Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұстаздарының үздік мақалалары
Цифрлық дәуірдегі білім беру үдерісі қатысушыларының психологиялық қауіпсіздігі
Психологиялық қауіпсіздік – тұлғаның қалыпты психикалық жағдайын сақтауға және психикалық процестердің дұрыс қызмет етуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қабілет.
Психологиялық қауіпсіздік адамның психикалық қызметінің қорғалу деңгейін сипаттайды. Оны қамтамасыз ету ағзаның қалыпты әрі толыққанды дамуы және түрлі қызмет түрлерін орындау үшін маңызды.
Психологиялық қауіпсіздік тұлғаны белсенді әлеуметтік субъектке айналдырып, қоғамдағы түрлі сын-қатерлерге қарсы тұруына көмектеседі.
Ақпараттық дәуірдегі психологиялық қауіпсіздік адамның психикасын ақпараттық ресурстардың жағымсыз әсерінен қорғауды білдіреді. Оны қамтамасыз ету қазіргі білім беру қызметінің дамуы үшін қажетті шарттардың бірі болып табылады, себебі балалар ақпараттық сипаттағы көптеген қауіптерге ұшырайды.
Білім беру ортасының психологиялық қауіпсіздігінің параметрлері
Білім беру ортасының психологиялық қауіпсіздігі педагогтың кәсіби қызметін тиімді жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасауға және оқушылардың оқу әрекетін жайлы ұйымдастыруға байланысты.
Қазіргі білім беру ортасының психологиялық қауіпсіздігі келесі параметрлермен сипатталады:
- Білім беру үдерісіне қатысушылардың өзара әрекет жүйесіне қанағаттануы.
- Психологиялық зорлық-зомбылықтан қорғалу.
- Білім беру кеңістігінің толеранттылығы.
- Оқу орнының барлық қатысушылары үшін еңбек және оқу қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
- Стрестік жағдайлардың саны.
- Оқушылар ұжымында қолайлы психологиялық микроклимат қалыптастыру және білім беру субъектілерінің рухани денсаулығын сақтау жұмыстары.
- Білім беру ұйымында психологиялық көмек қызметінің болуы.
- Педагог кадрлардың мотивациясын арттыру және олардың эмоционалдық және кәсіби күйіп кетуінің алдын алу жұмыстары.
Қазіргі уақытта білім беру кеңістігі өте көп ақпаратпен толтырылған, оның бір бөлігі зиянды және психологиялық тұрғыдан қауіпті болуы мүмкін.
Білім беру үдерісінің психологиялық қауіпсіздігіне төнетін ақпараттық қауіптердің түрлері
Ғылым мен техниканың дамуы, ақпараттандыру және цифрлық технологиялардың кең таралуы кезеңінде бала өте үлкен көлемдегі ақпаратпен кездеседі.
Бұл ақпарат бір жағынан оның тұлғалық дамуына, дүниетанымының кеңеюіне және әлеуметтік белсенділігінің қалыптасуына ықпал етеді, ал екінші жағынан баланың тұлғалық дамуына қауіп төндіріп, оның психологиялық қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін.
Білім беру кеңістігінде баланың психологиялық қауіпсіздігіне төнетін негізгі ақпараттық қауіптер:
- жалған немесе сенімсіз ақпарат;
- этикалық нормаларға қайшы және деструктивті ақпарат (асоциалды мінез-құлықтың дамуына, қате стереотиптердің қалыптасуына, мінез-құлықтың дұрыс емес формаларының пайда болуына әкеледі);
- нәсілдік және ұлттық қақтығыстарды қоздыратын ақпарат;
- әскери әрекеттерге итермелейтін ақпарат;
- негізсіз, жалған немесе моральдық нормаларға қайшы жарнама.
Сонымен қатар психологиялық қауіпсіздікке келесі факторлар да қауіп төндіреді:
- Адам санасын манипуляциялау тәсілдері – олар әртүрлі психологиялық тәуелділіктердің қалыптасуына және мінез-құлық нормаларының өзгеруіне әкеледі.
- Шынайы қарым-қатынастың шектелуі. Интернет ресурстары мен әлеуметтік желілердің дамуы балалардың нақты өмірде бір-бірімен қарым-қатынас жасауын азайтады. Олар мессенджерлер арқылы сөйлеседі. Мұндай виртуалды қарым-қатынас әлеуметтену мәселелерін туындатады.
- Компьютер мен интернеттің балада компьютерлік тәуелділік қалыптастыруы. Бір жағынан интернет білім алу үшін пайдалы ақпарат көзі болса, екінші жағынан компьютер тәуелділік туғызады. Нәтижесінде бала шынайы өмірде ақпарат іздеуге қабілетсіз болып, интернет кеңістігінде ғана өзін еркін сезінеді.
Ақпараттың шамадан тыс көп болуы көбінесе ақпараттық стресс туындатады. Бұл психикалық процестердің жас ерекшеліктеріне байланысты ақпаратты сүзгіден өткізу қабілетінің жеткіліксіздігімен түсіндіріледі.
Оқушылар маңызды ақпаратты әрдайым дұрыс таңдай алмайды. Соның нәтижесінде ақпараттық жүктеме пайда болып, маңызды ақпаратты сақтау, іріктеу және бағалау қабілеті төмендейді. Кейде ақпараттық стресс ақпараттың көптігінен емес, оның сапасының төмендігінен де туындайды.
Оқушылардың психологиялық-ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары
Ақпараттық қауіптермен күресу білім беру ұйымында қауіпсіз психологиялық ортаны қалыптастырудың негізі болып табылады.
Қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың тұлғалық психологиялық қорғанысын қалыптастыру маңызды. Бұл оқушыларда ақпаратты іріктеу дағдыларын дамытуға, пайдалы және зиянды ақпаратты ажырату критерийлерін қалыптастыруға бағытталған. Мұндай жұмыстарды педагогтар ата-аналармен бірлесе отырып жүргізуі қажет.
Психологиялық-ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі келесі бағыттарды қамтиды:
- Педагогтарды ақпараттық қауіптермен және олармен күресу әдістерімен таныстыру.
- Оқушылардың девиантты мінез-құлқын диагностикалау.
- Асоциалды мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастыру.
- Ата-аналарды баланың психологиялық қауіпсіздігіне төнетін қауіптермен және олардан қорғану тәсілдерімен таныстыру.
