Қабкейқызы Бақытнұр – аймақтық таңдаулы ұстаз атанды
Кәсіптің атасы – ұстаздық. Әр қандай кәсіпті игеру үшін, білім алу үшін ұстаз қажет. Ұстазсыз – өнер тұл болса, шәкіртсіз ұстаз тұл. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші ұстазы ұлағатты болса, шәкірті дана болады. Бұл жолғы «Кәсібім-Несібем» айдарының келесі қонағы аймағымыздағы 2023 жылдың үздігі – елімізге еңбек сіңірген ұстаз Байылқан Ниязұлы атындағы жалпы білім беретін 5-мектептің 3-сынып жетекшісі Қабкейқызы Бақытнұр.
Қымбатты оқырмандар енді назарларыңызға аймақтық таңдаулы бастауыш сынып ұстазы Бақытнұр Қабкейқызымен өткізілген сұхбатты ұсынамыз.
- Сыйлығыңыз құтты болсын! Үлкен сыйлыққа ие болып жатыр екенсіз. Лебізіңізбен бөлісе кетсек.
- Ұстазсыз шәкірт тұл дейді. Менің негізгі жетістіктерім – шәкірттерім. Олардың қандай болғаны – менің еңбегімнің жемісі. Еңбектің бағаланғаны әрине жақсы. Мені қолдаған мектеп ұжымы, ата-аналар, аймақ әкімдеріне айтар алғысым шексіз.
- Нешінші жылда жұмыстап жатырсыз? Жалпы өзіңіз туралы тоқтала кетсеңіз.
- Мен 1976 жылы дүниеге келгенмін. Жолдасым және үш баламмен бірге өмір сүремін. 1998 жылы аймақтық мұғалімдер коллежін, 2013 жылы Архангай аймағынан педагогикалық университетін тәмамдағам. Білім саласында 25 жылда жұмыстап келемін. 5 рет бастауыш сынып жетектедім. Әр жолы 1-сынып алғанда сыныбымда 40-45 оқушы болады. Қазіргі таңда 5-толық орта мектебінде 3-сынып жетекішісімін.
- 40-45 оқушыны қалай оқытасыз? Нақтырақ айтқанда қандай әдістеме қолданасыз?
- Менің басты ұстанымым – 1-сыныпта сауатын ашу, есеп шығартып үйрету. Қырық оқушымен жұмыстау аса күрделі. Кейбір мұғалімдер үздіктермен ғана жұмыстайды. Ал, менің негізгі ұстанымым – барлық баланың деңгейін теңестіру. Қалып қалған баланы үздіктердің қатарына көтеру. Әр бала әртүрлі. Біреуі тез қабылдайды, келесі біреу жай қабылдайды. Біреуі математикаға жақсы болса, біреуі суретті жақсы салады деген сияқты әр бала мен үшін қайталанбас жеке дара тұлға. Сондықтан да мен сабақтан тыс уақытты да тиімді пайдалануға тырысамын. 1-сыныптан сауаты жақсы ашылған балаға екінші сыныпта монгол тілінің негізі қалануы керек. Таблицасын жақсы жаттату, математиканың 4 амалын жетік меңгерту қажет. Ал, 3-сыныпта бала мектепке толық үйреніседі. Қазір біз «Eduten» бағдарламасымен жұмыстап жатырмыз. 4,5-сыныптарда мемлекеттік емтиқанға дайындыққа кірісеміз. Тағы бір ескере кететін жайт – менің әдістемемде балаларды ынталандырып, азғана жетістігі болса да мақтап отырамын. «Жақсы сөз жарым ырыс» демекші ылғи жақсы сөздер естіп отырған баланың сабаққа ынтасы артады. Сондай-ақ менің тағы бір принципім – берілген үй тапсырмасын қайткен күнде тексеру. Егер үй тапсырманы тексермесек баланың үйге берілген тапсырманы орындауға деген құлқы азаяды. Баламен контакт жасау, баланы тыңдау, түсіну, ойын дұрыс жеткізуіне көмектесу басты міндетіміз деп ойлаймын.
- Жетістіктеріңізге тоқтала кетсеңіз.
