Толеранттылық: шетелдік тыңдаушылардың әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде қазақстандық қоғамға бейімделу және мәдениетаралық қарым-қатынас мәселелері
Бүгінгі жаһандық коммуникациялар мен әлемдік қауымдастықтың интеграциясы кезеңінде мәдениетаралық қарым-қатынас мәселесі алдыңғы қатарға шығуда. Саясат, экономика, ғылым және мәдениет салаларында ұлтаралық байланыстар кеңеюде. Бұл білім беру үдерісінде айтарлықтай өзгерістерге алып келді. Жоғары оқу орындары оқытушыларының маңызды міндеті – өзара құрмет, достық және толеранттылық сияқты қасиеттерді қалыптастыру болып табылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктерге тіл және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы оқу және тәрбиелеу міндеттерін шешу аясында әртүрлі лингвомәдени қауымдастық өкілдерінің әлеуметтік-психологиялық бейімделуі бойынша бірқатар жұмыстар атқарады. Кафедраның жұмысы шетелдік студенттердің Қазақстан қоғамында тең құқықты серіктеске айналуына мүмкіндік береді.
Жаңа оқу жылының басында шетелдік студенттер қарым-қатынас элементтерімен танысып, басқа халықтың мәдени құндылықтар жүйесін игере бастайды, сыни тұрғыдан қабылдап, талдайды. Әлеуметтік стереотиптердің түп тамырын түсіну – өзге әлемді толерантты түрде қабылдау мен құрметтеуге жасалған маңызды қадам. Кейбір студенттер елді саяси тұрғыдан зерттей бастаса, басқалары қаланы, оның маңайын, яғни өлкелік ерекшеліктерін зерттейді. Ал тілдік кедергісі жоқ үшіншілері жергілікті халықпен, әсіресе, замандастарымен тікелей танысып, жаңа достары мен олардың отбасылары арқылы қоғамдағы мінез-құлық ережелерін меңгере отырып, жаңа тұрмыс және оқу жағдайларына бейімделеді.
Оқу жылының басынан кафедра оқытушылары шетелдік студенттердің оқу үдерісіне бейімделуіне ерекше назар аударады. Оқытушылар үшін шетелдік студенттердің қазақстандық қоғамға толерантты бейімделу мәселелері өте маңызды. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында кафедра толеранттылық, ынтымақтастық және серіктестік идеяларын насихаттайтын шараларды өткізуді жоспарлайды. Оқу жылының басында «Дос болайық» атты іс-шара өткізіліп, оған факультеттің көптеген студенттері қатысады. Шетелдік студенттер өз елдерін үш тілде таныстырып, қатысушыларды белгілі бір дәстүрлерімен және мәдениетімен таныстырады. Жылына екі рет «Қош келдіңіздер!», «Қош болыңыздар, жаңа кездескенше!» және «Достарымыздың тағамын татып көреміз» атты ірі факультеттік іс-шаралар өткізіледі. Бұл іс-шаралар толерантты дүниетанымның қалыптасуына тек шетелдік емес, университетте оқитын қазақстандық студенттердің де бойына сіңуіне ықпал етеді. Мұндай кештерде біз достық қарым-қатынастың, қонақжайлылықтың, бейресми қарым-қатынас кезіндегі қуаныштың, шынайы күлкі мен жақсы көңіл-күйдің шетелден келгендерге туған жерден алыста жүргенде көмектесетінін байқаймыз. Антуан де Сент-Экзюпери «жымию тіл, каста, партиялық айырмашылықтарға қарамастан біріктіреді» деп айтқан. Шетелдік студенттер Қазақстанда тапқан достарымен қоштасқанда қимастықпен қоштасады.
Шетелдік студенттердің бейімделуіне, өзара түсіністік пен достықтың қалыптасуына табиғатқа бірге бару, яғни көлдерге, тауларға шығу, театрлар мен концерттерге бару, спорт кешендеріне бірге қатысу ықпал етеді. Шетелдік студенттердің бейімделу және қазақстандық қоғаммен толерантты өзара әрекеттесу мәселелері тек сабақтарда ғана емес, жаңа білім беру ортасы, тілдік, бейресми қарым-қатынас, әлеуметтік-психологиялық кедергілерді жеңу, мегаполистің кеңістіктік ұйымдастырылуына (көлік, қозғалыс, жеке өмір қағидаларын ұстану) үйрену арқылы шешіледі.
Толеранттылықты түсіну біркелкі емес. Бұл халықтардың тарихи тәжірибесіне байланысты. Ағылшын тілінде толеранттылықты Оксфорд сөздігі бойынша «жеке адамды немесе затты қарсылықсыз қабылдауға дайындық және қабілеттілік» деп аударса, француз тілінде «өзгенің бостандығын, оның ойлау, мінез-құлық, саяси және діни көзқарастарын құрметтеу» деп түсіндіріледі. Қытай тілінде толерантты болу «басқаларды қабылдау, рұқсат ету, кеңпейілділік көрсету» деген мағынаны білдіреді. Араб тілінде толеранттылық – «кешірімшілдік, жұмсақтық, мейірімділік, төзімділік» болса, парсы тілінде «шыдамдылық, төзімділік, ымыраға келуге дайындық» ұғымын білдіреді.
Ынтымақтастық пен төзімділік адамзаттың дамуы барысында өмірлік қажеттілік болды. Толеранттылық – азаматтық қоғамның қалыпты қызмет етуінің факторы болып табылады. Қазіргі әлемде толеранттылық тәрбиелеу – білім беру саясатының басты мақсаттарының біріне айналды. 1995 жылы ЮНЕСКО толеранттылық қағидаттарының Декларациясын қабылдап, онда «мектептерде, университеттерде, үйде және жұмыста толеранттылық рухын нығайту және өзара ашықтық, бір-біріне назар аудару және ынтымақтастық қарым-қатынастарын қалыптастыру қажет» деп мәлімдеді. Декларацияда толеранттылық біздің әлеміміздегі мәдениеттердің бай алуандығын, өзін-өзі көрсетудің және адами даралықты танытудың түрлі формаларын құрметтеу, қабылдау және дұрыс түсіну ретінде анықталған.
Толеранттылық – өз құндылықтары мен мүдделері бар және қажет болған жағдайда оларды қорғай алатын, бірақ сонымен бірге басқа адамдардың көзқарастарына және құндылықтарына құрметпен қарайтын жетілген тұлғаның өмірлік ұстанымының маңызды компоненті. Толеранттылық рухында тәрбиелеу жастардың тәуелсіз ойлау, моральдық құндылықтарға негізделген сындарлы түсініктер мен пайымдар қалыптастыру дағдыларын дамытуға ықпал етуге бағытталуы тиіс.
Осылайша, шетелдік студенттерді оқыту жүйесіне толеранттылық идеяларын енгізу оқу және тәрбие бағдарламасын өзгерту, толеранттылық мәдениетін оқу пәндеріне интеграциялау арқылы мүмкін. Мәдени-тарихи дәстүрлерді зерттеу оқушылардың зияткерлік, адамгершілік, эмоционалды дамуына, мәдениеттердің сан алуандығы мен өзара ықпалын түсінуге, толеранттылық идеяларына тән құндылықтарды, көзқарастарды және мінез-құлық нормаларын игеруіне ықпал етеді.
А.С.Казмагамбетова,Б.М.Айтбаева
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасының оқытушылары