- Балаларды сыныптан тыс жұмыстарға тарту (қосымша білім беру, шығармашылық жобалар және т.б.).
- Мектепте және үйде зиянды сайттарды бұғаттау құралдарын пайдалану.
- Оқушылар арасында шынайы қарым-қатынасты дамыту (бірлескен іс-шаралар, саяхаттар, жорықтар, серуендер ұйымдастыру арқылы).
- Компьютер мен басқа да гаджеттерді пайдалану уақытын шектеу.
- Ақпараттық ресурстарды сүзгіден өткізу негіздерін үйрету.
Қорытындылай келе, қазіргі цифрлық дәуірде білім беру үдерісі ақпараттық ресурстардың кең таралуымен және олардың адам психикасына ықпалының артуымен сипатталады. Ақпараттық технологиялардың дамуы білім алушылардың танымдық мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, олардың психологиялық қауіпсіздігіне де түрлі қауіптер туындатуы мүмкін. Сондықтан білім беру ортасында психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – маңызды.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар
және инжиниринг университеті,
Педагогика» факультеті,
«Жалпы педагогика» кафедрасының
аға оқытушысы П.Е.Жарылғасова
ЭМОЦИОНАЛДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – КӘСІБИ ДАМУДЫҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ РЕТІНДЕ
Жангозиева Манет Салықбаевна,
аға оқытушы, педагогика ғылымдарының магистрі
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиядар және инжиниринг университеті
Бүгінгі таңда құзыреттілік тұғыры парадигмасы жағдайындағы өзекті мәселелердің бірі – педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту. Оны ең алдымен,әлемдік білім кеңістігінде жүріп жатқан ауқымды өзгерістермен, еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалармен түсіндіре аламыз. Соның ішінде кәсіби құзыреттіліктің бір компоненті ретінде қазіргі уақытта эмоционалды интеллект феноменін, оның құрылымын, даму жолдарын одан әрі терең зерттеу өзектілігі ең алдымен, болашақ жас мамандардың бойында эмоционалды интеллекті қалыптастыру тұлғааралық өзара әрекеттесу үдерісінде адамдар арасында туындайтын эмоциялық үрдістер мен жай-күйлерді терең ұғынуға,адамдармен қарым-қатынасты оңтайландыруға мүмкіндік ашады. Өйткені,жеке тұлғаның тұлғааралық қарым-қатынасты құра алу қабілеті – бұл бүгінгі күн сұранысы.
Осыған орай, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиядар және инжиниринг университетінде барлық оқу бағдарлмаларында «Эмоционалды интеллект» пәні енгізілген. Пән – адамның өз эмоциялық күйлерін жан-жақты түрде түсінуге қабілеттілікті дамытуға бағытталған.
Пән мазмұны эмоцияларды және қарым-қатынастың эмоционалдық астарын түсінуді, қарым-қатынас пен мотивацияға байланысты міндеттерді шешуде өз эмоцияларын пайдалана білуді, EQ негізгі төрт құрамдас бөлігін пайдалана алуды қарастырады. Пәннің мақсаты – адамның эмоциялар мен өз эмоцияларын түсінуге ықпал ететін менталдық қабілетке ие болуды меңгерту.
Студенттер алған теориялық білімдерін тұрмыста және кәсіптік қызметте қолдану мүмкіндігіне ие болады. Эмоционалдық интеллектіні дамыту әдістері мен тәсілдерін және стресс пен психикалық күйзелісті жеңу жолдарын меңгереді. Эмоционалды интеллект пәнін бағдарламаға енгізу – кәсіби дамудың тиімді құралы ретінде қарастырылуда.
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- Майерс, Д.Әлеуметтік психологи[Мәтін]: оқулық ағылшын тіл. Аударма
Д.Майерс, Ж. Туенж; ред. алқаныңтөрағасы: Тәжин М.М.тб.-12 бас.- Астана:Ұлттық аударма бюросы, 2018.
- Хэссон, Д. Развитие эмоционального интеллекта: Подсказки,советы, техники [Текст]:пер.с англ. / Д. Хэссон.Москва: Альпина Паблишер, 2019.- 127 с.
- Линн Адель.Сила эмоционального интеллекта.Как его развить для работы и
жизни.-М.:Манн,Иванов и Фербер,2019.
- Люсин, Д.В. Современные представления об эмоциональном интеллекте
[Текст] / Д.В. Люсин // Социальный интеллект: Теория, измерение, исследования.-
Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен білікті кадрларын даярлау
А.Б. Шарипова., А.М. Джанисенова
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті
Қазақстанның батысында орналасқан Маңғыстау облысы әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан елдің негізгі өңірлерінің бірі болып табылады. Маңғыстау облысы экономикасының негізгі қозғаушы күші – мұнай мен газ өндіру. Өңірде көмірсутектердің ірі кен орындары бар, бұл оны Қазақстанның мұнай-газ саласының маңызды орталығына айналдырып отыр. Өңірде жұмыс істейтін негізгі ірі компанияларға «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» және «Қазмұнайгаз» кіреді.
