Құқықтық сауаттылықты арттырудағы университеттің рөлі: АТУ үлгісі
Алматы қаласындағы беделді жоғары оқу орындарының бірі – Алматы технологиялық университеті (https://atu.edu.kz/) білім мен ғылымды ұштастыра отырып, заманауи талаптарға сай білікті мамандар даярлаумен қатар, студенттердің азаматтық және құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Университет құрылымындағы Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы – тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал ететін, қоғамдық-гуманитарлық білімді тереңдетуге бағытталған жетекші академиялық орта болып табылады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың жалғасы ретінде 16 сәуір күні 1–3 курс студенттеріне арналған «Халық Конституциясын» түсіндіру және жаңа Конституцияның негізгі ережелерін талқылауға арналған танымдық дәріс ұйымдастырылды.
Университеттің тәрбие жұмысы бөлімі мен ӘГП кафедрасының ұйымдастыруымен өткен бұл кездесу мазмұны терең, тағылымы мол, жоғары деңгейде өтті. АТУ-дың академиялық және тәрбиелік ортасының үйлесімділігі тағы бір мәрте көрініс тапты. Кездесу барысында жаңа Конституция Ел дамуының сапалы жаңа кезеңін айқындайтын стратегиялық құжат ретінде жан-жақты талқыланды. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, Ата Заңның мазмұны мен маңызын терең түсіндіру, сондай-ақ жастардың ел болашағына жауапкершілікпен қарау көзқарасын қалыптастыру болды.
Іс-шараға жоғары деңгейлі спикерлер қатысты. Атап айтқанда, заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті зерттеуші профессоры, Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 наурыздағы Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған Ибраева Алуа Саламатқызы мазмұнды баяндама жасады. Сонымен қатар, АТУ-дың Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ассистент профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Жұмабаева Кұралай Жұмабаевна өз тәжірибесімен бөлісті. Модератор ретінде PhD доктор, кафедра ассистент профессоры Адибаева Алина Куанышбекқызы кәсіби деңгейде пікірталасты жүргізді. Кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, офлайн және онлайн форматта сұрақтар қойып, сарапшылардан жан-жақты жауап алды. Іс-шараға 500-ге жуық студент қатысты, бұл АТУ студенттер қауымының құқықтық және қоғамдық мәселелерге деген қызығушылығының жоғары деңгейде екенін айқын көрсетеді. Бұл – АТУ студенттерінің зияткерлік әлеуеті мен қоғамдық үдерістерге деген қызығушылығының айқын дәлелі.
Алматы технологиялық университеті – сапалы білім мен ұлттық құндылықтарды үйлестірген, бәсекеге қабілетті, құқықтық сауатты жастарды тәрбиелейтін жетекші білім ордаларының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ел болашағы – білімді, саналы, бірлігі бекем ұрпақтың қолында. Жаңа Конституция – осы жолдағы берік негіз!
ӘГП кафедрасының ассистент профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Кұралай Жұмабаева
ӘГП кафедрасының ассистент профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Алина Адибаева