ҰСТАЗДЫҢ МӘРТЕБЕСІ – САПАЛЫ БІЛІМ МЕН САНАЛЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ НЕГІЗІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – педагогтердің кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасау, артық жүктемені азайту және мұғалімнің абырой-беделін қорғау мәселесі ерекше атап өтілді. Бұл – білім беру жүйесінің сапасын арттыруға және ұстаз еңбегінің қоғамдағы маңызын нығайтуға бағытталған маңызды міндеттер.
Бүгінгі таңда білім беру саласы қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Цифрландыру, жаңа технологияларды енгізу, білім сапасын бағалау тетіктерін жетілдіру – заман талабы. Алайда кез келген жаңашылдықтың түпкі мақсаты педагогтің жұмысын жеңілдетіп, оның кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталуы тиіс. Егер цифрлық жүйелер мен есептілік талаптары оқытушының уақытын шамадан тыс алатын болса, онда олардың тиімділігіне қайта назар аудару қажет.
Ұстаздың негізгі міндеті – білім алушыға сапалы білім беру, оның дүниетанымын кеңейту, сыни ойлау қабілетін дамыту және адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру. Бұл міндеттерді нәтижелі орындау үшін педагогке уақыт, кәсіби еркіндік және шығармашылық ізденіске мүмкіндік қажет. Артық қағазбастылық пен қайталанатын есептілікті азайту оқытушының білім беру үдерісіне көбірек көңіл бөлуіне жол ашады. Мұғалімнің мәртебесі тек заңнамалық нормалармен немесе ресми құжаттармен айқындалмайды. Ол ең алдымен қоғамның ұстаз еңбегіне деген көзқарасынан, білім алушылардың қарым-қатынасынан және білім беру ұйымдарындағы кәсіби мәдениеттен көрінеді. Педагогке құрмет көрсету, оның пікірін ескеру, кәсіби беделін қорғау – білім беру ортасындағы өзара сенім мен жауапкершіліктің маңызды көрсеткіштері. Білім беру ұйымы – әрбір адамның құқығы қорғалатын, өзара сыйластық пен қауіпсіздік сақталатын орта болуы керек. Мұндай орта қалыптастыруда отбасы, білім алушы, педагог және білім беру ұйымының әкімшілігі бірлесіп әрекет етуі қажет. Кез келген даулы жағдайға біржақты баға бермей, оның себептерін жан-жақты қарастыру және барлық тараптың жауапкершілігін ескеру маңызды.
Ұстазға құрмет көрсету – білім алушының бойында жауапкершілік, тәртіп, әдептілік және өзгенің еңбегін бағалау қасиеттерін қалыптастырудан басталады. Ал ата-ананың бала тәрбиесіне белсенді қатысуы мен білім беру ұйымдарының педагогті қолдауы осы құндылықтардың орнығуына ықпал етеді. Мұғалімнің беделі мен білім алушының құқығын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Екеуі де әділдікке, заңға және өзара құрметке негізделген білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі.
Бұл мәселелер жоғары оқу орнына дейінгі білім беру саласы үшін де аса маңызды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (https://farabi.university/) жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде әртүрлі елдерден келген тыңдаушылардың білім алуына жағдай жасалып, олардың Қазақстанның жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруына қажетті дайындық жүргізіледі. Мұндай ортада оқытушының міндеті тек оқу материалын меңгертумен шектелмейді. Ол білім алушылардың академиялық мәдениетін, өзара сыйластық дағдыларын, жауапкершілігін және жаңа білім беру ортасына бейімделуін қалыптастыруға да үлес қосады. Көпұлтты білім беру ортасында педагогтің кәсіби біліктілігімен қатар, оның қарым-қатынас мәдениеті, әділдігі және әрбір білім алушының жеке ерекшелігін ескере білуі ерекше маңызға ие. Сондықтан оқытушының кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасау, әдістемелік жұмысқа және білім сапасын арттыруға жеткілікті уақыт бөлуіне мүмкіндік беру – білім беру нәтижелерін жақсартудың маңызды алғышарты.
Мемлекет басшысы көтерген міндеттер білім беру саласындағы реформалардың басты бағытын айқындайды. Жаңашылдық педагогтің күнделікті жұмысын күрделендірмей, керісінше, оның кәсіби әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беруі керек. Ал мұғалімнің абыройын қорғау мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру білім беру жүйесіне қатысушылардың ортақ міндетіне айналуы тиіс.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы Мемлекет басшысының педагог мәртебесін көтеру, ұстаздардың кәсіби құқықтарын қорғау, артық есептілікті азайту және білім беру сапасын арттыру жөніндегі бастамаларын қолдайды. Бұл міндеттерді жүзеге асыру – білім беру саласының тұрақты дамуына, оқытушылардың кәсіби әлеуетін арттыруға және білімді, саналы, жауапты ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам.
Ұстазға жасалған жағдай – білім сапасына жасалған жағдай. Ұстазға көрсетілген құрмет – болашақ ұрпаққа көрсетілген құрмет.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
ЖОО дейінгі білім беру кафедрасының аға оқытушысы Бегалиева Айша