Облыс Каспий теңізіне шығуына және Ақтау портының болуына байланысты көлік торабы ретінде стратегиялық маңызға ие. Ақтау порты Еуропа мен Азияны байланыстыратын халықаралық көлік желісінің маңызды буыны болып табылады. Теміржол және автомобиль инфрақұрылымы да жедел дамып келеді, бұл сауда ағындарының артуына ықпал етуде. Облыста инвестициялар тарту және өнеркәсіптік өндірісті дамыту үшін индустриялық аймақтар мен еркін экономикалық аймақтар құрылды. «Ақтау теңіз порты» АЭА мысал бола алады. Сонымен қатар туризм бағыты да өңірдің экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Соңғы жылдары Маңғыстау облысында өңірдің дамуына елеулі әсер еткен бірнеше негізгі оқиғалар мен өзгерістер болды. Мұнай-газ саласына инвестициялардың өсуін атап өтуге болады. Мұнай-газ секторына инвестициялар ағыны жалғасты, бұл мұнай мен газ өндірісінің ұлғаюына ықпал етуде. Бұл өңірдің Қазақстанның энергетика өнеркәсібінің негізгі орталығы ретіндегі ұстанымын нығайтты. Жаңа кен орындарын дамыту және қолданыстағы нысандарды жаңғырту да экономикалық өсуге ықпал етті. Жаңа автожолдар, теміржол желілерін салу және Ақтау портын жаңғырту сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру өңірдің көліктік қолжетімділігін жақсартты. Ақтау порты облыстың транзиттік әлеуетін күшейте отырып, Каспийдегі маңызды логистикалық торапқа айналды. «Ақтау теңіз порты» АЭА сияқты индустриялық және еркін экономикалық аймақтарды құру және дамыту өңірге жаңа инвестициялар тартуға және жұмыс орындарын құруға ықпал етті. Бұл аймақтар өндіріс және логистика сияқты экономиканың шикізаттық емес секторларын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
Халық санының тез өсуі мен урбанизация Ақтау және Жаңаөзен сияқты қалаларда тұрғын үй мен әлеуметтік қызметтерге сұраныстың артуына алып келді. Жаңа тұрғын үй кешендерін салу және қалалық инфрақұрылымды дамыту жергілікті билік үшін басым міндеттерге айналуда. Жаңа білім беру және медициналық мекемелерді енгізу, әсіресе жеке меншік нысандарды, сондай-ақ қолданыстағы нысандарды жаңғырту сапалы білім мен денсаулық сақтауға қолжетімділікті жақсартты. Медициналық және білім беру персоналына арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары көрсетілетін қызметтердің деңгейін арттыруға ықпал етті деуге болады. Халықтың әртүрлі топтарының, соның ішінде жастардың, қарттардың және аз қамтылған отбасылардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған әлеуметтік қолдау бағдарламаларын іске асыру аймақтағы әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етуде. Жұмыспен қамту және жас мамандарды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Экологиялық стандарттарды күшейту және қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін заманауи технологияларды енгізу өңірді дамытудың маңызды бағытына айналды.
Облыста сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға бағытталған жаңа оқу орындары, мәселен Есенов университетінің базасынан Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институты мен жаңа білім беру бағдарламалары ашылды. Ірі кәсіпорындармен және халықаралық серіктестермен бірлескен бағдарламалар білім беру сапасын жақсартуға және студенттердің практикалық дайындығына ықпал етеді деп ойлаймыз. Жұмыс істейтін мамандар үшін қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламалары іске асырылуда. Бұл жұмысшыларға еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуге және кәсіби құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыспен қамту орталықтары мен оқу орындары жұмыссыздар мен аз қамтылған азаматтарға жаңа дағдылар мен жұмыс табуға көмектесетін курстар мен тренингтер ұсынады. Білім беру бастамаларының өсуіне қарамастан, әсіресе техникалық және жоғары технологиялық салаларда аймақ білікті мамандардың тапшылығына тап болуда, жас мамандардың басқа аймақтарға және шетелге кетуі кадрлармен қамтамасыз ету жағдайын қиындатады. Түлектердің дайындық деңгейі мен жұмыс берушілердің талаптары арасында алшақтық та байқалуда. Бұл ескірген оқу бағдарламаларына және студенттердің практикалық дайындығының жеткіліксіздігіне байланысты екені белгілі. Жұмыс берушілер көбінесе жас мамандардың біліктілігі мен тәжірибесінің жеткіліксіздігіне көңілдері толмайтындарын айтуда.
Осылайша, Маңғыстау облысындағы кадрлық қамтамасыз ету саласының қазіргі жағдайы өсу мен даму үшін елеулі әлеуетпен, сондай-ақ кешенді тәсілді және мемлекеттік, білім беру және жеке секторлар арасындағы белсенді өзара іс-қимылды талап ететін белгілі бір сын-тегеуріндердің болуымен сипатталады. Маңғыстау облысының білім беру жүйесі оң үрдістерді көрсетіп, елеулі әлеуетке ие болғанымен, қазіргі уақытта мамандардың саны мен сапасы бойынша өңірдің кадрлық қажеттіліктерін толық қанағаттандырмайды. Бұған қол жеткізу үшін білім беру мекемелері, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы белсенді өзара іс-қимылды жалғастыру, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға және мамандар үшін әлеуметтік жағдайларды жақсартуға инвестициялау қажет деп ойлаймыз. Маңғыстау облысында сапалы кадрлық әлеуетті қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар бірқатар нақты шаралар қабылдап, түрлі қолдау бағдарламаларын іске асыруда. Бұл шаралар жергілікті кадрлық резервтерді дамытуға, олардың біліктілігін арттыруға, сондай-ақ өңірге жас талантты кадрларды тартуға бағытталған.
Маңғыстау облысында, басқа өңірлердегідей, қалалық және ауылдық мектептер арасында сапалы білімге қол жеткізуде айырмашылықтар бар. Олар: шалғай аудандарда заманауи оқу материалдарының, технологиялардың және білікті оқытушылардың жетіспеушілігі, облыстың ауылдық және шалғай аудандарында білікті мұғалімдердің жетіспеушілігі және мектептер мен білім беру мекемелерін жаңғырту қажеттілігі, интернетке және заманауи білім беру технологияларына шектеулі қол жетімділігі байқалады. Мәселені қалау шешуге болады? Ол үшін сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, инфрақұрылым мен ресурстарды дамыту, әсіресе ауылдық және шалғай аудандарда мектептер мен білім беру мекемелерін салу және жаңғырту, оның ішінде жекеменшік секторды дамыту, сондай-ақ барлық мектептерді заманауи оқу материалдарымен, технологиялармен және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету, қашықтықтан оқыту орталықтары мен онлайн білім беру платформаларын құру және қолдау, мұғалімдерді даярлау және қолдау қажет деп есептейміз.
ҚОҒАМДАҒЫ ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ БУЛЛИНГ ЖӘНЕ КИБЕРБУЛЛИНГ МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ
Ш. Сапарбайқызы қауымдастырылған профессор, п.ғ.к.
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті
Ақтау қ., Қазақстан
Қазіргі қоғамда оқушылар арасындағы буллинг және кибербуллинг мәсе-лелері өзекті әлеуметтік-психологиялық проблемаға айналып отыр. Ғаламтор мен әлеуметтік желілердің кең таралуы балалар мен жасөспірімдердің қарым-қатынас арасында кей жағдайда жаңа қауіптерді де туындатуда. Соның бірі – кибербуллинг, яғни онлайн ортадағы қысып, қауіп, қудалау деуге болады. Буллинг – бұл күш теңсіздігі жағдайында бір адамның екінші адамға жүйелі түрде психологиялық немесе физикалық қысым көрсетуі болса, кибербуллинг – осы әрекеттің интернет, әлеуметтік желі, мессенджерлер арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, бүгінде бұл мәселе тек мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның проблемасына айналып отыр. Буллинг және кибербуллингтің таралу деңгейі: Зерттеулер көрсеткендей, буллинг әлем бойынша кең таралған құбылыс.
ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, әлемде әрбір үшінші оқушы буллингтің қандай да бір түріне ұшырап отырады екен. Соңғы мәліметтер бойынша, 13–15 жас аралығындағы оқушылардың шамамен 16%-ы бір айда буллингке ұшырап отырса, оқушылардың төрттен бірі буллингті бастан өткереді екен. Кейбір зерттеулерде оқушылардың 72%-ы өмірінде кемінде бір рет кибербуллингті бастан өткергені анықталған; Халықаралық деңгейде әрбір 6 жасөспірімнің 1-і кибербуллингке ұшырайды. Сонда, бұл көрсеткіштер мәселенің ауқымдылығын және оның жыл сайын күшейіп келе жатқанын дәлелдейді.
Буллингтің түрлеріне мән берсек, ол бірнеше формада көрініс табады екен. Физикалық буллинг – ұру, итеру сияқты қарапайым әрекеттерді қамтиды. Психологиялық буллинг – қорлау, мазақтау, кемсіту арқылы жүзеге асады. Әлеуметтік буллинг – оқушыны топтан шығару, оқшаулау. Ал кибербуллинг интернет арқылы жасалатын қысым түрі және мынандай ерекшеліктері бар: Кибербуллингтің басты ерекшелігі – анонимділік пен оның кең аудиторияға тез таралуы. Онлайн қысым тәулік бойы жалғасуы мүмкін, бұл оның қауіптілігін арттырады. Әлеуметтік желілердегі қорлау, жалған ақпарат тарату және қорқыту – кибербуллингтің негізгі түрлері.
Буллингтің себептеріне тоқтала кетсек, оның пайда болуына отбасылық тәрбие, әлеуметтік орта және жасөспірім өтпелі кезең психологиясы, қатал тәрбие немесе ата-ананың немқұрайлығы да бала мінез-құлқына әсер етеді. Сонымен қатар, өзін көрсетуге деген ұмтылыс та буллингке әкелуі мүмкін. Буллингтің салдары өте ауыр, оқушылардың психологиялық жағдайына әсер етіп, депрессия, қорқыныш және мазасыздық тудыру әбден мүмкін. Сонымен қатар, оқу үлгерімі төмендеп, әлеуметтік оқшаулану басталып, кей жағдайларда бұл суицид қаупін арттыруға ықпал етуі сөзсіз. Қазіргі жағдайға тоқталсақ: соңғы жылдары интернеттің, әлеуметтік желінің дамуы, оны халықтың жаппай қолдануы кибербуллингтің кең таралуын тым күшейтіп отыр. Негізі буллинг пен кибербуллинг атқаратын қызметі бір бағытта болғандықтан қоғамда өзекті мәселе ретінде алаңдаушылық туғызып, қатты назар аудартып отыр. Енді бұның алдын алу жолдарын қарастырсақ, тек мектеп, ата-ана және қоғам бірлесе әрекет етуі қажет. Мектептерде психологиялық қызметтерді дамыту, тренингтер өткізу т.б. аса маңызды. Ата-аналар балалармен ашық сөйлесіп, қолдау көрсетіп, сынып жетекшілермен байланыста болуы тиіс. Сонымен қатар, цифрлық, ақпараттық сауаттылықты арттыру да маңызды.
Қорытындылай келе, буллинг және кибербуллинг – қазіргі қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі. Онымен күресу үшін қоғам, мемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қажет. Тек бірлескен әрекет арқылы ғана қауіпсіз орта қалыптастыруға болады деп ойлаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- https://www.frontiersin.org
- https://astanatimes.com
- https://researchgate.net
- https://el.kz
- https://arxiv.org
ЗАҢҒА БАҒЫНУ – АЗАМАТТЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ КӨРСЕТКІШІ
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында аға оқытушы С.А. Нусупбаева ұйымдастыруымен ТДМ 16 (Тұрақты даму мақсаты 16) аясында «Заңға бағыну – азаматтық мәдениеттің көрсеткіші» тақырыбында ашық кураторлық сағат өткізілді.
ТДМ 16–Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Тұрақты даму мақсаттарының бірі болып табылады. Бұл мақсат бейбіт, әділетті қоғам құруға және тиімді, ашық институттарды қалыптастыруға бағытталған.
Іс-шара барысында шетелден келген қандас тыңдаушыларға заңға бағынудың азаматтық мәдениеттің маңызды көрсеткіші екені түсіндірілді.
Заңға бағыну – кез келген өркениетті қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін және қоғамдық тәртіптің сақталуына негіз болатын басты қағидалардың бірі екені атап өтілді. Қоғамдағы әрбір азамат заң талаптарын
сақтаған жағдайда ғана әділдік пен теңдік қағидалары жүзеге асатыны айтылып, заңды құрметтеу мен оған бағыну азаматтық мәдениеттің маңызды көрсеткіші болып табылатыны түсіндірілді.
Сонымен қатар азаматтық мәдениет адамның қоғамдағы өз құқықтары мен міндеттерін түсінуін, заң талаптарын саналы түрде орындауын және қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапкершілікпен қарауын білдіретіні атап өтілді.
Мұндай мәдениет адамның тек жеке мүддесін ғана емес, қоғамның игілігін де ескере білуінен көрінеді. Заңды сақтау арқылы адам тек өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің нығаюына да өз үлесін қосатыны түсіндірілді.
Ашық кураторлық сабақ барысында шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында жүріп-тұру ережелері, олардың құқықтары мен міндеттері, құқық бұзушылық түрлері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтар және олар үшін заңнамада қарастырылған айыппұл мөлшері туралы да кеңінен сөз қозғалды.
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушылары Уралбекова Ұ.М., Буланова Т.М., Какенова А.М.
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының
3 курс докторанты Нусупбаева С.А.
