ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП ҚАҒИДАТЫНЫҢ ЗАМАНАУИ МАҢЫЗЫ
Кез келген мемлекеттің ішкі тұрақтылығы, экономикалық қуаты және халықаралық аренадағы беделі оның құқықтық жүйесінің кемелдігімен және қоғамдағы тәртіптің деңгейімен өлшенеді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы өз дамуының жаңа тарихи кезеңінде Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі реформаларды жүзеге асыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық Жолдауларында «Заң және тәртіп» қағидатын ел идеологиясының, ішкі саясаттың негізгі темірқазығы ретінде айқындады. Тәртіп жоқ жерде береке де, даму да болмайтыны тарихи шындық. Құқықтық мемлекеттің басты белгісі заңның үстемдігі және заң алдында бәрінің теңдігі. Алайда, заң тек қағаз бетіндегі құжат болып қалмай, қоғамның күнделікті тыныс-тіршілігін реттейтін тірі механизмге айналуы тиіс. Бұл ретте қоғамдық сана мен құқықтық мәдениетті көтеру мәселесі алдыңғы шепке шығады. Құқықтық сауаттылықты арттырудың ең тиімді жолы отандық заң ғылымы мен арнайы құқықтық әдебиеттерді зерделеу, заңның мәнін терең ұғыну болып табылады. Сондықтанда, құқықтық мәдениет дегеніміз – бұл тек заңдарды білу ғана емес, оларды ішкі сеніммен, саналы түрде орындау. Қоғамда заңсыздық пен тәртіпсіздіктің кез келген көрінісіне, мейлі ол көшеде қоқыс тастау, қоғамдық орындарда балағат сөздер айту немесе жол жүру ережесін бұзу болсын, мүлдем төзбеушілік ахуалы қалыптасуы қажет. Кішігірім құқық бұзушылықтарға көз жұма қарау үлкен қылмыстардың белең алуына соқтыратыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген (мысалы, криминологиядағы «қираған терезелер теориясы»). Заңға деген құрмет отбасынан, мектеп қабырғасынан бастау алуы тиіс. Дегенменде азаматтар өз құқықтарын талап етіп қана қоймай, өздерінің конституциялық міндеттерін де тең дәрежеде сезінгенде ғана шынайы тәртіп орнайды. Сондықтанда, бұл процесте заңгер ғалымдардың еңбектері, құқықтық нұсқаулықтар мен оқулықтар қоғамдық сананы трансформациялаудың басты құралы рөлін атқарады. Мысалы, Қазақ халқының құқықтық санасының тамыры тереңде жатыр. Дала демократиясының жарқын үлгілері болған Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әсіресе Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» тәртіпті, бірлік пен әділдікті сақтаудың бірегей заңнамалық жүйесі болды. Осы тарихи сабақтастық қазіргі егемен өз заманында қоғамдық Қазақстанның заң шығару процесінде де көрініс тапты. Бүгінгі таңда елімізде заманауи халықаралық стандарттарға сай келетін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған берік заңнамалық база құрылды. Конституциялық реформалар нәтижесінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің (Омбудсмен) мәртебесі күшейтіліп, Конституциялық Сот өз қызметін бастады. Бұл қадамдардың барлығы «Заң және тәртіп» қағидатын іс жүзінде бекіте түсуге арналған. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, дамыған елдердің барлығы дерлік заң талаптарын қатал сақтау арқылы жоғары жетістіктерге жеткенін көреміз. Мысалы, Сингапур мемлекеті қысқа мерзім ішінде үшінші әлем елдерінің қатарынан озық технологиялық державаға айналуының сыры – заңның қаталдығы мен оның барлығына бірдей орындалуында. Сингапурда қарапайым тазалық ережесін бұзған азаматтан бастап, ірі шенеуніктерге дейін заң алдында бірдей жауап берді. Сонымен қатар, Еуропа елдеріндегі, соның ішінде Германия мен Скандинавия мемлекеттеріндегі құқықтық тәртіп үлгісі азаматтардың жоғары құқықтық жауапкершілігіне негізделген. Бұл елдерде заңды бұзу әлеуметтік тұрғыдан айыпталады, ал заңға бағыну – үлкен мақтаныш және мәдениеттіліктің белгісі. Қорыта келгенде, Қазақстан қоғамы да осындай озық халықаралық тәжірибелерді өз ұлттық құндылықтарымен ұштастыра отырып дамытуы қажет. Алайда, бүгінгі кезең құқық және тәртіп түсінігіне жаңа міндеттер мен талаптар жүктеп отыр. Бүгінде тәртіп тек көшеде немесе қоғамдық орындарда ғана емес, виртуалды кеңістікте — интернет пен әлеуметтік желілерде де сақталуы қажет.
ҚазҰУ-дың Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы Бакиров Дархан Абдиманапович