Ата дәстүрді ардақтаған – Айнагүл Айыпқанқызы
Сайтымыздың «Кәсібім-несібем» айдарының кезекті санын Монғолия сауда палатасының жанындағы «Кәсіпкер әйелдер ұйымының» төрайымы, «Памукале» ресторанының директоры Айнагүл Айыпқанқызына арнамақпыз. Ол кәсіппен айналысқанына яғни «Памукале» компаниясын орнатқаннан бері 20 жыл уақыт болған. «Алғашқы бес жылды тәжірибе жылы деп көремін. Алғаш мейрамхана ашқан кезде біршама қиындықтар кездесті. Ол кезде де көптеген азық-түліктер қазіргі сияқты Улаанбаатар қаласынан тасымалданатын. Алайда, қазіргідей жол мәселесі шешілмеген. Миниавтобус, Пургон сияқты көліктер адам және жүк тасылмалдайтын. Осы кездерде кейбір азық-түлік уақытында жетпей қалатын. Сонымен қатар электр тоғы да көп үзілетін. Біз жаңа кәсіп ашқан кездерде нан-тоқаш, торт, кейкстерді өзіміз жасап тұрдық. Электр тоғымен жүзеге асатын көптеген азық-түліктер дұрыс піспей қалатын кездер де болатын. Қысқасы барлығы оп-оңай бола қойған жоқ» дейді Айнагүл ханым.
Уильям Шекспир: «Жетістікке жетудің үш ережесі: өзгелерден артық білу, өзгелерден көп еңбектену, өзгелер күткеннен азға үміт ету» дейді. Яғни әр адам үшін жетістік аса маңызды. Барлығы да шыңына шыққысы келеді. Ал біздің қарапайым түсінігімізде жетістік дегеніміз – өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу, одан ләззат алу. Және сол арқылы табысыңды арттыру. Маңайыңдағы адамдарға пайда келтіру. Мінеки осындай қарапайым қағидаларды ұстанып бүгіндері өз кәсібін ашып, аймағымыздың бизнес саласында айтарлықтай өз орыны бар қыздарымыздың бірі де бірегейі Айнагүл Айыпқанқызы десек қателесе қоймаспыз. Ол тек кәсіппен ғана айналысып қоймай, қоғамдық әлеуметтік жұмыстарға белсене араласып, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуде өзіндік үлес қосып жүрген қарагөздеріміздің бірі. Айнагүл мен жары Абдуллуһ үш жыл қатарынан өз меншіктеріндегі «Паккале» демалыс орнында «Көшпенділер фестивалін» ұйымдастырған. Бұл фестивальге кететін бүкіл қаржыны кәсіпкерлер өз мойнына алған. Бұдан тыс жұмыссыз аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да барынша қолдаулар көрсетіп келеді.
Аталмыш фестивалге халық өте белсенді қатысқан. Бүркітшілер сайысына 40-тан астам бүркітші қатысып бірінші орын – Дамысбек, екінші орын – Правдия, үшінші орын – Қайырым деген азаматтар болса, қатысқан барлық бүркітшілерге ақшалай марапаттар ұсынылды. Ал, кесте сайысына 40-тан астам кестешілер қатысып, нәтижесінде Амангүл бірінші, Тотықұс екінші, Тілекгүл үшінші орынды қанағат тұтты. Асықтан «Құс қағу», «Асық ату» деген 2 түрде жүріліп, қортынды нәтижесі бойынша «Құс қағудан» Ақерке бірінші, Бәтешқан екінші, Фатима үшінші орын болған. Ал, асық атудан Әлібек бастаған «Көкжал тобы» бірінші, Нұртуған бастаған «Жорға тобы» екінші, Қанағат бастаған «Бүркіт тобы» үшінші орындарға ие болған. Сондай-ақ Монгол асық ату ұлттық ойыны яғни «Шагайн харваа» сайысы да жүрілді. Бұл ойын түрі биыл жаңадан қосылып, Қобда аймағынан 30-дан астам ойыншылар келіп қатысты. Бірінші орынды Қобда аймағының Галбайр бастаған «Оч» тобы жеңіп алса, екінші орынды Қобда аймағының Тэмүүлэн бастаған «Хас Алтай» тобы, үшінші орынды аймағымыздың Хүслэн бастаған «Өлгий-2» тобы иеленді. «Сурын харваа» яғни Монгол ұлтының садақ ату сайысы ерлер мен әйелдер деп екі түрде өтті. Ерлер арасында Урианхай садақ ату түрінен бірінші орынды еліміздің мемлекеттік мергені Батгэрэл иеленсе, екінші орынды Буянт сұмынынан келген мерген Баатархүү, үшінші орынды аймақтық мерген Алтаншагайлар бөлісті. Ал, мерген қыздардың ішінен жас мерген Наранцэцэг бірінші, 2-мектептің ұстазы Нансалма екінші, аймақтық полиция басқармасында қызмет ететін Элбэгзаяа үшінші орындарды бөлісті. Сонымен қатар биылдан бастап ұлттық ойындар қатарына жаңадан қосылған «Ат үстінде садақ ату», жамбы ату ойынын Моңғолия мемлекетінің мергені Батгэрэл, Улаанхус сұмынынан арнайы келген, «Жамбы ату» ойынын қайта жаңғыртып жүрген Болат бастаған он шақты ойыншылар аталмыш ойынды көпшілікке тамашалатты. Сонымен қатар қазақтың ұлттық ойыны «Қыз қуу» да ойнатылды. Аталмыш ұлттық сайыстарға төрелік еткен азаматтарға, ат салысқан халық көпшілікке рахмет жолдаймыз дейді кәсіпкер әйелдер мемлекеттік емес ұйымының төрайымы Айнагүл Айыпқанқызы.