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ӨТТІ
11 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әз Наурыз – тазару, жаңару бастауы» атты мерекесі «Таза Қазақстан» идеясы негізінде өтті. Мерекелік шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дипломаттар, БАҚ өкілдері, түлектер, оқытушылар мен студенттер қатысты. 100 -ден аса өнерпаздар поэзиялық сахна қойылымдарын қойып, ұлы көш жүріп өтті. Бұл күні ҚазҰУ қалашығында тойланған мерекеде 20 жуық қазақ үй тігіліп, қазақтың ұлттық ойындары, спорттан өткізілген жарыстар өткізілді. Наурыз көже, бауырсақ, палаудан ауыз тиген қонақтар, оқытушылар мен студенттер, Қазақстанға келгендеріне тоғыз ай ғана болған қандас тыңдаушылар ерекше әсерге бөленді. «Өзіміздің нағыз қазақ екенімізді осы наурыз мерекесінде сезіндік» деген, қандас тыңдаушылардың қуаныштарында шек болмады.
Бұл жөнінде жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті, жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының тыңдаушысы Малшыбай Айбану наурыз мерекесінен алған әсерімен бөлісті: «Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен Наурыз мерекесіне қатысып, жүрегім ерекше әсерге бөленді. Бұл күн мен үшін жай ғана мереке емес, ұлттық рухты терең сезінген сәт болды. Сахнадағы әрбір көрініс – тарихтың үні, әрбір күй – қазақтың жаны секілді әсер етті. Дәстүрін, әні мен күйін, бірлігі мен болмысын сақтап қалған қазағымның ұрпағы екенімді шын жүректен сезіндім. Ең әсерлі сәтбір шаңырақтың астында жиналған барша қазақ жастарының «Сені сүйемін, Қазақстан» әнін бірге орындауы болды. Сол сәтте бәріміздің жүрегіміз бірдей соғып тұрғандай сезілді. Әртүрлі өңірден, әртүрлі елден келсек те, бәрімізді біріктірген — бір Отан, бір тіл, бір рух еді.
Наурыз-жаңару ғана емес, ол бірліктің, бауырмалдықтың, ұлттық мақтаныштың мерекесі екен. Осындай сәттер адамға күш беріп, жүрекке үміт сыйлайды. Мен қазақ болып туғаныма шексіз мақтанам!»
1926 жылдан бастап тойлануға тиым салынған наурыз, араға 62 жылдан кейін 1988 жылдан бастап қайтадан тойлана бастады. 2009 жылдан мереке 21,22,23 күндері тойланатын болды. Міне, енді балабақша, мектеп, университет, мемлекеттік орындарында, ауыл-аймақ бәрінде үлкен мереке ретінде ерекше жолға қойылған. Бүкіл Қазақстан 21 наурыздан бастап бір ай көлемінде наруыз мерекесін қазақтар мен басқа ұлт өкілдері қазақтың ұлттық киімдерін киіп, ауызбіршілікпен наурыз мерекесін өткізеді. Бірлігі жарасқан, мерекелерді бөліп-жарып қарамайтын, бір тудың астына біріккен қазақ ұлты мен ұлт өкілдері тұратын бірлігі жарасқан Елде ғана мерекелер осылай тойланады.
Әл Фараби атындағы ҚазҰУ
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушылары Какенова А.М., Буланова Т.М.
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының
3 курс докторанты Нусупбаева С.А.,
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
тыңдаушысы Малшыбай Айбану
Алматыдағы студент өмірі – арман мен мүмкіндіктер кезеңі
Алматы білім, ғылым, мәдениет орталығы және Қазақстан бойынша ең ірі, ұлттық білім ордаларының 30% астамы орналасқан, еіліміздің және әлемнің әр бұрышынан келген жастардың орталығы. Алматы креативті идея мен инновацияның тоғысатын, ғылыми ізденістерді жүргізуге, жаңа әлеуметтік орта қалыптастыруға ыңғайлы, дамуды шектемейтін, керісінше дамуына жол ашатын жастар қаласы. Қазіргі таңда бір ғана әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің өзінде 7 мыңға жуық шетелдік студенттер білім алуда. Студенттердің күнделікті өмірі дәрісханадан басталады. Жоғары оқу орындарында жастар таңдаған мамандығы бойынша терең білім алып, ғылыми жобаларға қатысып, өз қабілеттерін дамытады. Университет қабырғасында тек білім ғана емес, достық қарым-қатынас пен өмірлік тәжірибе қалыптасады. Студенттер түрлі мәдени іс-шараларға, мерекелік концерттерге, дебат клубтарына және еріктілік жұмыстарға белсенді қатысады.
Алматыдағы студент өмірінің тағы бір ерекшелігі — қаланың әсем табиғаты мен белсенді өмір салты. Сабақтан кейін студенттер қаланың көрікті жерлерін аралап, демалып, серуендейді. Таудың таза ауасы мен қаланың қарбалас тіршілігі жастарға ерекше шабыт сыйлайды. Бұл студенттердің оқу мен демалысты қатар алып жүруіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар көптеген студенттер тәжірибе жинау мақсатында қосымша жұмыс істейді. Бұл олардың жауапкершілігін арттырып, өз бетімен шешім қабылдауға үйретеді. Алматы жастары еңбекқор, белсенді әрі мақсатқа ұмтылатын буын ретінде қалыптасып келеді.
Міне, осындай әсем қаламызда шетелден келген қандас тыңдаушыларды жоғары оқу орнына дайындайтын жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті орналасқан. Жүз пайыз шетелдіктер білім алатын, жоғары оқу орнына дайындалатын факультетте 1985 жылдан бері мыңдаған тыңдаушылар тілдік және мамандығы бойынша пәндік дайындықтан өтті. 2025 жылы өзінің 40 жылдық мерекесін тойлаған факультет алда келетін тек қандастарды ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда білім алатын шетелдіктерді қабылдауға дайын. Қандас тыңдаушылар 2001 жылдан бастап факультетімізге қабылдана бастады. Алғашқы кезде 70, 100, 150 тыңдаушы ғана дайындықтан өтсе қазіргі уақытта гранттың өзіне 300-330, ақылы топқа 100-200 арасында қандас тыңдаушылар келеді. Факультет қандас тыңдаушыларға біліммен қатар жаңа ортаға бейімделуіне, мамандық таңдауға көмектеседі. Дайындқтан өткен тыңдаушыларымыздың 25-30% Қазақстандағы ең алғаш болып ашылған оқу орындарының бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, қалғаны Алматыда орналасқан ұлттық универсиеттерге түседі.