- Өзін-өзі мақтаған ыңғайсыз болар. Дегенмен де өзімнің атқарған іс-қызметтеріме, жұмысыма деген махаббаты айта кетейін. Мен осы уақытқа дейін әртүрлі олимпиадаларға балаларды қатыстырдым. Олар алдыңғы қатардан көрініп келеді. Соңғы жылдары “Бастауыш сыныптың оқушыларын жарыстырмаймыз” деген шешім бойынша тек мектеп ішілік ғана жарыстар жүрілуде. Осы жарыстарға да сыныбымның оқушылары белсенді қатысып, алдыңғы қатардан көрінуде. Интеграциялау, ойын арқылы үйрету қатарлы әдістемелерді қолдана отырып 2006 және 2012 жылдары мектептің үздік ұстазы болып сыналтылдым. Осылай жұмыстағанның нәтижесінде 4 рет сынып бойынша «Әліппе саңлағы» болдым. Жетектеген сынып бас сайын «Шарасыз жандардарға көмек» атты қор құрып, жетім және отбасы жағдайы төмен балаларға кітап-құралмен, қолда бар мүмкіндіктерге сай көмектесіп келдік. Өткен жылғы қортындымыз сыныптың орташасы 96 пайыз болды. Бұдан тыс шығармашылық жұмыстарға да көңіл бөлемін. Мәселен ковид індеті кезінде Ұлттық білім институтының ғылыми қызыметкері Зүлмира мұғалімнің жетекшілігімен игере алмаушылықты жою мақсатында 1-сыныптың «Ана тілі» пәнінің «Өзіндік жұмыс дәптерін» жазып, 4-сыныптың «Жаратылыстану» пәнінің өзіндік жұмыс дәптерін қазақ тіліне тәржімаладым. Сонымен қатар аймақтық білім басқармасынан ұйымдастырылған «Қазақ тіл» қоғамына мүшелікке ілесіп, қыр сұмындардағы мұғалімдермен де қоян-қолтық жұмыстаудамыз.
- Өнер және спортқа қаншалықты көңіл бөлесіз?
- Спорт пен өнер біліммен қатар жүру қажет деп есептеймін. Өзімде білім басқармасынан, аймағымыздан жүрілген спорттық шараларға белсене қатысамын. Жыл сайын ұстаздар арасында жүрілетін «Мұғалімдер спартакиядасына» қатысып келеміз. Өткен жылы волейболдан командамызбен қола медаль еншіледік. Ал, оқушыларыма келсем әр түрлі үйірмелерге баратын оқушылар көп. Ән музыка ұстазымен бірлесе отырып, ән би үйретіп, өлеңді мәнерлеп оқуға көп көңіл бөлемін. Бұдан «Ең үздік сабақ» жобасына, мұғалімдер алмасу жобасына та табысты қатыстым. Сынып бойынша аймағымыздан жүрілген «Ұлттық өнер – Асыл мұра» сайысына қатысып бірінші орын жеңіп алдық. Мектебіміздің өнер байқау сайыстарында сыныбымыз әрдайым бірінші орындардан көрінуде.
- Қандай марапаттар алдыңыз?
- 2008 жылы әдіскер ұстаз, 2014 жылы аға ұстаз мәртебесін алдым. Ал, 2015 жылы «Мұғалімдер даңқы», 2016 жылы жетекші ұстаз төсбелгісімен, 2017 жылы ААӨҚ-ның мақтау громатасымен, 2018 жылы аймақтық озат қызметкер төсбелгісімен 2019 жылы үкімет орнының «Білім саласының озат қызметкері» төсбелгісімен, 2020 жылы аймағымыздың құрметті азаматы төсбелгілерімен маратталсам, биыл міне жаңа жыл қарсаңында аймақтық саңылақ болдым. Осындай жетістіктерге жетуіме себепші болған әуелі Аллаға, жақын жандарыма, коллективіме, оқушыларыма қайтадан алғыс білдіремін.
- Уақыт шығарып, сұхбат бергеніңізге рахмет! Білімді шәкірттеріңіз көп болсын!