Экология – ел ертеңі үшін маңызды
Бүгінгі таңдағы адамзат өркениетінің аса ауқымды мәселелерінің бірі экология мәселесі. Қазіргі уақытта экологиялық мәселелер қоршаған ортаны қорғау мәселелері ретінде жиі кездеседі. Адамның табиғатты өзгертуге байланысты іс – әрекеттері ғаламшардағы тіршілік үшін қауіп тудыратын өзгерістерді тудыратын деңгейге жақындады.
Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында Экология тақырыптарында іс-шаралар өткізіп отырады. Мұндай іс – шараларға бұл кафедраның оқытушылары мен шетелдік студенттері белсенді қатысады.
Президент Қ. К. Тоқаевтың «климат жөніндегі төтенше жағдай жаһандық дағдарыс екенін, оның әлемдік деңгейдегі жауапкершілікті талап ететінін, ұжымдық іс – әрекет пен ынтымақтастықтың арқасында ғана климаттық дағдарыс проблемасын шешуге болады» деген сөзі негізге алына отырып, дүниежүзінде көтеріліп жатқан экологияға байланысты мәселелердің қатары болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар туралы кеңінен əңгіме өрбітіліп, қатысушылар өз пікірлерін ортаға салады. Әсіресе, еліміз жекелеген «жасыл» бастамаларды белсенді түрде қолдайтыны жайлы, пластикалық қалдықтардан құтылу жөніндегі жобаларды жүзеге асыратын кәсіпорынның экологияны қорғауға қосып отырған үлесі туралы, Метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуға қатысты еліміздің шешімі туралы, көмір проблемасы, су тапшылығы, Арал теңізі жайлы мәселелер қызу талқыланады.
Климат жөнінде, болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар жөнінде мәселелер қаралады. Климат жөнінде өз пікірлерін білдіріп, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салады. Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары «табиғат шектен тыс кездейсоқтықты, еркіндікті көтермейтінін, табиғат та адамның жіберген қателіктеріне жауап ретінде экологиялык апаттарды «сыйға» тартатынын, апатты құбылыстар бүкіл ғаламшардың ырғақты тепе – теңдігін бұзып, дүниежүзілік климаттың өзгеру қаупін туғызатынын» айта отырып, экологияның мән – мазмұнына тоқталып, «дүние жүзіндегі экологиялық жағдайлар» жөнінде кеңінен баяндай келе, ол жастарды өзімізге және болашақ ұрпаққа планетамызды сақтауға шақырады. Сонымен қатар, экологиялық апаттардың себептері мен салдары, сондай – ақ жастардың туған өлкенің табиғатын сақтаудағы орны туралы баяндалады.
Экология мәселелеріне байланысты тыңдаушыларға бейнефильмдер көрсетіледі. Шетелдік студенттерге экология туралы іс – шаралар өткізу ғылыми-рухани тұрғыда экологиялық білім беруде үлкен маңызға ие болады.
Саденова А.Е.
Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ,
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті