Ногооннуур сұмын әкімі Құрметханұлы Есболатпен өткізілген сұхбат
Ногооннуур сұмын әкімі Құрметханұлы Есболатпен өткізілген сұхбат
- Небәрі отыздан енді ассаңыз да бір сұмынды бастап отырсыз. Әкім болудағы мақсатыңыз қандай?
- Рахмет! Қазақта сөз бар ғой «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деген. Біз жас емеспіз. Елдің ертеңі мен бүгінін ойлайтын жасқа әлдеқашан жеттік деп ойлаймын. Менің мақсатым – туып-өскен жерім үшін өз үлесімді қосу. Мені сайлаған, үміт артқан халыққа алғысым шексіз. Біз жұмыс алғалы 1 жыл болды. Біздің сұмын алғаш Ақкөл сұмынынан бөлініп шықпай тұрған кезде, 1935жылы машиналы ат коселка атарбамен шөп жинау отряды деп құрылып, адамдар шоғырлана бастаған. 1948 жылы бастауыш мектеп, ауруханасы салынған. Қазір 11 бақ, бір қалашықпен іс-қызметімізді жүргізудеміз. Сұмынның ерекшелігіне тоқталсақ тау-кен саласының өндірістері жұмыстайды, 22 тау кен зерттеу жұмыстары жүрілуде. Сонымен қатар аймағымыздағы сұраныстағы шөптің 80 пайызын қанымдайды. Сұмынымызды дамыту үшін тау кен саласы мен ауыл шаруашылығын қолдау қажет. Бұл екі саланың берешегі мол деуге болады. Мен жұмыс алған тұста індеттен сақтану жұмысы тұрған еді. Аймақ әкімінің нұсқауымен, үкімімен жұмыстадық. 157 үкім шығардық. Індетке байланысты айтқанда вакцинаға халық жақсы қамтылды. Сұмындық денсаулық орталығын арнайы дайындадық. Біздің сұмыннан 200-ден астам ауырды. Бірақ Аллаға тәуба адам шығыны болған жоқ. Вакцинаның 3-дозасын халықтың 50 пайызы егілді. Аптекалар 24 сағат жұмыстайды. Әсіресе індеттің көп таралған жаз кезінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысы табысы ұйымдастырылды. Мамандар да жеткілікті. Алайда кейбір бақтың кіші дәрігерлерін тағайындау ісі әлі шешімін таппай жатыр. Мәселен Бахлаг бағы дейміз 1-бақ дәрігери бөлімшесіне әлі кіші дәрігер табылмай жатыр. Сондай-ақ, 10,11,12 деген үш бақ жаңадан орнаған. Осыған да талапқа сай келетін кіші дәрігерлер жұмысқа аламыз.
- Аймағымыздың білім саласы төмен деңгейде деп ел бойынша дабыл қағуда. Ногооннуур сұмынында оқу сапасы қандай?
- Сұмынымызда бір толық орта, үш бастауыш мектебі қызмет атқарады. Осы мектептердің оқу сапасының деңгейі мемлекет көлемінде орташа деңгейде деп көріледі. Жаңа оқу жылында аталмыш мектеп директорларымен кездесіп, шарт жасағанбыз. Білім сапасы, отырған ортасы жақсармаса, жатақхананың ас-тағамы деген сияқты білім саласына байланысты жұмыстары қанағатсыз болса, жыл аяғында қортындылап, баға беріп, қанағатсыз болған мектептің директорларын алмастырамыз дегенді қатаң ескерткенбіз. Мектепке дейінгі білім беру саласына келсек сұмын орталығындағы балабақшадан тысқары Ховд гол және Қызылтас бақтарында бөлімшелері бар. Кей балабақшаның бюжеттік мәселесі, энергетика, жылу қатарлы коммуналдық қызметтерге қарызы болған. Аймақ әкімі Бауыржан Дәлелұлына осы мәселелерді таныстырудың нәтижесінде толықтай шешімін тапты. 2022 жылдың бюжетінде балабақшаның барлық шығындары толықтай кірді. Сонымен қатар, БҒМинистрлігіне, МҰҚ мүшелеріне, сұмынымыздан сайланған МҰҚ депудаттарына мәселе қоюдың нәтижесінде бақ орталықтарынадағы екі балабақшаға құрал-жабдық, жаңа ойыншықтар, сыртқы қашасы деген сияқты мәселер шешімін табуда. Мәселен 2-балабақшаға 16 млн төгрөгтің асхана құрал жабдықтары табыс етілді. Бұдан тыс сұмынымызға «Қызыл крестілер» үкіметтік емес ұйымының бөлімшесі орнаған. Осы ұйымның қаржыландыруымен 2-балабақшаға 19 млнның құрал-жабдықтары шешілді. Ал, 1-балабақшаға күрделі жөндеу жасау қажет болатын. Осы бойынша министрлікке, аймақ басшыларына мәселе қойғанбыз. Ал, сұмын дамыту қорынан 10 млн төгрөгті ремонтқа деп бөліп отырмыз.
- Мәдениет саласында қандай шаруа атқарылуда?
- Індетке байланысты екі жылдай мәдениет орталығына адам жинап қандай бір жалпыхалықтың іс-қызмет жүрілмей келген болатын. Сондай-ақ Мәдениет министрлігі жеке құрылып, басқармасы аймақ орталықтарына орнай бастағандықтан мәдениет саласының жұмысшы-қызметкерлері тікелей аймақтық мәдениет басқармасына қарасты деген сөз. Дегенмен осында жұмыстайтын азаматтардың штаттан қысқартылмауын, айлық жалақысы туралы аймақтық мәдениет басқармасының бастығы Бекжан мырзаға айтып таныстырдық. Ол кісі де қолдап жұмыстайтынын айтып отыр. Жылу жүйесі жаңартылған. Қызмет жүргізуге қолайлы деп көруге болады.
