Құқық және тәртіп – мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі
Қоғамда заң үстемдігі орнаған жағдайда ғана азаматтардың құқықтары мен бостандықтары толық қамтамасыз етіліп, әділеттілік пен теңдік қағидалары сақталады. Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет ретінде Конституцияда нақты айқындалып, заң мен тәртіп мемлекет және қоғамның дамудың басты тірегіне айналып отыр.
Заң мен тәртіп қағидалары өзара тығыз байланысты. Заң – қоғамдық қатынастарды реттеуде негізгі құрал, ал құқықтық тәртіп – сол заңдардың іс жүзінде орындалу деңгейін көрсетеді маңызды көрсеткіш болып табылады. Қоғамда құқықтық нормалар сақталған сайын тұрақтылық нығайып, азаматтардың мемлекетке деген сенімі артады. Бұл ретте құқық қорғау органдарының, сот жүйесінің және мемлекеттік институттардың тиімді қызметі ерекше маңызға ие.
Сонымен қатар, заң мен тәртіпті қамтамасыз етуде құқықтық мәдениет, әсіресе, жастардың құқықтық менталдығы маңызды фактор болып табылады. Азаматтардың жағымды құқықтық санасының қалыптасуына заңдардың жай болуы ғана емес, және де оларда әділеттілік, заңдылық, теңдік қағидалары мен идеяларының жүзеге асуы зор септігін тигізеді. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда әрбір азамат өз құқықтары мен міндеттерін жақсы түсініп, заң талаптарын саналы түрде сақтайды.
Осы үдерісте білім мен ғылымның рөлі айрықша. Жоғары оқу орындары болашақ заңгерлерді ғана емес, сонымен бірге құқықтық сауатты, жауапты азаматтарды тәрбиелейді. Осы ретте, Қазақстандағы жетекші білім ордаларының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті құқық саласында сапалы білім беріп, ғылыми зерттеулер жүргізу арқылы заң үстемдігін нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Университет қабырғасында студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, құқықтық ойлау қабілетін дамытып, қоғамдағы заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге дайын маман ретінде қалыптасады.
Сонымен қатар, осы бағыттағы ғылыми зерттеулер де құқықтық жүйені жетілдіруде маңызды рөл атқарады. Заманауи құқықтық мәселелерді зерттеу, халықаралық тәжірибені зерделеу және оны ұлттық жүйеге енгізу – құқық үстемдігін нығайтудың тиімді жолдарының бірі деп пайымдаймыз. Бұл бағытта университеттер мен ғылыми орталықтардың қызметі ерекше маңызға ие. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру, білім беру жүйесін дамыту және ғылыми зерттеулерді қолдау арқылы ғана құқық үстемдігін толық қамтамасыз етуге болады.
Қорытындылай келе, құқық пен тәртіпті нығайту – қоғамның тұрақты дамуының басты шарты. Бұл бағытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің рөлі ерекше, өйткені олар құқықтық санасы жоғары, жауапкершілігі мол мамандарды қалыптастырып, елдің құқықтық мәдениетін дамытуға негіз қалайды.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Кеден, қаржы және экологиялық құқық
кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д., профессор Г.А.Қуаналиева
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Кеден, қаржы және экологиялық құқық
кафедрасының аға оқытушысы Д.Ә.Бакиров