“АЛАТАУ” ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІ
Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің халық аспаптары оркестрі 1975 жылы академик, осы Университеттің ректоры Өмірбек Жолдасбеков ағамыздың тікелей ұсынысы бойынша құрылды. Оркестрге Университеттің барлық факультеттерінің https://www.farabi.university/ студенттері шақырылып, таңдалынып алынды.
Сонымен қатар, Ө.Жолдасбековтың бастауымен Университеттің барлық факультеттерінде ұлт аспаптық оркестрлері құрыла бастады. Оркестрге арнайы ұлттық киімдер тігілді, ұлттық аспаптар сатып алынды. Университеттің ғимаратынан оркестрге арнайы бөлме жабдықталып, қатысушы студенттерге жағдай жасалынды. Оркестр мушелерінің қатары 50 адамнан асты, Университеттің талантты оқытушылары (А.Жиенбаев, Г.Есбергенова, Құнапия Алпысбаев т.б.) оркестрмен өз өнерлерін көрсетті.
Оркестрдің дайындығын ұйымдастыру, аспаптармен қамтамасыз ету, оркестр мүшелеріне жағдай жасау, сол кездегі Университеттің ректоры Ө.А.Жолдасбековтің, проректор С.Н.Савицкийдің,студенттік профком төрағасы Конаваленко А.басқаруымен болды.
Оркестрдің бас дирижері ретінде Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Консерваторияның доценті, дарынды музыкант Батыр Абдықалықовты, жетекші ретінде Жанас Бекентұровты шақырды, ал студент жастарды оркестрге тарту жағына Университеттің физикафакультетінің студенті, дарынды домбырашы, өнерпаз Айтқазы Шарықбаевты жауапты етіп сайлады. Университеттің әр жиналысы ұлт аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасымен өтетін болды. Тез арада оркестр студент қауым мен оқытушылардың үлкенқошаметіне бөлене бастады.
1976 жылы Университеттің қазақ ұлт аспаптары оркестрі Шымкент қаласында өткен Бүкілодақтық көркемөнерпаздары фестивалінің лауреаты атағын жеңіп алды. Бұл Университеттің ұлт аспаптары оркестрінің ең алғашқы творчестволық жеңісі еді.
Университеттің ректоры Өмірбек Арсланұлы Жолдасбеков ағамыз оркестр ұжымын жинап өзінің ақыл кеңесін беріп, ризашылығымен рақметін жеткізді. Сонымен қатар оркестрге қатысушыларды жазғы каникул кезінде ақысыз профилакторияда демалуына, студент жастардың стипендияларын үзбей алып тұруын қамтамасыз етті, ал белсенділерге қосымша қаржылық көмектер тағайындады.
1977 жылы 7 қазанда Қазақ мемлекеттік Университетінің ұлт аспаптары оркестрі Мәскеу қаласында КСРО – ның жаңа Конституциясын қабылдау кезінде, Кремльдің съездер сарайында Бүкілодақтық көркемөнерпаздары фестивалінің лауреаттарының қатысуымен өткен концерт беру құрметіне және съезд депутаттарының алдында қошаметке ие болды.
Бұл Мемлекеттік концертке Мәдениет саласының көрнекті қоғам қайраткері ӨзбекәліЖәнібеков ағамыз бастап апарып, оркестрге Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков, Батыр Абдықалықов, Рысбай Ғабдиев ағаларымыз дирижерлік етті. Сол кездегі КСРО-ның Білім және Оқу министрі Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Ө.А.Жолдасбековке арнайы алғыс хат жолдады.
Концерт соңында Қазақстан Компартиясының 1-ші секретары Дінмұхамет Қонаев оркестр ұжымына рақметін айтып, шығармашылық табыс тіледі. Мәскеуден оралғаннан кейін ректор Ө.А.Жолдасбеков оркестр ұжымын қабылдап, шынайы тілегін білдірді. Студенттермен әр кездесуінде Өмірбекағаоркестр мүшелерінің оқу барысын, әлеуметтік,хәл-жағдайларын сұрап тұратын.
1978 жылы Университеттің ұлт аспаптар оркестрі ҚСРО-ның Мәдениет Министрлігі жанынан құрылған арнайы мемлекеттік комиссияның шешімімен «Халық аспаптары оркестрі» атағын қорғап шықты. Бұл жетістік оқу орындарының қара шаңырағы – Қазақтың мемлекеттік Университетінің абыройын асқақтата түсті, ал өнерге, білімге, ғылымға талпынған студент жастарға жасаған қамқорлығыүшін Университеттің ректоры Ө.А.Жолдасбековтың мәртебесін арттыра түсті. Осылайша студент жастар оқумен қалаған мамандықтарын игерумен қатар өнерге де бет бұрды. Университет қабырғасында ұйымдастырылған сан алуан үйірмелерге қатысып, таланттарын шыңдады.
Бұл «Халық аспаптары оркестрі» атағын Қазақ мемлекеттік университеті 1990 жылға дейін, яғни 12 жыл бойы сақтады. 1980 жылдан бастап оркестрге Жамағат Темірғалиев ағамыз жетекшілік етті. Жыл сайын факультет, жоғары оқу орындары арасында сайыстар, «Студенттік көктем» фестивальдері ұйымдастырылып тұрды. Қазақ Университетінің халық аспаптар оркестрі В.И.Ленин атындағы Республикалық Сарайда Үкіметтік концерттерде Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрімен, атақты әншілеріміз Бибігүл Толегенова, Роза Бағланова, Алібек Дінішев, Нұрғали Нүсіпжановпен бірігіп өнер көрсетті.
Қазақ Университетінің халық аспаптар оркестрінің репертуарында Чайковский, Моцарт, Глинка, Штраус, Брамс, Құрманғазы, Дина, Түркеш, А.Жұбанов, Даулеткерей, Тастанов, Қазанғап, Тәттімбет, Сүгір, С.Мұхаметжанов, Н.Тілендиевтың т.б. күйшілердің шығармаларымен қатар, классикалық және халық әндері болды.
1979 жылы Қазақ Университетінің халық аспаптары оркестрі ҚСРО-ның Мәдениет Министрлігі мен Кәсіподақ Комитетінің жоспарлауымен Венгрия Халық Республикасында, 1980 жылы Тәжікстан астанасы Душанбе, Күляб қалаларында, Нүрек ГЭС-і жұмысшыларының алдында өз өнерлерін көрсетті, ал 1982 жылы КСРО-ның Әлеуметтік Қамтамасыз ету Министрі Д.Е.Абдрахимованың жетекшілігімен Болгария Халық Республикасына, 1985 жылы Қазан қаласында өткен фестивальдің лауераты атанып, үлкен жетістіктерге жетті. Осылайша оркестр Кеңес заманында Қазақ Университетінің ректоры Өмірбек Арсланұлы Жолдасбековтың қамқорлығының арқасында қазақ халқының өнерін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін КСРО-ның одақтас республикаларынан басқа, Батыс Еуропа халықтарына жеткізуіне өз үлестерін қосты.
Қазақ Университетінің халық аспаптары оркестрін сол кездегі алғашқы ұйымдастырушылары қазірде еліміздің түпкір-түпкірінде әр салада еңбек етуде. Айта кетсек, Ж.Бекентұров – Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Академиялық халық аспаптары оркестрінің дирижеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ж.Темірғалиев – ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, А.Шарықбаев – ҚР Білім Министрлігінде бөлім бастығы қызметінде болып қазір құрметті демалыста, Қ.Мұсаев, Ж.Жұбатов, Қ.Арынов, А.Белеков, С.Жетпісбаев, М.Рамазанова,С.Бекмолдин,А.Сарсенбинов,Д.Тастанов, Р.Жалмұрзина, А.Бегалиева, Г.Сапарханова, А.Нүсипова – ғылым жолында, А.Алдияров – сот, Абіш – прокурор, Б.Ташенов-жеке кәсіпкерлер, ал оркестрдің алғашқы мүшелері өз мамандықтарымен қызмет атқарып,бүгінгі таңда құрметті демалысқа шықты-зейнеткер,оркестрдің біраз мүшелері бұл дүниеден өтті.
Мемлекетіміздің белгілі қайраткері, академик Ө.Жолдасбековтың 80 – жыл толуына орай, Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өткен іс – шара кезінде Университеттің халық аспаптары оркестрінің алғашқы мүшелері жиналып, ардақты ұстаз ағамызды еске алу құрметіне оның сүйіп тыңдайтын күйлерін орындау біздің той шашуымыз болды
Ендігі алға қойған мақсатымыз Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 90-жылдық мерей тойында “Алатау” оркестрінің алғащқы мүшелерінің ұйымдастыруымен концерттік бағдарламаны ұсынсақ деген ойымыз бар. Оркестрдің ұйымдастырылуына мұрындық болатын ҚазҰУ-дің аға оқытушысы,оркестрдің тұрақты жүргізушісі Айша Карыпжанқызы Бегалиеваға жүктеп отырмыз. Университетіміздің мерейлі жасы құтты болсын!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰлттықУниверситетінің Халық аспаптары оркестрінің
алғашқы мүшелерінің атынан
Бегалиева А.К.,Рахимов Б.