- Ал, СӘІБасқармасына қандай шаруалар атқарылды?
- СӘІБасқармасы халықтың ең көп қатынайтын жері. Сондықтан да күрделі ремонт жасап, жұмысшы қызметкерлердің үстел орындығынан бастап жаңаланды. Бұрын сұмын халқы бір анықтамалық алу үшін аймаққа баратын. Енді арнайы маман жұмыстап, 150 түрлі анықтамалықты шығарып беріп халыққа даяшылық көрсетуде.
- Бюжет бөлінісін қалай реттедіңіздер?
- Биыл өз кірісіңді өзің табасың деген міндет жүктетілген. Әрі салыққа 36 млн төгрөгтің жоспары қойылған. Жергілікті жер даму қорының бюджеті өткен жылы 244 млн төгрөг, болса, биыл 249 млн төгрөг бөлініп отыр. Енді осы қаражатқа не істейміз? деген сауал төңірегінде азаматтары арасында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде әр саладан 38 түрлі мәселені пікір ретінде келтірген. Біз осының ішінен өзектілерін саралап бюджетті тиімді жұмсайтын жоспар құрдық. Осы бойынша жұмсалады деген сөз. Сондай-ақ сұмынымызда бастауыш мектебінің құрылысы ескіргендіктен, мемлекеттік бюжеттен 160 балалық жаңа мектеп, 853 млн төгрөгке Бахлаг, Чихтэй бағындағы мектептің жатақханасы салынатын болды. Өткен жылғы жасампаз істерден спорт кешенінің кем бюжеті толықтырылады, Ховд гол, Қызылтастағы бес төсектік аурухана бөлімшелерінің қаржылары, Ақкөл қалашығында жүз балалық балабақша, Қызыл үй кеден өткелегінде 50 балалық балабақшалардың қаржылары кем болатын. Осы қаржылар да 2022 жылы толығымен шешілетін болды. Жалпы алғанда мемлекеттік бюжет қорынан қомақты қаржы шештіріп шыдадық деп айта аламыз. Сонымен қатар Ногооннуур сұмынынан сайланған аймақтық депудаттар Асылбек, Нұрбек, Нұркадардың ат салысуымен жарықтандыр мәселесін, бастауыш мектептердің асхана құрал-жабдықтары, көрпе-жастық қатарлы біршама мәселелерді шештіріп шыдадық деуге болады. Әрі қарай МҰҚ, аймақтық депудаттар, басшылармен қоян-қолтық жұмыстаймыз.
- Ауылшарушылықты дамыту үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?
- Ауылшаруашылық дегенде мал және егін шаруашылығын сұмынымызда қатар дамытатын мүмкіндік бар. Бұл екі сала жақсы дамыса жұмыссыздық та азаяды. Біздің сұмынымызда көптеген азаматтар егін шаруашылығымен айланысатын болғандықтан аймақ әкімі Бауыржан мырза аймақтық бюжеттен 9 түрлі іс-қызмет атқаратын трактор шешіп берген. Біз аймақ басшыларына суландыру жүйесін жаңарту, мол шөп жинау, егін шаруашылығын жақсарту бағытында мәселелер қойып отырмыз. Сондай-ақ, малдандыру жобасы бойынша да бірнеше азаматқа мал берілді. Азық-түлік, ауылшаруашылық басқармаларымен бірігіп, малды сапаландыру ісін де қолға алатын боламыз. Сұмын азаматтарының отбасылық кірісін арттыру үшін әртүрлі шағын және орта өндірістер ашу, шағын фермалар ашып, мал өнімдерін нарыққа шығару қатарлы жұмыстар алдағы уақыттарда қолға алынатын болады.
- Халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі жайында не айтасыз?
- Халықтың жағдайы жақсы. Дегенмен індет салдарынан әртүрлі жағдайларға байланысты зат-тауардың, жанар, жағармайдың бағасы қосылғаны оңайға соғып жатқан жоқ. Көмірдің де бағасы қымбат. Дегенмен халық өз жандарын өздері сақтап жатыр. Сұмынымыздағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен нәзік топтағы жанұялардың тізімін, зерттеуін қайта қарап жатырмыз. Мемлекеттен берілетін жәрдемақыларын алып тұр.
- Жұмыссыздық мәселесі бар ма сіздерде?
- Бұл ел көлеміндегі мәселе. Әрине бар. Жұмыссыз азаматтардың барлығын жұмысты болдыру қолымыздан келмейді. Біз тұрмақ мемлекеттің шамасы келмей отыр. Сондықтан әр азамат егін егу, шағын кооперативтер құру, шағын және орта бизнеспен айналысу күн тәртібіндегі мәселе. Қазір аймақтық АТАШ және Еңбек, қамқорлық даяшылық басқармаларынан түрлі жобаларға қолдау көрсетілуде. Әсіресе өнім шығаратын азаматтарға қолдау жақсы көрсетіледі. Сұмын дамыту қорынан шағын және орта өндірістерді қолдауға біз де әзірміз. Сондықтан азаматтар ізденіп, талпыну керек деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңыз жемісті болсын!