Қазақ тілін көптілді ортада оқытудың өзекті мәселелері
Мемлекеттік тілді білу, жетік меңгеру және нақты тілдік жағдаятта дұрыс қолдана алу – еліміздің әрбір саналы азаматының қасиетті парызы. Қазақстанда 140-тай ұлт өкілдері тұрады. Осы ұлт өкілдерінің бәрінің ана тілімен қатар мемлекеттік тілді жетік деңгейді меңгеруі міндетті. Осы міндет пен мақсатты жүзеге асыру үшін талай игі қадамдар, ізгі істер жасалып жатыр. Тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген табыстарға қол жеткіздік, экономикалық табыстармен қатар мәдениет пен өнер саласында да талай-талай биік белестерді бағындырдық. Тәуелсіздігіміз бен татулығымыздың. тұрақтылығымыздың кепілі парасатты билік пен көрегенді саясаттың арқасы айқын. Татулықтың тірегі – түсіністік, ал түсіністіктің тірегі – тіл бірлігі. Сондықтан да қазір еліміздегі лингвист мамандардың алдында үлкен жүк, міндет тұр. Отандық білім кеңістігінде көптілді ортада қазақ тілін екінші тіл немесе шетелдік азаматтарға екінші тіл ретінде оқытудың озық әдістемесін қалыптастыру.
Қазақ тілінің инновациялық әдістемесін қалыптастырудың өзектілігі – Еліміздегі тіл саясатына қатысты айтқан тұжырымды терең ойларын жүзеге асыру мақсатында, отандық білім беру сатысын әлемдік деңгейге көтеру болып табылады. Білім кеңістігінде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қатысты отандық білім реформасы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (толығырақ: https://faravi.university сайтында) даму стратегиясына сәйкес елімізде білім алып жатқан қазақстандық жастарды және шетелдік азаматтарды қалыптасқан салт-дәстүрімізді, тарихымызды, әдеп-ғұрпымызды, мәдениетімізді құрметтеуге баулу барысында жетекші рөл атқаратын, көпұлтты елімізді, біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыратын негізгі фактор – мемлекеттік тіліміздің өрісін кеңейту, қолданыс аясын, бәсекеге қабілетті дамыған елу елдің қатарына енуіне, әлемдік аренаға шығуына жол салатын білім мен ілімнің, ғылым мен техниканың тілі ретінде құзыреттілігін артуына байланысты қазақ тілін көптілді ортада оқытудың инновациялық әдістемесін мемлекеттік және жалпыадамзаттық мәдени кеңістікте ғылыми-теориялық тұрғыдан саралап, оқыту технологиясына қатысты лингвистикалық және инновациялық әдістемелік мәселелерді анықтайтындығында болып саналады. Қазақ тілін көптілді ортада деңгейлеп оқыту және қазақ тілінің грамматикасын дәрісханасы сұранысына қарай прагматикалық тұрғыдан оңтайлап ұсыну – бұл салада соны әдіс.. Қазақ тілінің грамматикасын тілді тұтынушы сұранысына сәйкес дәрісханаға оңтайлап ұсыну тәсілін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының пән оқытушылары шетелдік азаматтар үшін қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту барысында – сабақта ұтымды пайдаланып жүр. Қазақ тілі грамматикасын кешенді түрде оқыту әдістемесі ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінде білім алатын шетелдік қандас қазақ жастарын кешенді тестілеуге әзірлеу барысында тиімділігін айқын дәлелдеді. Факультетте білім алған талапкер жастар қазақ тілі пәнінен он ай ішінде – аз ғана мерзімде елімізде он бір жылы бойы оқыған отандық талапкерлерден кем емес деңгейде балл жинайды.
Қазақстан Республикасының білім беру нарығында бәсекеге қабілетті қазақ тілін көптілді ортада оқытудың отандық инновациялық жүйесін – тіл үйренуші ортаның сұранысына бейімдеп, қазақ тілі грамматикасын оңтайлап оқытатын бірегей әдістемесінің инновациялық технологиясының қалыптастыру керек. Әдістеменің жаңалығының артықшылығы және перспективасы: ұсынылып отырған әдістеменің өзектілігі мемлекеттік тілге деген сұраныстың жылдан-жылға артып келе жатқанына байланысты қазақ тілін көптілді ортада оқыту әдістемесінің инновациялық технологиясының отандық жүйесін – әлемдік және отандық білім беру жүйесіндегі озық модельдердің тиімді бағыттарын саралай отыра, қалыптастыруды ұсынады. Қазақ тілінің қоғамдық, мәдени, саяси, әлеуметтік маңызын – еліміздегі қарым-қатынастың негізгі құралы, мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін айқындауды көздейді. Ең бірінші, қазақ тілін сатылап оқытудың жаңа әдістемесін: іскери-ресми және кәсіби қазақ тілі ретінде, екінші тіл және шет тілі ретінде оқыту жүйесін әлемдік тіл үйрету бағдарламасына сәйкестендіріп, нөльдік деңгейден бастап оқыту үдерісін енгізуді және парадигматикалық тұрғыдан грамматиканы өзгетілді дәрісханаға бейімдеп оқыту жүйесін ұсынады. Қазақ тілінің қолданыс аясының кеңістік пен уақыт аясындағы даму жолдарын мен танымдық-тәрбиелік мәнін саралау, тілдегі ұлттық таным негіздері мен одан алатын тағылымының жүйелілігін лингвомәдениеттік негізде анықтаудың маңызы зор. Қазақ тілінің коммуникативтік функциясын, тілдік құзыретін жаңаша ғылыми негізде қарастырудың, лингвистикалық ерекшелігін танытудың, қазіргі заманның өркендеп даму жүйесі тұрғысынан жүйелі түрде зерделеудің маңызы мен мәні ерекше.
Қазіргі заман мен тұтынушының сұранысына сай қазақ тілін көптілді ортада оқыту әдістемесі жаңаша мазмұнды құрылымда қалыптастыруды қажет етеді. Мемлекеттік тілді оқытудың озық отандық әдіснамасын қалыптастыру мәселесіне қатысты баспасөз беттерінде, конференцияларда көптеген мақалалар, жарияланымдар жарық көрді. Алайда қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту жүйесінің инновациялық технологиясын қалыптастыру мәселесі толығымен шешілген жоқ. Әлемдік және отандық тіл оқыту әдістемесін сараптап, зерделеп, қазақ тілін көптілді ортада оқытудың жаңаша кешенді әдістемесін: парадигмалық тұрғыдан грамматиканы өзгетілді дәрісханаға оңтайлап оқытуды ұсыну керек. Өзгетілді дәрісханада жүргізілген зерттеулер мен тәжірибелер, практикалық сабақтар қазақ тілінің грамматикасын семантикалық-функциональдық жақтан көптілді ортаға бейімдеп оқытудың инновациялық әдістемесі қазақ тілін екінші тіл немесе шет тілі ретінде оқыту үдерісін жақсарта түсетінін көрсетті. Қазақ тілін өзгетілді дәрісханада грамматикасын бейімдеп оқыту инновациялық әдістемесі отандық оқу саласындағы бірегей де инновациялық әдістеме болып табылады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университеті
ЖОО-ға дейінгі дайындық
кафедрасының аға
оқытушылары Наралиева Р.Т.,
Бегалиева А:К.