Қорытындылай келе, Алматыдағы студент өмірі — адамның тұлға ретінде қалыптасатын ең маңызды кезеңі. Бұл уақыт білім алумен қатар, жаңа достар табуға, өмірді тануға және үлкен мақсаттарға қадам жасауға мүмкіндік береді. Студенттік шақ – әр адамның жүрегінде мәңгі сақталатын ең жарқын кезең. Осындай жарқын сәттер мен мүмкіндіктерді беретін Алматы қаласы және осында орналасқан кез-келген университет.
Әл Фараби атындағы ҚазҰУ
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушылары Буланова Т.М., Какенова А.М.
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының
3 курс докторанты Нусупбаева С.А.,
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
тыңдаушысы Малшыбай Айбану
МОСТ КУЛЬТУР И ЗНАНИЙ: КУРАТОРСКО-ЭДВАЙЗЕРСКОЕ СОПРОВОЖДЕНИЕ ИНОСТРАННЫХ СЛУШАТЕЛЕЙ В КАЗАХСКОМ НАЦИОНАЛЬНОМ УНИВЕРСИТЕТЕ ИМЕНИ АЛЬ-ФАРАБИ»
В 2026 году кафедре языковой и общеобразовательной подготовки иностранных студентов факультета довузовского образования КазНУ им. аль-Фараби исполнилось 41 год. Она является центром подготовки иностранных учащихся по программам довузовской подготовки.
На кафедре сформирована уникальная методика обучения казахскому и русскому языкам как иностранным (КазКИ и РКИ). Благодаря инновационным методам обучения и подходам за полгода студенты достигают достаточного уровня для общения и учёбы Преподаватели регулярно разрабатывают собственные учебники и технологии.
Кроме занятий, особое внимание уделяется внеаудиторной деятельности — студенты живут яркой, насыщенной жизнью, что делает их пребывание в университете запоминающимся.
Основная цель воспитательной работы — создать условия для активной жизнедеятельности, самореализации и всестороннего развития слушателей в интеллектуальной, духовной, морально-культурной сферах.
На кафедре она реализуется через:
- помощь первокурсникам в адаптации к учёбе и быту;
- работу преподавателей кураторами групп;
- организацию досуга;
- формирование комфортной среды для личностного роста;
- развитие навыков здорового образа жизни (совместные прогулки, дискуссии, участие в спортивных событиях);
- воспитание качеств, важных для профессионального успеха, саморазвития и конкуренции в условиях глобализации.
Система воспитательной работы на кафедре языковой и общеобразовательной подготовки иностранных слушателей включает:
- психологическую и профилактическую поддержку, в первую очередь на этапе адаптации первокурсников: встречи с кураторами, ознакомление с историей и традициями страны, города, университета и кафедры, правилами внутреннего распорядка, проживания в общежитии, законодательством об образовании и уставными нормами.
- ежегодно кураторы-эдвайзеры организуют экскурсии в исторические и университетские музеи, знакомят студентов с библиотеками, помогают выбрать актив группы, проводят анкетирование. Также проводятся тематические беседы по вопросам дисциплины, внутренней и внешней политики университета, этики, культуры, эстетики, итогам сессий — с целью всестороннего развития личности.
Культурно-массовая деятельность на кафедре направлена на полноценное формирование личности, развитие её культурного потенциала и вовлечение в активную общественную жизнь.
Досуг слушателей — неотъемлемая часть воспитательного процесса. Его цель — повышение культурного уровня и мотивацию студентов к участию в творческих и массовых мероприятиях. Участия в них способствует гармоничному развитию, укреплению командного духа и чувству принадлежности к университету.
Мероприятия, проводимые в течение учебного года:
- День открытых дверей
- День языков народов Казахстана
- Посвящение в студенты
- Празднование китайского Нового года
- Наурыз — праздник весны и возрождения
- До свидания, до новых встреч!
Все мероприятия строятся с учётом целостного развития личности: освоение казахского и русского языков, отработка практических навыков общения, применение знаний в реальных ситуациях. Работа кураторов-эдвайзеров направлена на поддержку участия слушателей во всех видах деятельности, обеспечивая баланс между учёбой, творчеством и личностным ростом.
А.С. Казмагамбетова, С.А.Нусупбаева
Преподаватели
факультета довузовского образования
КазНУ им. аль-Фараби
ТАЗА ОРТА – ЖАЙЛЫ ӨМІР
Студенттер тұратын жатақхана – көптеген жастың бір ортада өмір сүріп, білім алып, тұлға ретінде қалыптасатын ерекше кеңістік. Осындай ортада тазалықты сақтау – әрбір тұрғынның басты міндеті.
Осы орайда, “Таза Қазақстан” жобасы аясында
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының жатақханада тұратын тыңдаушылары арасында “Таза орта – жайлы бөлме” атты іс-шара өтті. Аталған іс-шара “Өз бөлмең – өз әлемің” тақырыбы аясында ең таза, ең әдемі бөлмелер арасында байқау ретінде ұйымдастырылды.
Таза бөлме – адамның ішкі мәдениетінің көрінісі. Бөлменің жинақы, жарық, таза болуы студенттің оқуына да, демалуына да оң әсер етеді. Мұндай ортада адам өзін еркін сезінеді, ойы жинақталып, өнімді жұмыс істеуге мүмкіндік туады.
Осы мақсатта ұйымдастырылған байқау барысында қатысушылар бөлменің тазалығына ғана емес, оның безендірілуіне, заттардың үйлесімді орналасуына, шығармашылық элементтерге де мән берген. Кейбір бөлмелерде ұлттық нақыштағы бұйымдар, кітап бұрыштары немесе шағын жасыл өсімдіктер арқылы ерекше атмосфера қалыптасқаны байқалады.
Бір бөлмеде тұратын жастар бірлесіп еңбек етіп, ортақ нәтижеге жетуге ұмтылғаны қуантты.
Қорытындылай келе, сайыс нәтижесі бойынша:
I – орын 304-А бөлмесі
II – орын 323-2А бөлмесі
III – орын 323-Б мен 328 – 2Б бөлмелері ең таза, ең әдемі бөлмелер деп танылды.
Жатақханада ұйымдастырылған таза бөлме байқауы – тек жарыс қана емес, тыңдаушыларды тәртіпке, ұқыптылыққа және ортақ жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды шара.
