Дарқан мінезді Дәуіржан Дәрігер
Арнасында алқынып жан бұлағы,
Сағыныштың толқыны жанды ұрады
Тауларына Алтайдың көзін қадап,
Кісінейді көңілдің арғымағы…. деп ақын ағамыз Қуанған Жұмақанұлы айтқандай сағына еске алатын, сағынышпен естелік жазатын адамдар болады. Сондай аяулы азаматтың бірі, бар өмірін денсаулық саласына арнаған Дәуіржан Байқабылұлы туралы болмақ. Негізінде Секел әулеті, Байқабыл атамыздың ауылымен біздің ауылдың қойы қораласып бірге жайлап, ол үйдің Дәуіржан бастаған балалары әкеміздің ізінен еріп өскен інілері екен.. Кешегі өмір – бүгінгі тарих. Ата-бабамыздың жұрты Үсіген жайлауын көргенде
Ойдым ойдым қара мең жұрты қалып,
От орнында қоламта шырпы жанып,
Қимастықпен қарттарым жайлауына,
Қарай-қарай көз жасын іркіп алып деген өлең жолдары ойыма оралады. Дәуіржан ағамыз 1960 жылы осы Үсіген өлкесінде дүниеге келген. Қарапайым малшы отбасының тұңғыш ұлы. Ол бала кезінен зерек, қағілез болып өседі. 1970 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттап, 1980 жылы Улаанбаатар қаласындағы Медициналық жоғарғы оқу орнына қабылданады. Ол кездерде жоғарғы оқу орнына ең үздік, ең таңдаулы оқушы ғана түсетін еді. Ол университет қабырғасында жүрген кезінде оқуын өте жақсы оқумен қатар музыкаға деген таланты мен қызығушылығының арқасында замандастарымен бірлесіп, музыкалы ансамбль құрып, гитара, синтезатор сынды аспаптардың құлағында ойнаған. 1986 жылы «дәрігер» мамандығын сәтті тәмамдағаннан соң, өмірлік жары Шеруші Бақат рулы Ұятқызы Күлзамен шаңырақ көтерген. Ел астанасында оқуларын аяқтағаннан кейін Баян-Өлгий аймағына қоныс аударып, мамандықтары бойынша қызметке орналасады. 1987 жылы Цэнгэл сұмынында әйел дәрігері, кейін Өлгий қаласының біріккен ауруханасының жанындағы перзентханада дәрігер-анестезиолог нақтырақ айтқанда отаға кіретін науқастарды ұйықтататын наркоз бөлімінде жұмыстаған. Медицина саласына өмірінің басым бөлігін яғни 33 жылын арнаған. Осы уақыт ішінде 5000-ға жуық ана босандырып, 18000-дай отаға наркоз беріп, аймақ бойынша 4000-нан астам жұмыстан тыс уақыттағы шұғыл шақыртуларға қатысқан. Күн түн, қыс жаз, қыр ой демей, ана мен баланың бас амандығы үшін аянбай тер төгіп, жас ана және нәресте шығынын азайтуда айтулы еңбек сіңірген. Сонымен қатар жаңашылдықты жаны жақсы көретін еді дейді әріптестері. Ол кісі ауруларды емдеуде жаңа технологиялардың бірі, омыртқадан тыс кеңістікке анестезия енгізу әдісін аймағымызда алғаш қолданып, ауруханада тәуелсіз реанимация мен анестезия бөлімінің негізін қалаған. Көп жылдар бойы шыңдаған кәсіби біліктілігінің жемісі ретінде 2013 жылы клиника Профессор құрметті дәрежесіне ие болған. Шен мен шекпенге, атақ, даңққа құмарлығы жоқ, қарапайым Дәуіржан ағамызда осыдан басқадай мемлекеттік сыйлық та жоқ деуге болады. Қазіргідей қанарлап, дорбалап әкеліп мерекелерде тарататын сыйлықтардың бірде біреуін алмаған. Ол оның есесіне артынан ерген жас дәрігерлерге ұстаздық еткен, талантты дәрігер, ел-жұртына