Дәстүрден инновацияға: Қазақ Ұлттық университеттің жаңа келбеті
Қазақ ұлттық университетінің басты ерекшеліктерінің бірі – қалыптасқан академиялық дәстүрлерді заманауи даму талаптарымен ұштастыру.
Бүгінгі университет үшін цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу, академиялық еркіндік, зерттеу мәдениетін дамыту және халықаралық ынтымақтастық жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Білім беру жүйесі өзгерген сайын университеттің де даму стратегиясы жаңарып отыруы заңды. Бірақ өзгермейтін құндылықтар бар. Олар – сапалы білім, адал ғылым, кәсіби жауапкершілік, ұлттық құндылық және қоғамға қызмет ету.
Білім мен ғылым – кез келген мемлекеттің интеллектуалдық қуатын айқындайтын стратегиялық ресурс. Ал ұлттық университет – сол интеллектуалдық әлеуетті қалыптастыратын негізгі ортаның бірі. Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орны бар Қазақ ұлттық университеті де уақыт талабына сай жаңарып, дәстүрлі академиялық құндылықтарды инновациялық даму бағыттарымен сабақтастырып келеді.
Университет тарихы – білім мен ғылымның, ұлттық ой мен қоғамдық дамудың тарихымен астасып жатыр. Осы уақыт ішінде жоғары оқу орны талай буынға білім беріп, елдің әр саласына қажетті кәсіби мамандарды даярлады. Университет қабырғасынан ғылымға, мәдениетке, білімге, экономикаға және мемлекеттік басқаруға елеулі үлес қосқан көптеген мамандар түлеп шықты.
Бүгінгі таңда университет алдында жаңа міндеттер ол – Жаһандану, цифрландыру, жасанды интеллектінің қарқынды дамуы, еңбек нарығының өзгеруі және ғылыми-технологиялық бәсекелестіктің күшеюі жоғары білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр. Осындай жағдайда дәстүрді сақтау мен жаңашылдыққа ұмтылу бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар емес. Керісінше, берік дәстүр – инновациялық дамудың негізі, ал инновация – дәстүрді жаңа деңгейге көтеретін құрал.
Университеттің қалыптасқан академиялық дәстүрлері–оның басты құндылықтарының бірі. Ғылымға құрмет, ұстаз еңбегін бағалау, білімге ұмтылу, ізденіс пен жауапкершілік – бірнеше буыннан бері жалғасып келе жатқан рухани сабақтастықтың көрінісі.
Университет тарихына көз жүгіртсек, оның әр кезеңі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты болғанын көреміз. Әр дәуір өзінің жаңа талаптарын алға тартты. Бір кезеңде басты міндет жоғары білімді мамандар даярлау болса, кейін ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ал қазіргі кезеңде цифрлық трансформация мен инновациялық экожүйе құру маңызды бағыттарға айналды. Бұл өзгерістердің барлығын біріктіретін ортақ идея бар. Ол – білім арқылы қоғамға қызмет ету. Демек, университеттің дәстүрі өткенмен ғана байланысты емес. Дәстүр – бүгінгі даму үшін берілетін интеллектуалдық мұра.
XXI ғасырдағы университет бұрынғыдан өзгеше. Қазіргі студент ақпаратты тек дәрісханада ғана алмайды. Ол әлемнің кез келген нүктесіндегі электрондық ресурстарға, ғылыми деректер базаларына, онлайн курстарға және цифрлық платформаларға қол жеткізе алады. Бұл жағдай оқытушының рөлін де өзгертеді. Бүгінгі оқытушы тек ақпарат жеткізуші емес, студенттің зерттеуіне бағыт беретін, сыни ойлауын қалыптастыратын, шығармашылық әлеуетін ашатын тәлімгер болуы қажет. Осыған байланысты білім беру үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу – уақытша үрдіс емес, жоғары білімнің табиғи даму бағыты. Цифрлық платформалар, онлайн оқыту, гибридті білім беру, виртуалды зертханалар, электрондық кітапханалар, деректерді талдау құралдары және жасанды интеллект технологиялары оқу үдерісінің мазмұны мен формасын өзгертіп келеді.
Негізгі мақсат – технологияны білім сапасын арттыру үшін тиімді пайдалану болуы тиіс.
Оразбаева А.С.
әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті