“Көшбасшы” әйелдер форумы өтті
Өзгеріс жолындағы әйелдер, МОНФЕМНЕТ ұлттық желісі, үкіметтік емес ұйымдар консорциумы, Корея республикасының Халықаралық ынтымақтастық агенттігі, БҰҰ-ның Даму бағдарламасы бірігіп жүзеге асырып жатқан «Шешім шығару дәрежесіндегі жендерлік тепе – теңдік, әйелдердің араласуын қолдау» жобасының қолдауымен Әйелдердің көшбасшылық желісін ұйымдастыру, саяси сайлауларға ат ұсынуға ниетті әйелдердің көшбасшылығының бағдарламасын жүзеге асыру, әйелдердің саясатқа араласуын арттыруға бағытталған өзара ықпалдастықты өрістетуге арналған «Көшбасшы» атты форум болып өтті.
Бұл шараның маңыздылығы жөнінде Әйелдер көшбасшылығын қолдау желісін ұйымдастырушысы Номингэрэл: «Әйел адам тек отбасында ғана отыру, бала тәрбиесіне қарау үшін ғана жаратылмаған. Қоғамда олардың үні бар болса ғана өзгеріс болады» деген пікір айтты. Шара барысында пікірсайыс ұйымдастырылды. Бұған аймақтық МХП-ның орынбасары Ербол Ахметұлы, Моңғолия әйелдер ұйымының аймағымыздағы бөлімшесінің төрайымы Назымгүл Қабылқызы, аймақтық ДП-ның жастар одағының бастығы Қаршыға Жапарұлы, «Сансар» дауажай орталығының бастығы Сара Дәмерқызы, Тұлба сұмын әкімі Еркежан Найқаловқызы қатарлы азаматтар қатысты. Партия орынбасарлары өз-өз партиясының сайлау ережелері, әйелдерді қолдау бағытындағы жобаларын таныстырса, Назымгүл Қабылқызы әйелдерді ауызбіршілікте болу қажет деген тұжырым жасады. Ал, Сара Дәмерқызы әрбір партия әйелдерді қолдау қажет. Әйел адамдардың шешім шығаратын деңгейде жұмыстауы – отбасы зорлық-зомбылығынан алдын алып ғана қоймай, ер-азаматтардың шешім шығару барысында көрмеген, байқамаған кейбір мәселелерін әйел адам көре білетінін тілге тиек етті. Соның бір айқын дәлелі өткен сайлауларда жеңіске жеткен әйел депудаттардың тілегі бойынша зәбір көрген ана мен баланы уақытша тұрғызатын орын-жайлы болдырған. Оның ішінде Сара Дәмерқызы да болған.
Ал, Тұлба сұмын әкімі Еркежан Найқоловқызы өзіне кездескен кейбір қиындықтары жөнінде тоқталды. Елімізде ер мен әйелдің құқы тең. Олар қандай дінді ұстанып, қандай партияны қолдап, қандай көзқараста болуын өздері таңдай алады. Өйткені еліміз адам құқығын бірінші кезекке қойған демократиялы мемлекет. Алайда өкінішке орай кей жағдайларда әйелдердің шет қақпай көретіні жасырын емес дегенді тілге тиек етті. Пікірсайыс барысында өзге де көптеген құнды пікірлер айтылды. Соның бірі аймағымыз аумағынан МҰҚ-ға неге әйел депудаттар атын ұсынбайды деген Алтай сұмын әкімі орынбасары Амангүл Қабылқызының пікірі болды.
Бұдан соң бірнеше мәрте аймақтық депудатқа сайланып, бөлім бастығы қызметін атқарған «Сана» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Шолпан Бірдіқанқызы «Демократиялық мемлекет құрылғалы 30 жыл болды. Халық әлі киіз үйде кедейшілікте күн кешуде. Технология мен ғылым жетістікке жетіп, дамыған мемлекеттер халқының қамын жасап жатқанда біздің бұл жүрісіміз қай жүріс» деген маңызды пікірін жеткізді. Ал, аймақтық депудат, кәсіптік-өндірістік оқыту орталығының директоры Нұркен Қозыкеқызы әуелі сайлау туралы заңда әйелдерге берілетін квотаның аз екеніне тоқталып, әйелдердің саясатқа араласуына мүмкіндіктер жасалуы қажет деді.
Аймақтық МХП-сының орынбасары Ербол Ахметұлы әйелдерді қолдауға, квота санын қосуға ат салысамыз дегенді тілге тиек етті.
Ал, аталмыш жобаның аймағымызды жауаптанушы, шараны ұйымдастырушы Зәуреш Қайсақызы: «Баян-Өлгий аймағында білімді әйелдер көп бола тұра шешім шығаратын деңгейде, әр сатылы сайлауға атын ұсынатын, немесе сол сайлаудан сайланып шыққан әйелдер тым аз. Негізінен қазақ әйелдерінің саясатқа араласа бермеуінің бірнеше себептері бар. Олар ең әуелі салт-дәстүрімізге сай ер-азаматтарды өздерінен жоғары қояды. Екіншіден олардың яғни ерлердің көлеңкесінде қалады. Қазіргі дамыған көзі ашық адамдар ер мен әйелдің құқы, қоғамдағы орнының бірдей екенін жақсы біледі. Сондықтан да қазақ әйелдері арасынан неге көшбасшы шықпасқа?! Біздің клубтың негізгі мақсаты партиясына, көзқарасына, жасына қарамай көшбасшы әйелдерге қолдау көрсету. Арықарай да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. 2022 жылы 4-5 форум, басқосулар өткіздік. Ал, 2023 жылда атқарылатын шаруалар жаңа жыл шыққан соң бекітіледі» дейді.
Аталмыш шараға қыр-ойдан 200ден астам әйелдер қатысып, әрқайсысы өз пікірлерін айтып, топпен жұмыстап, көптеген ақпараттар алды. Аймағымыз халқының 50 пайыздан астамын да әйелдер құрайды. Ендеше ел бастайтын, аймақ бастайтын батыр қыздарымыз алдағы уақытта көптеп шығады деген үміттеміз.