таныстыра кетейін. Мен 10 жылдықты Алтанцөгц сұмынынан бітірдім. Әкем полиция қызметкері болды. Негізінен мамандығым – азық-түлік технологы. Улаанбаатар қаласындағы Ауыл шаруашылық университетін тәмамдағамын. Мамандығым бойынша 6 ай жұмыстадым. Негізінен шаш қию, бет әрлеу деген сияқты істерге жаным жақын болды. Студент жүрген кездерде қыздардың шашын бояп, қиып, сәндеп, бетін әрлеп деген сияқты даяшылықтарды тегін жасап жүрдім. Кейіннен өз салонымды ашуға бел байладым. Алғаш саунаның бір шағын бөлмесін жалға алып жұмысымды бастаған едім.
- Мысалы бір кәсіпті меңгеру үшін адам үйрену керек, тәжірибе жинақтау керек. Сіз арнайы курс оқыдыңыз ба?
- Әрине. Улаанбаатар қаласынан 6 айлық шаштараз курсын оқып, сол жердегі ең мықты деген мастердің қол астында жұмыстап, біраз тәжірибе жинақтадым. Кейіннен әртүрлі оқытуларға қатыстым. Адам үздіксіз дамып отыру қажет.
- Шаш қию деген де оңай шаруа емес екені белгілі. Шаршайсыз ба? Немесе басқа жұмыс жасайын деп ойлайсыз ба?
- Керісінше. Менің ең сүйікті ісім – шаш қию. Шаш қиған кезде, уақытқа және басқа да кейбір проблемаларды, үйдің тірлігін ұмытамын деуге болады.
- Орын жайыңыз өзіңіздікі ме? Көп адамдар орын-жайларын жалға алып, даяшылық жасайды ғой қазір.
- Бұл жер менің үйімнің бір бөлмесі. Менің 4 балам бар. Жолдасым төтенше жағдайлар қызметінде. Кез келген әйел адамда бала қарау керек, немесе жұмыс жасау керек деген екі таңдау тұрады. Бізде де осындай таңдау болғаны жасырын емес. Біраз уақыт ата-әжелері қарады. Енді әр адамның өз тірлігі бар дегендей. Сондықтан да балаларға қарай жүріп жұмыс жасау қажет деп ойладым да, осы үйді сатып алдық. Қазір де жас балам бар. Үлкендері мектеп, балабақшада. Соларға қарайлай жүріп, жұмысымды жасай беремін.
- Қандай бір кәсіп – тіршілік көзі. Сіздің кәсібіңіз қаншалықты пайдалы. Яғни өмір тіршілігіңізге жете ме?
- Дұрыс айтасыз. Осы төрт баланы бағып-қағып, үй-жай алып, біреудің алдында, біреудің артында жан сақтап келе жатқанымыз осы кәсібімнің арқасы деп білемін. Енді салон ашық тұрса, әр күні ақшам табамын деген сөз. Аллаға шүкір деймін.
- Адам жақсы көрген ісімен айналысса жетістікке жетеді деп жатады. Сіз жеттім деп ойлайсыз ба?
- «Жеттім», «Болдым, толдым» деу күпіршілік болар. Жеткенімізден жетпегеніміз көп. Алайда «Тұрмыс қажетін өтеу орнының» 90 жылдық мерейтойы қарсаңында аймақтық барлық шаштараздардың арасындағы сайыста екінші орын иелендім. 2021 жылы Азық-түлік, ауылшаруашылық, жеңіл өнеркәсіп министрінің мақтау громатасымен сыйландым.
- Алдағы арманыңыз, мақсатыңыз қандай?
- Армандар көп. Ең әуелі үлкен салон ашсам, бірнеше адамды жұмысты болдырсам деп ойлаймын. Бірақ шаш қиюды тоқтатпаймын деген ойдамын.
- Сұхбатыңызға рахмет! Ісіңізге береке тілейміз!