МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 140 ЖЫЛ
Гүлнар Бестібайқызы Қозғамбаева
(Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы
кафедрасының профессоры, т.ғ.к)
«Алыстан Алаш десе аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ –
Мен неге, қазақтықтан сақтанамын?!» деп жырлаған Міржақып Дулатұлы ұлттық тарихымызды өскелең ұрпаққа насихаттау, бүгінгідей тәуелсіз мемлекеттігіміздің негізін қалау жолында күрес жүргізген Алаш көсемдерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, ағартушы. Міржақып Дулатовтың ел үшін жасаған қызметі, ұлттық идеяға адалдығы, асыл азаматтық іс-әрекеттері мен рухани еңбектері ел есінен ұмытылмайды. Міржақып Дулатұлы – халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған, ұлттың рухани жаңғыруына жол ашқан ұлы тұлға.Міржақып Дулатұлы бүгінгі Тәуелсіз Қазақ Елі идеясын алғашқылардың бірі болып көтерген ұлт қайраткерлерінің алдыңғы қатарындағы тұлғалардың бірегейі болды. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақты оятқан Міржақып Дулатұлының 1909 жылы жарық көрген «Оян қазақ» шығармасы бүгінгі таңда да зор маңызға ие. Қазақ халқын дүр сілкіндіре ояту үшін осындай үлкен серпіліс жасау сол кездің бұлтартпас қажеттілігінен туған. Оның саяси көзқарасы, дүниетанымы жариялаған мақалаларынан оқырманға сезіледі. Міржақып Дулатов халықты оқу, өнер үйрену арқылы оянуға, мұсылманшылық арқылы имандылыққа шақырды. Ол өзінің шығармашылық еңбектері арқылы халықтың тарихи зердесіне барлау жасап, оның ұлттық сана-сезімін ояту, жігерін қайрау жолында аянбай еңбек етті. Міржақып Дулатұлы қоғамда да, әдебиетте де халқының тәуелсіздігін бірінші кезекке қойды. Өз шығармаларында туған елін оятуға ұмтылды, сол себепті де М.Дулатовтың есімі мен әдеби мұрасы туралы Кеңес өкіметі тұсында айтуға да, жазуға да тыйым салынды. Тек Қазақстан өз тәуелсіздігін алған тұста ғана Міржақып халқына қайтьш оралды. Eciмі де, шығармашылық мұрасы да толық ақталды.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Сатыбалдиева Жаннат Әбенқызы – Міржақып Дулатовтың тікелей ұрпағы. Ол Міржақып атасы туралы: «…Ол өзі еңбек еткен қай салада болмасын халқына мәнді, мағыналы қызмет ете білді. Бұл оның туған халқының дүниетанымы мен рухани мәдениетін терең танып, халқын бар болмысымен сүйе білгенін дәлелдейді. Міржақып атамның ұлтжанды қайраткерлік қызметін шынайы, объективті бағалау – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жеткіншектерін патриотизмге, ұлттық рухта тәрбиелеу үшін аса қажет. Оның «Оян, қазақ!» жыр ұраны ХХ ғасыр басындағы ұлттық сана-сезімді оятуға зор серпіліс берді» дейді және М.Дулатовтың отбасы, оның мүшелері туралы, өзінің анасы Гүлнар Міржақыпқызы туралы айтты.«Міржақып атам ұзақ азапты күндерден кейін 1935 жылы өмірден өткен, оның жары Ғайнижамал да көп ұзамай қайтыс болған, артында Гүлнәр атты қызы – менің анам қалды. Анам Гүлнәр Дулатова ХХІ ғасырдың бас кезіндегі Алаш тарихы мен қазақ өмірін бейнелеген тамаша «Шындық шырағы», «Алаштың сөнбес оттары» атты естелік кітаптар жазып қалдырды. Анам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш зиялыларының кітаптары, суреттер, хаттар мен құжаттар, жеке заттары және тағы басқадай көптеген экспонаттарды Алматы, Семей, Астана, Арқалық, Торғайдағы музейлеріне тапсырды. Алаш қозғалысының қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы туралы деректерді алғаш жариялаушы. Анам Міржақып атамның «Оян қазақ!» кітабын, екі томдық шығармалар жинағын, бестомдық шығармалар жинағын құрастырушылардың бірі» деп айтты.
Кеңестік идеологиялық аппарат Алаш қайраткерлерінің бірегейі М.Дулатов пен оның «Алаш» ұранды замандастарының идеясын өшіруге көп күш салды, бірақ оны өшіре алған жоқ. Алаш ақыны Мағжан Жұмабаевтың айтқанындай, «…біз оның жалын болып жанатынынына сенеміз!» деп болашаққа сеніммен қараған Алаш зиялыларының үміті бүгінгі күнде ақталғаны туралы тұжырымды ойлар айтып, М. Дулатұлының еңбектері, сол қоғамдағы атқарған сан-салалы қызметтері өскелең ұрпаққа үлгі. Тәуелсіздігіміздің тізгінін ұстайтын болашақ жастарымыз М.Дулатұлының шығармаларын оқи отырып, өздерінің таным-түйсігін қалыптасырады, болашаққа деген сенімін нығайта түседі.
Патшалы Ресей империясы тұсында қазақ жерінің ауқымды бөлігін қосып алған уақытты – «қазақ» пен жалдамалы «казактар» орысшада бірдей «казак» деп жазылып, айтылатындықтан парықтау қиынға соғады. Соған орай қазақтарды «киргиз-кайсак», «киргиз» деп бұрмалап атау ресми құжаттарға еніп кетеді. Оны алғашқыларының бірі 1822 жылы Сібір губернаторы М.Сперанскийдің ұсынысымен жасалып, Александр І қабылдаған орыс тілінде «Устав о сибирских киргизах» деген атаумен қабылданып, кейін 1838 жылы «Положение об отдельном управлении сибирскими киргизами» деп өзгертілген қазақ даласын басқару жайлы құжат болатын. Алайда ресми құжаттардың бәрінде кездескен осы теріс атауға ұлт зиялылары өз қарсылықтарын білдірді. Осындай қарсылық білдірген алғашқылардың бірі Міржақып Дулатов болды. Ол «Түрік баласы» деген бүркеншік атпен 1913 жылы «Қазақ» газетінің бірінші нөмірінде «Қазақтың тарихы» атты мақаласын жариялайды. Дулатов өз мақаласында: «Қияметке шейін қазаққазақ болып жасамақ» деп айтып қазақ халқы қырғыз нәсілінен емес екенін және барлық мекемеде «киргиз» деген атаудың орнына «қазақ» деп жазуды ұсынған.
Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» атты өлеңдер жинағында, ақынның бостандық, азаттық, теңдік тақырыптарын оқу, өнер, білім, өркениет мәселелерімен байланысты қозғады.
«Көзінді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деген өлең жолдары арқылы жастарды отаншылдыққа шақыруы, ақынның күрескерлік, азаматтық тұлғасы анық танылғандығына баға береді. Қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтар – «Есеп құралы» мен «Қирағат» кітабының авторы ретінде ол ұлттың тарихын, тілін, әдебиеті және тұлғалар туралы артына қалдырған зерттеулері құнды. Міржақып Дулатұлы отарлық үстемдікке қарсы күрескен Алаш көсемдерінің бірі ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, математиканы, тілді, әдебиетті, тарихты, көсемсөзді осыдан бір ғасыр бұрын қалыптастырған ғалым.Өмірден өтсе де Міржақып Дулатовтың рухқа толы жалынды жырлары ел есінде мәңгі жаңғыра бермек!
Міржақып Дулатұлының идеялық мұрасы саяси санасы толыққан, тәуелсіздік идеясын ту еткен бүгінгі ұрпаққа аманат, атқарған ерен істері өнегелі өсиет болып табылады.