сыйлы ауыл ағасы бола білді. Сондай ақкөңіл, жомарт, туысшыл адам болатын. Жетімнің басынан сипап, жарлы-жақыбайға жаны ашығыш еді. Ол кісі бейнетінің зейнетін көретін, балаларының қызығын көріп, немере сүйіп, келіннің қолынан шай ішетін шағында небәрі 59 жасында өмірден өтіп, жақындарының қабырғасын қайыстырған еді. Одан бері де бес жылдай уақыт өтіпті. Ағамыз өзі өлсе де артында үш бірдей ұлы, жасаған қызметі яғни ізі қалды. Күлза жеңгемізбен бірге Айбек, Досымбек, Бақыт атты үш ұлды тәрбиелеп, өсіріп, оқытты. Олар қазір қазақ елінде қоғамның әр саласында табысты қызмет етуде. Ұлдарының тұңғышы Айбек Алматы қаласында орналасқан С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетіне мемлекеттік грант бойынша оқуға түскен. Қазіргі таңда Алматы қаласында орналасқан Президент Іс Басқару Орталығының Қалалық Ауруханасында заманауи оталарды меңгерген 1 санатты травматолог-ортопед қызметін жасайды. Жұбайы Әсембекқызы Бостангүл – Машан Молқы рулы. Ол С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетін офтальмолог мамандығы бойынша бітірген. Бостангүл Қазақ Көз Аурулар Ғылыми Зерттеу институтында көз дәрігері қызметін атқарады. Сонымен қатар оптика қызметтерін ұсынатын Seven Optic атты жеке кәсіптің иесі. Айбек пен Бостангүл Мирас және Айару атты екі бала тәрбиелеп отыр.
Дәуріжан ағамыздың ортаншы ұлы – Досымбек Қазақстан-Британ Техникалық Университетінің, Мұнай және газ инженері мамандығына мемлекеттік грантпен оқып, бітіреді. Қазір Қазақстан-Қытай бірлескен Маңғыстау Мұнай Газ Акционерлік Қоғамында Бас Геолог қызметін атқарады. Жұбайы жәдік рулы Тұрсынқанқызы Айгерім Астана қаласында орналасқан Назарбаев Халықаралық университетінде Биология мамандығы бойынша бакалавр, «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша магистр дәрежелерін қорғаған. Бүгінгі таңда Ақтау қаласы, Софимед клиникасының Аурулардың қауіпсіздігі және сапаны бақылау бөлімінің менеджері. Досымбек пен Айгерімнің Кемел атты бір ұлы бар. Кенже ұлдары Бақыт Назарбаев университетін экономика мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда Атырау қаласында Қазақстан-Америка бірлескен Теңізшевройл мұнай-газ өндіретін компаниясында Инвестицияларды қайтару бөлімінің басшысы болып еңбек етеді. Жұбайы Болатқызы Айтолқын – Машан Молқы рулы. Ол Алматы қаласындағы Халықаралық Бизнес Университетінде «Қаржы» мамандығы бойынша PhD докторына кандидат. Бүгінгі таңда, Атырау қаласында Қазақстан-Америка бірлескен Теңізшевройл мұнай-газ өндіретін компаниясында Бизнесті Қаржылай қолдау бөлімінің Қаржы аналитигі қызметін атқарады. Бақыт пен Айтолқынның Дана атты бір қызы бар.
Бастаудың басы тұнық аяғы-лай,
Оралмас қайран дәурен баяғыдай
Өткенге иман, қалғанға амандық бер
Ал дағы, мейріміңе ия ҚҰДАЙ! деп бір Аллаға сиынып Дәуіржан ағамызды сағынышпен еске аламыз. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші жатқан жеріңіз жәннатта болсын асыл аға!
Журналист Айбота Әлейханқызы