Қорытындылай келе, тазалық – денсаулықтың кепілі ғана емес, ол – табысты өмірдің негізі. Әр студент өз бөлмесінің тазалығына жауапкершілікпен қарап, оны жайлы әрі қолайлы ортаға айналдырса, жатақхана да шын мәнінде білім мен тәрбие ордасына айналады. Сондықтан да «Таза орта – жайлы өмір» ұраны әрбір жастың өмірлік қағидасына айналуы тиіс.
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушылары Қасымова Ж.П., Айдарова Б.С., Смағұл М.Ж.
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының
3 курс докторанты Нусупбаева С.А
ҒЫЛЫМҒА БАСҚАН АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ
7 cәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде жас ғалымдар мен студенттердің Халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Қандас тыңдаушылардың ғылымға алғашқы қадамдары осы конференцияда жасалады. Университетіміздегі студенттердің, оқытушылардың ғылыми конференцияарының көбі осы сәуір айында өтеді. Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында 7 секция жұмыс істеді:
5 секция- Білім, ғылым және қоғам: жас зерттеушілердің заманауи көзқарасы
6 секция – Ғылыми ізденіс: қазақ тілінің мәселелері, векторлары және перспективалары
7 секция «Қазақстан тарихы: мемлекет, қоғам және тұлғалар»
8 секция Әлемдік тарихи үдерістер: мемлекет пен қоғам дамуының заманауи интерпретациясы
9 секция Жасанды интеллект алгоритмдерінің математикалық негіздері
10 секция Жаратылыстану ғылымдарының қазіргі даму бағыттары
11 секция Қазіргі қазақ әдебиетінің даму тенденциялары
Барлығы 111 ғылыми жұмыстар қорғалып, өзекті, ғылыми жаңалығы бар еңбектер 1.2,3, орындарға ие болды. Жеті секция бойынша бірінші орын алғандар, қайтадан өзара университет деңгейінде берілетін ақшалай сыйлықты жеңіп алу үшін ғылыми жұмыстарын қорғап, жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының екі тыңдаушысы 2,3 орын ие болды. Конференцияның жабылу салтанатында Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы А.А. Бектанов сөз сөйлеп, университет деңгейінде орын алғандарға дипломдар мен сыйлықтарын табыстады. Кейбір тыңдаушылар өте белсенділік танытып, бірнеше секцияға қатысқаны бар. Сондай өте белсенді тыңдаушыларымыздың бірі Малшыбай Айбану төрт секция бойынша ғылыми жұмысын қорғап, 5 секцияда 2 орын, 7 секцияда 1 орын, 8 секцияда 2 орын, 11 секцияда 2 орынға ие болды. Бірінші орындағы тыңдаушылармен өзара тағы да орынға таласқан Айбануға университет деңгейінде 2 орын иегері атанып, ректордың атынан ақшалай және бағалы сыйлық табыс етілді.
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушылары Смағұл М.Ж., Уралбекова Ұ.М., Айдарова Б.С.
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының
3 курс докторанты Нусупбаева С.А
БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ШӘКІРТ – САПАЛЫ БІЛІМ НӘТИЖЕСІ
Сонау Моңғолия жерінен Елім, Жерім деп келіп, қазіргі таңда Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде білім алып жатқан Малшыбайқызы Айбану 2007 жылы Моңғолия мемлекетінде дүниеге келген. Орта білімін Баян-Өлгий қаласында аяқтап, білімін шыңдау мақсатында Атамекеніне оралған.
Айбану сурет салумен, өлең жазумен, әртүрлі қолөнер бұйымдарын жасаумен, өлең оқумен, эссе жазумен, Қазақстан тарихынан әртүрлі жобалар, видео сабақтар жасаумен айналысатын жан-жақты талантты қыз. Айбану — білім мен шығармашылықты қатар алып жүрген, ізденімпаз әрі белсенді студенттердің бірі. Университет қабырғасында тек оқу үлгерімімен ғана емес, қоғамдық өмірге белсенді араласуымен және түрлі байқаулардағы жетістіктерімен ерекшеленіп келеді.
Студенттердің талантты емес, еңбекқорлығы жеңіске жетелейді. Сондай еңбекқор студенттердің бірі Айбану өте кішіпейіл, өзін үздіксіз дамытып жүретін, оқытушылардың берген тапсырмасын уақытында орындайтын, ғылыми мақала, еңбектерді оқып ғана қоймай, өзінің ғылыми жұмыстарына пайдаланып, Қазақстан тарихы сабағында әртүрлі бағдарламалармен дәріске видеолар жасап, тыңдаушылардың жаңа пәнді жылдам қабылдауына көмектеседі.
Дүние жүзі тарихынан ғылыми жоба аясында Қазақстанға келетін қандас тыңдаушыларды мамандық, университет таңдауға көмектесетін ютуб, инстаграм, фейсбук, тик-ток парақшаларын ашып, Алматыда оқитын студент, тыңдаушылардан сұхбат алып, қызықты жаңалықтармен бөлісіп отырады. Сонымен қатар топ басшылық қызметін қосымша атқарып, достырына әрқашан көмектесіп жүреді және жатақханада да өте белсенді. Айбану осындай белсенділігі қарамастан сабақтардың барлығына күнделікті дайындалып, ешуақытта себепсіз жібермейді. Қазақтың, Моңғолдың ретро әндерін тыңдап, өзінің жобаларына қосуға тырысады. Бос кезінде студенттерге қызықты пост, күнделік жазып, өзінің жеке пікірлерімен әрқашан бөлісіп отырады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетте оқып жатқан жеті айдың ішінде жеткен жетістіктері:
Шығармашылық жетістіктері:
- Күзгі бал байқауы — III орын
- «Жас шебер» стартабы аясында ұйымдастырылған «Сырға толы сыңғыр бұрым» байқауы — I орын, диплом және алғыс хат
- «Эко сурет — Табиғатты аялайық» сурет байқауы — Алғыс хат
Білім мен ғылым жолындағы жетістіктері
- «Ұлы ерлікке — 115 жыл: Б.Момышұлы мұрасы» республикалық шығармашылық байқауы, эссе номинациясы — II орын
- «Ustaz tilegi» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған ағылшын тілі пәні бойынша студенттер арасындағы онлайн олимпиада — II дәрежелі диплом
Ғылыми жетістіктері:
«Фараби әлемі» ғылыми конференциясында бірнеше пән бойынша жүлделі орындарға ие болды:
- Қазақстан тарихы — I орын
- Қазақ тілі — I орын
- Дүниежүзі тарихы — II орын
- Әдебиет — II орын
Айбану — білімге құштар, шығармашылық әлеуеті жоғары, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас талапкер. Оның әрбір жетістігі — үздіксіз еңбектің, табандылықтың және алға ұмтылған жігердің айқын көрінісі.
