Қоғам қайраткері – Қари Әлімтайұлы туралы
Өмірде жақсы да, жаман да, ел бастаған көсем, дауды шешкен шешен барлығы дерлік ерте ме, кеш пе әйтеуір бұл өмірмен қош айтысады. Егер ол кісінің балалары бар болса, пәленшенің баласы деп әкесі әредік еске алынады. Ал, жаны жайсаң жақсы адам болса, ол кәдімгі аңызға айналады. Әгәрәки халыққа тісі батқан, тек ғана өзінің қара басының, яғни жақтастарының ғана қамын ойласа оны да халық тәмсіл қылады. Қысқасы «Сүлейменге қалмаған дүние» ешкімге де қалмайды. Тек ғана аты, жасаған істері қалады. Аймағымызда талай мемлекет қайраткерлері туып-шығып, тер төкті. Дегенмен Алланың бұйрығына не шара?! Мақсатына жете алмай, көбелектерінің қызығын көре алмай ерте кеткен ерендер қаншама?! Біз перзент қақысы ретінде аға буын өкілдерін еске алуымыз қажет. Олардың еңбегін жоққа шығаруға тіпті де қақымыз жоқ. Сондай мемлекет қайраткерлерінің бірі – Әлімтайұлы Қари туралы аз-кем сөз қозғамақпыз.
Әлімтайұлы Қари -1958 жылы Дэлүүн сұмынында дүниеге келген. 1976 жылы аймақтық 1-10 жылдық орта мектебін, 1980 жылы Улаанбаатар қаласынан ауыл шаруашылық университетінен автотехникалық инженер мамандығын игеріп, 1993-1994 жылдары Мемлекеттік академиядан білім алып, 1995-1996 жылдары Қытай Республикасы Бээжин қаласында Басқару академиясын саясаттанушы және экономист мамандығымен бітіреді. Еңбек жолына тоқталсақ 1981-1983 жылдары Дархан қаласының Азық-түлік өндірісінде автоматика жауаптанған инженер, бас инженер, өнеркәсіп бастығы қызметіне дейін атқарады. 1983-1985 жылдары Қобда аймағының Буянт сұмынында мал жемін өндіретін өндіріс бастығы, 1985-1987 Азық-түлік өндірісінде бас инженер, өнеркәсіп бастығы 1987-1994 жылдары аймақтық Құрлыс трестісінің кәсіподақ федерациясының нұсқаушысы, өнеркәсіп бастығы, қатарлы қызметтерді атқарса, 1994-1996 жылдары жер сілкінісін бақылау станциясының бастығы, 1996-2000 жылдары аймақ әкімінің орынбасары, 2000 жылдан бастап АӘІБасқармасының әлеуметтік саясат бөлімінің аға маманы қатарлы әртүрлі саладаға әкімшілік басқару қызметтерін абыройлы атқарған. Әлімтайұлы Қари демократия қарлығаштарының бірі. Ол аймағымыздағы жастардың бастамасын қолдап, демократиялық қоғам орнатуға ат салысқан азғана зиялылардың қатарында. Ол 1993-1998 жылдары Баян-Өлгий аймағының Демократиялық одағының бастығы, аймақтық Демократия партиясының хатшысы, Өлгий сұмындық Демократия партиясының бастығы қатарлы жұмыстарды аса жоғары деңгейде атқара білді. Көптің көңілінен шыға білгендіктен ол 1992-1996, 1996-2000, 2000-2004 жылдары Өлгий сұмындық АӨҚ-ның өкіліне, 1996-2000, 2000-2004 жылдары екі мәрте аймақтық АӨҚ-ның өкіліне сайланған. Еліміз экономикасының қиын-қыстау кезеңдерінде аймағымыз дамысы, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында өз үлесін қоса білді. Қари Әлімтайұлы зайыбы Тамарамен отбасын құрып 3 ұл, бір қыз дүниеге әкелген аяулы жар, қамқор әке. Зайыбы Тірнекейқызы Тамара аймақтық 4-толық орта мектебінде қоғамтану пәнінен мұғалімдік қызметін атқарып, зейнет демалысына шыққан. Тағдырдың жазуымен Қари Әлімтайұлы 2008 жылы дүние салса, Тамара Тірнекейқызы 2020 жылы бақилық болады. Ол кісілер кетсе де артында ұрпағы қалды. Ата-анасының жасаған жақсы ісінің жалғасы ретіне олар да жоғары білім алып, қоғамның әр саласында табысты қызмет етуде. Атап айтсақ: Үлкен ұлы Нұрлан зайыбы Бүлдіршінмен отбасын құрып 3 бала тәрбиелеп отырса, қызы Нұршаш Әбдікерім есімді азаматпен үйленіп 4 баланың ата-анасы атанып отыр. Олар Қазақстан Республикасы Алматы қаласында өмір сүреді. Ал, үшінші ұлы Нұрқанат Моңғолия мемлекеттік жоғарғы оқу орнын ағылшын тілі, туризм мамандығы бойынша тәмамдап, Заңи жоғарғы оқу орнын бизнестік басқару мамандығы бойынша магистр дәрежесінде оқып бітіреді. Сондай-ақ мемлекеттік басқару академиясында білімін жетілдірген. Қазір АӘІБасқармасында адам қоры мәселесін жауаптанған маман. Зайыбы Гүлнұрмен отбасын құрып, 3 бала тәрбиелеп отыр. Ал, кенжесі Нұрсұлтан орта мектепті үздік бітірумен қатар 11 реткі математика пәнінің жүлдегері. Еліміз бойынша жүрілген математика олимпиадасынан алдыңғы орынды еншілеген. Ол Моңғолия жоғарғы оқу орнының банк жүйесінің қаржыгері, экономист мамандығын меңгерген. Студент кезінен-ақ әртүрлі қоғамдық қызметтерге белсене араласқан. Қазір жергілікті мүлік басқармасының сатып алу мәселесін жауаптанған маман бойынша қызмет атқаруда. Зайыбы Шырын және екі баласымен бірге өмір сүреді.
Еліміз үкіметі Әлімтайұлы Қаридың еңбегін жоғары бағалап Өлгий сұмыны 8-бағының көшесіне атын берген. Иә, жақсы әкенің аруағы ұрпағын жебеп жүргей…
Журналист Айбота Әлейханқызы