Алматы технологиялық университетінде Наурыз мерекесі айрықша сән-салтанатпен аталып өтті
Алматы технологиялық университеті (https://atu.edu.kz/) – еліміздегі техникалық және технологиялық білім беру саласында өзіндік орны бар, білікті мамандар даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет қабырғасында тағам өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, инженерия, сервис және басқа да сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярланып, білім мен ғылым ұштасқан заманауи орта қалыптасқан. Сонымен қатар, оқу ордасы тек кәсіби білім берумен шектелмей, студенттердің ұлттық құндылықтарға негізделген рухани-мәдени дамуына да ерекше мән береді.
Осы игі дәстүрдің жарқын көрінісі ретінде университетте ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде, ерекше мазмұнда ұйымдастырылды. Алматы технологиялық университеті-нің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, DBA Балхыбекова Көркем Сатылханқызының жетекшілігімен өткен мерекелік іс-шара жоғары ұйымдастырушылық деңгейде жүзеге асырылды. Көктемнің келуін, табиғаттың жаңаруын, татулық пен берекені білдіретін бұл мереке оқу ордасының ауласын думанға бөлеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік іс-шара университет деңгейінде өткізіліп, барлық факультеттер мен кафедралар белсенділік танытты. Университет аумағында ұлттық нақышта безендірілген «ауылдар» бой көтеріп, әрбірі қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрін өзінше таныстырды. Қонақтар мен студенттер киіз үйлерді аралап, ұлттық тағамдардан дәм татып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Аталған мерекеде ерекше көзге түскендердің бірі – Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының «Достық» ауылы болды. Кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Рысбеков Қадыр Қойшыбекұлының жетекшілігімен ұйымдастырылған бұл ауыл мазмұндық тұрғыдан бай, ұлттық нақышы айқын, тәрбиелік мәні жоғары алаң ретінде көпшілік назарын аударды.
Бұл ауыл атауының өзі ынтымақ пен бірліктің символын айшықтай отырып, мазмұндық жағынан да терең мағынамен ерекшеленді. Кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Рысбеков Қадыр Қойшыбекұлы бастаған ұжым ұлттық киім киіп, қазақы болмысты айқын көрсететін тағылымды көріністер ұсынды. Ұстаздар ұлттық ойындарды жаңғыртып, домбыраның қоңыр үнімен әсем әндер шырқап, жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Бұл көрініс тек мерекелік көңіл-күй ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық рухтың жандануын бейнеледі. Сонымен қатар, мереке аясында ұйымдастырылған концерттік бағдарлама да көрермендердің ықыласына бөленді. Сахна төрінде студенттер өз өнерлерін паш етіп, ұлттық билер мен заманауи композицияларды үйлестіре отырып, әсерлі қойылымдар көрсетті. Ән мен күй, би мен көрініс үйлесім тапқан бұл бағдарлама Наурыздың рухани мазмұнын тереңдете түсті.
Іс-шараға университет әкімшілігі қатысып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Құттықтау сөздерінде Наурыз мейрамының қоғамдағы маңызы, оның бірлік пен татулықты нығайтатын, ізгілік пен жаңарудың бастауы екендігі ерекше атап өтілді. Сондай-ақ жастарға ұлттық құндылықтарды қадірлеу, дәстүрді сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу міндеті жүктелетіні айтылды. Жалпы, Алматы технологиялық университетінде өткен Наурыз мерекесі – тек мәдени іс-шара ғана емес, ұлттық рухты асқақтататын, студенттер мен ұстаздарды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретін тағылымды мереке болды. Бұл күн университет өмірінде жарқын естелік ретінде сақталып, қатысушыларға ерекше әсер мен шабыт сыйлады.
ӘГП кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самал Сағнайқызы
ӘГП кафедрасының ассистент профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Кұралай Жұмабаева