Өнерлі өрге жүзеді
Жас шыбықты баптасаң жайқалып тал болады. Гүлді уақытында суарсаң бүршік жарып, гүлдейді. Ендеше жас баланы кішкентайынан өнерге, оқу-білімге баулысаң үлкен жетістіктерге жетеді. Әрбір табысқа жеткен адамның артында қолдаушы ата-анасы немесе ұстазы тұрады. Бүгін осындай өнерлі бүлдіршін Іңкәр Дәулетбекқызы туралы тоқталмақпыз. Ол Ногооннуур сұмыны жалпы білім беретін 1-аға мектебінің 5-сынып оқушысы. 3 жасынан бастап әнші балапан сайысына, әртүрлі би сайыстарына қатысып, балабақшаны “Сұмындық өнерлі бүлдіршін” номинациясымен аяқтайды. Отбасы бала және жастарды қолдау басқармасынан жүрілетін дәстүрлі «Би әлемі» сайысына жеке және топ билермен қатысып бас жүлде, Улаанбаатар қаласында өткен «Хүн домог» балалар фестиваліне қатысып арнайы жүлдемен марапатталған. 2022 және 2023 жылдары биші ұстаз, ММОҚ Айнұр Юрақызының командасына келіп, сол жылдары біршама табыстарға жеткен. Ресей елінің «Горно-Алтай», «Барнаул» қалаларынада өткен халықаралық би сайыстарына «Домбырашы қыз» жеке және топ биімен қатысып, табыс биігінен көрінген. Іңкәрдің осындай табысқа жетуіне әкесі Дәулетбек пен анасы Құндыздың қолдауы мен ақ тілегінің нәтижесі деуге болады. «Әр би сайысында әртүрлі киім тіккіземін. Биге жаттығуы үшін бос уақыт шығарып, уақытында үйірмесіне апарып, әкеліп бар мүмкіндікті жасаймыз» дейді анасы. Іңкәр Дәулетбекқызы Қазақ, Монгол, Орыс, Үнді билерін билейді. 2022 жылы сұмынның үздік оқушысы болса, 2023 жылы аймақтық үздік оқушы марапатымен сыйланған. «Осындай жетіктіктерге жетуіме – ұстазым Гүлдәурен Кәртеңбайқызы, 3 жасымнан бастап биге баулыған ұстазым – Алтай Хазезұлы, осы күнгі ұстазым – Айнұр Юрақызы, мектеп директоры –Рая Шериязданқызы, сұмын әкімі – Есболат Құрметқанұлына алғысым шексіз. Алға асқақ арман, биік мақсат қойып оқуым мен өнерімді қатар алып жүремін» дейді Іңкәр. Ендеше біз де Іңкәрға табыстар тілейміз.
Алған марапаттары