Жаппай ашық онлайн курстың қажеттілігі
Қазақстандағы университеттер ішінде OpenEdx ашық платформасында ЖАОК енгізуден әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті https://farabi.universityкөш бастап келеді. 2014-2015 оқу жылынан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің қашықтықтан білім беру орталығы оқытушылық-профессорлық құраммен бірлесе отырып ЖАОК құру жұмысын бастады және қазіргі уақытта http://open.kaznu.kz адресі бойынша Open edX жүйесінің негізінде жеке ЖАОК платформа жұмыс істеп тұр.
«ЖАОК» – жаппай ашық онлайн курс, бұл электрондық түрдегі ақпараттық мультимедиялық құрал болып табылады, оның құрамына келесі авторлық құқық-туындысы кіреді:
– әдеби туындылар (лекциялар, мәтіндік файлдар);
– аудио бейнелі туындылар (видео);
-графика туындылары, дизайн және басқа да бейнелеу өнерінің туындылары (суреттер, презентациялар, 2D-графика, 3D-графика және т. б.);
– фотографиялық туындылар.
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы М.Н. Ибрагимова 2017 жылы «Қазақстанды отарлау саясатында жүргізілген ережелер» атты тақырыбында ЖАОКжасап, бүгінгі күнге дейін Қазақстан тарихы пәнінен пайдаланып келеді. Бұл курс Қазақстанды отарлау саясатында жүргізілген ережелер тақырыбын тыңдаушыларға толық меңгеруге көмектеседі. Тірек-сызбалар мен кестелер арқылы тыңдаушыларды дербес дайындала алатындай етіп оқуға дайындауға; тыңдау, басқа адамның сөзін түсіну, естігенді жазу, жоспар құру, түсіну, талдау, берілген тақырып бойынша баяндама жасауға дағдыларын қалыптастыруға және дамытуға; карталармен және ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеуге дағдысын қалыптастыруға;Қазақстан тарихы мәселелері бойынша өз ойын айтуға, проблемалық мәселелерге айтылған ғалымдардың көзқарастарына пікір білдіруге, дәлелдеуге қабілетті болуға үйретеді.
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының оқытушылары былтыр да 2022 жылдың қаңтар айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Академиялық және Цифрлық инновациялар кеңсесі ұйымдастырған Жаппай ашық онлайн курстарының байқауына қатысып, барлық кезеңнен мүлтіксіз өтіп тегін онлайн курс түсіруге жолдама ұтып алған болатын. Курс «Ортағасырлардағы Қазақстан тарихын меңгерудің ұтымды тәсілдері» деп аталады. Міне бүгінде сол курсымыз тыңдаушыларға ұсынылып, сабақ барысында қолданысқа ие болды.Курста Отан тарихының маңызды кезеңдерінің бірі – орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы қарастырылады.Курстың мақсаты:Ортағасырлардағы Қазақстан аумағындағы тарихи үрдістің негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері туралы толық мағлұмат беру.Онлайн курстың ұзақтығы – 4 апта. 4 аптада 4 модуль қарастырылады. 1-модуль 3 дәрістен, 2-модуль 4 дәрістен, 3-модуль 5 дәрістен, 4-модуль 6 дәрістен тұрады. Әр дәрістің соңында тақырыпты қаншалықты меңгергендігін тексеруге арналған әр түрлі тесттер беріледі, тестті шешу арқылы тыңдаушы өз деңгейін анықтайды. Бір модульді толық аяқтаған соң білімін нақтылай түсу үшін қорытынды тест орындайды. Курс әсіресе шетел тыңдаушылары үшін өте ыңғайлы жасалған. Бейнедәрістерді қайта-қайта көріп, тыңдау арқылы тақырыптарды жақсы меңгере алады.Қорыта келсек, тарих пәнін түсіндіруде заманауи жаңа технологияларды қолдану – оқытушыға сабақты жоғары сапада өткізуге пайдалы және тыңдаушының түсінігіне орасан зор әсерін тигізіп, білім сапасын жоғары деңгейде көтереді. Сонымен қатар тыңдаушыларды оқуға ынталандыруға, олардың үлгерімі мен қызығушылығына ықпал етеді. Сондықтан да осындай түрлі әдістерді сабақта қолдану тыңдаушының тәрбиесіне де жақсы ықпал етеді деген ойдамыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
оқытушылары Ибрагимова М.Н., Әділханова Ж.С.