Шешеннің тілі, шебердің қолы ортақ
Экономистер шағын және орта өндірісті дамыту – еліміз халқын жұмысты, кірісті болдырудың бірден бір жолы деп көреді. Дайын тауар тұтыну, екі көршіден импорттау көп жылдар бойы жалғасып келе жатқан үрдіс. Тіпті біздің ата-бабамыз қой бағып жүргенде, Қытай жібек өндіріп, оны Еуропаға дейін эксопорттап сататын болған. «Керуен», «Жібек жолы» деген сөздер осыдан қалса керек. Ал, қазіргі таңда заман дамыды, не істейміз десек те технологиясы дайын. Тек еңбек ету қажет. Шағын және орта өндірістердің маңызы өте зор. Ол көптеген адамды жұмысты болдырумен бірге, халыққа қол жетімді, өз қалағаны бойынша тапсырыс беруге қолайлы. Соның ішінде қолөнердің мәні зор. Халқымыз ежелден қолөнерді біріншіге қойған. Қыз балаларға кішкентайынан іс тігуді үйретсе, ұл балаларға қайыстан ат әбзелдерін жасауды, ағаштан түрлі заттар істеуді үйрете бастаған. Осыдан 30 жыл бұрын әр үйде кесте тіге алмайтын қыз, айыл өре алмайтын ұл болмаған. Ал, қазір керісінше, қыз-келіншектеріміздің қолынан іс келмейді. Алайда, қоғамда жаңа үйленген жастардың жасауына деген сұраныс әлі азайған жоқ. Аймағымыз көлемінде қолынан іс келетін шебер адамдар кәсіп жасап, отбасы, бала-шағасын асырап отыр. Хабарымыздың кәсібім-несібем айдарынан оң қолынан өнер тамған шебер – Бүркітханқызы Еркегүлді таныстырмақпыз. Ол Өлгий сұмыны 10-бақта өмір жолдасы, балаларымен бірге өмір сүреді. Еркегүл қазір өз үйінде тігін тігумен, жаңа үйленген жастарға арналған жасаулар жасаумен айналысады. Мамандығы да – тігіншілік. Осы салада оқып, кәсіптің қыр-сырын меңгерген Еркегүл көп жылдар бойы халыққа даяшылық көрсетіп келеді. «Әйел бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді» демей ме дана халқымыз. «Шешеннің тілі ортақ, шебердің қолы ортақ» демекші өзінің сүйікті ісін, кәсібі болдыра білген Еркегүл ханымды әңгімеге тартып, жасаған істерін көріп көзайым болдық.
Бұл кісінің бір айлық табысы жаз айларында 3 млннан, ал, қыс айларында 1,5 миллион төгрөгті құрайды. Жұмыссыздық, кедейлікті біз көбінде үкіметке, я болмаса қоғамға жабамыз. Дегенмен еңбекке қабілеті бар, өзінің бейім саласын дамытқан адамдарға ешқашан кедейлік те, жоқшылық та жоқ. Олардың бос уақыты жоқ болғанымен қарны тоқ, көйлегі көк. Ешкімнен ештеңе сұрамайды. Дегенмен осындай қолөнері бар азаматтар бірігіп селбестік, серіктестік құрып, бірге әрекет етуіне де болады. Арықарай тіпті компания құруға да мүмкіншіліктері бар. Өйткені шағын және орта өндірістің ішінде жұмысы алға басқан ірі кәсіпорындарды еліміз тарапынан қолдауда. Аймағымызда біршама шағын және орта өндірістер бар. Өткен жылы 30дай шаруашылық бірлігіне 1млрд төгрөгтің қаржысы бөлінген.
Аймағымыздағы ұлттық қолөнер деген өз алдына үлкен бір сала. Ендеше осыған да аймағымыз тарапынан қолдаулар, бағдарламалар қажет ақ. Қаншама қыз келіншектерді жұмысты, кірісті болдыратын мүмкіндіктер қарастырылуы күн тәртібіндегі мәселе.