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушылары Смағұл М.Ж., Айдарова Б.С., Уралбекова Ұ.М.
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының
3 курс докторанты Нусупбаева С.А
ҚАНДАС ТЫҢДАУШЫЛАР НАРХОЗ УНИВЕРСИТЕТІМЕН ТАНЫСТЫ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде ұлттық бірыңғай тестке дайындалып жатқан 9 (ағылшын/дүние жүзі) тобының қандас тыңдаушылаыр 28 наурыз күні Нархоз университетінің ашық есік күніне барды. Кәсіби бағдар бойынша қандас тыңдаушыларды Алматыда орналасқан университеттермен таныстыру жұмыстары басталды. 25 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс істеп келе жатқан дайындық кафедрасы қандас тыңдаушыларды жаңа ортаға бейімделу мен мамандық таңдауда өте белсенді жұмыс істейді.
Бұл жолы 1963 жылы жылы Алматы халық шаруашылығы институты (АХШИ) болып құрылып, қазіргі атауға 2016 жылы ие болған Нархоз университетімен таныстыру болды. Нархоз 2001 жылдан 100% жеке меншік университетке айналды. Университет құрамына дайындық бағыттары бойынша 5 кәсіптік ғылыми-зерттеу орталықтары, ғылыми-білім беру департаменттері, колледж кіреді.
2022 жылы университет жаңа клмпусының қайта құрудан кйеінгі салтанатты ашылуы өтті. ІT- зертхана, 112 аудитория, 112 аудитория, 115 ашық кеңістік жұмыс аймағына ие. Шетелдік студенттер үшін жеке офис қарастырылған.
«Еmen»студенттер үйі 2024 жылы қолдануға берілді. Бұл жалпы ауданы 8700 м 2 болатын үш, бес және жеті қабатты ғимараттар кешені. 424 орын қарастырылған. Бөлмеге сандық код құлыптары арқылы кіруге болады. Ерекше мұқтаждықтары бар студенттердің тұруы үшін бейімделген бөлмелер қарастырылған. Жеке кір жуатын бөлме, сонымен қатар әр қабатта ас үй мен жұмыс орындары, бірінші қабатта дүкен, кофехана, шаштараз, медициналық пункт, төбесінде жасыл терраса бар.
Қандас тыңдаушылардың таңдаған пәндері бойынша өздеріне келетін Халықаралық қатынас және саясаттану факуьтеттерімен, оқу ғимараттарымен танысып, өздеріне қажетті мәліметтерді алды. Біздің мақсатымыз кәсіби бағдар бойынша қандас тыңдаушылардың жанына жақын, өзін еркін сезіне алатын университеттермен таныстыру. Мүмкін бұл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Нархоз немесе мүлде басқа университет болуы мүмкін.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- ULUSMEDIA 08.2024 ж. https://qaz.ulysmedia.kz/news/18975-narkhoz-universiteti-almatyda-zhana-formatta-salyngan-zhatakkhanany-ashty/
Шетел азаматтары наурыз мерекесін тойлады
Әр жылы көктемнің келуін білдіретін Наурыз мерекесі тек қазақ халқының ғана емес, көптеген елдердің дәстүрлерімен тоғысып, бірлік пен достықты насихаттайды. Жыл сайын наурыз айы Қазақстан үшін мерекелерге толы айлардың бірі. Қазақстанда наурыз мейрамын жаңа тұжырымдама бойынша тойлау 14-23 аралығында аталып өтеді. Бұл кезең ұлттық құндылықтарды, мәдениетті, салт-дәстүр мен бірлікті дәріптеуге бағытталған 10 күндік ауқымды іс-шара. Онкүндік Көрісу күннен басталып, Наурыз мейрамымен аяқталады.
14 наурыз – Көрісу күні (Амал мерекесі)
15 наурыз – Қайырымдылық күні
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні
17 наурыз – Шаңырақ күні
18 наурыз – Ұлттық киім күні
19 наурыз – Жаңару күні
20 наурыз – Ұлттық спорт күні
21 наурыз – Ынтымақ күні
22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні (Жыл басы)
23 наурыз – Тазару күні
Қазақстанның университеттерінің қара шаңырағы Әл-Фараби атындағы қазақ университетінде мерекелерді ерекше қарсы алып атап өткізеді. Әр елден келген студенттер өздерінің ұлттық киімдерімен, тағамдары мен әдет-ғұрыптарын таныстырды. Бұл мереке тек мереке емес, әр ұлттың мәдениетімен танысуға, жаңа достар табуға мүмкіндік беретін ерекше алаң болды.
Мереке барысында студенттер ұлттық тағамдардан дәм татып, әр елдің салт-дәстүрлерімен танысты. Біздің факультетімізден осы іс-шараға қатысқан Моңғолиядан келген тыңдаушылар Монғолияның қазақтарының және Моңғол халқының ұлттық тағамдарын алып барып, дастархан жасап мерекенің сәнін арттырды. Сол күні әр мемлекеттен келген шетелден келген әр ұлттың дәстүрлі биі мен әсем әндерін тыңдап, қызықты қойылымдарға куә болды. Барлығы көңілді, жылы жүздермен, музыкалық әуендермен және әртүрлі мәдени ерекшеліктермен есте қалды. Бұл шара әр студенттің мәдениетін терең түсінуге, бір-біріне құрмет көрсетуге және шынайы достық сезімін нығайтуға септігін тигізді.
Наурыз мерекесі Әл-Фараби университетінде тек мереке емес, әр мәдениеттің әдемілігі мен байлығын сезінуге, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға арналған ерекше оқиға болды. Бір дастархан айналасында әр ұлттың тағамдары, әдет-ғұрыптары мен әсем өнерлері бір-бірімен тоғысып, шынайы бірлікті көрсетті. Осындай сәттер әр студенттің жүрегінде мәңгі есте қалатын жылы естеліктерге айналады.
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының
3 курс докторанты Нусупбаева С.А.,
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
тыңдаушысы Малшыбай Айбану
Әл Фараби атындағы ҚазҰУ
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушылары Какенова А.М., Буланова Т.М.,