Көз дәрігері Күлиза Алданышқызы APAO-2024 Distinguished service award халықаралық сыйлығын алды
Аймағымызда 35 жыл бойы үздіксіз көз дәрігері болып жұмыстаған, кеңесші дәрігер, клиника профессоры Алданышқызы Күлиза Индонезияның Бали қаласында өткен 39-Азия Тынық мұхиты офтальмология академиясының конгресінде APAO-2024 Distinguished service award халықаралық деңгейдегі сыйлығымен марапатталды. Бұл сыйлықтың маңызы ерекше. Әлемде 8 млрдға жуық адамның ең кемінде 2 млрды көз ауруынан зардап шегеді екен. Әсіресе қазіргі смартфон мен ғаламтордың өркендеуіне орай көз ауруларының көбеюіне әлемдік ғалымдар қатты алаңдаулы. Көз дәрігерлері мен осы саланы зерттейтін ғалымдар әр жыл сайын бас қосып, аталмыш мәселені талқылайды. Кейбір елді мекендерге медицина саласы қолжетімсіз болса, кей мемлекеттерде бағасы аса қымбат болғандықтан көзін көрсете алмайтын адамдар да кездеседі екен. Сондықтан да әлемдік ғалымдар бүкіл ауыл-қыстаққа дейін жетіп жұмыстау қажеттігін ескертеді. Аймағымыз дәрігері Күлизаға келсек, көп жыл бойы аймағымыздың барлық халқына даяшылық көрсетіп келеді. Әсіресе қарияларға, балаларға айырықша көңіл бөліп, аймағымыздың он екі сұмын, бір қалашығына барып жұмыстап, барлық баланың көру қабілетін тексеріп, ұрпақтарымыздың көз жанарын қорғау саласына айырықша еңбек етті. Жұмыстай жүріп әрдайым еңбегін жетілдірумен болды. Ол 2007 жылы Индия еліне барып жасанды бұршақ орнату отасын жасау курсына табысты қатысып келіп, Ресей елі Горно Алтай қаласындағы балалардың көз емханасында білімін жетілдіріп келген. 2010 жылы Иркутск Федеров көз институтында көздің қысымы ауруына байланысты білімін арттырып келіп, қариялардың көзіне бұршақ салу отасын жасаған. Қазірге дейін жүздеген қарияларға көз жанарын сыйлаған алтын қолды дәрігер.Сонымен қатар өзі жұмыстап тұрған тұста маманды аппаратуралармен, операция жасайтын құрал жабдықтармен көз аурулары бөлімшесін қанымдаған. Көптеген қарияларға көзілдірік сәйкестіріп, көзіне ақ түскен немесе көру қабілеті нашарлаған, көзінің қысымы молайған азаматтарға дер кезінде қолдау, көмек көрсеткен, көптің алғысын алған дәрігер. Сонымен қатар аймақтық еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру басқармасымен бірлесе отырып, мүмкіндігі шектеулі жандарды арба, көзілдірік, таяқ тағы басқа қажетті құрал-жабдықтармен қанымдау жұмысына ат салысып келген. Артынан ерген көз дәрігерлері жас мамандарға тәжірибесімен бөлісіп, ақыл кеңестер берген. Қазіргі таңда құрметті зейнет демалысына шығып «Шамшырақ» атты жеке клиника ашып халыққа даяшылық көрсетуде.