Абай Құнанбайұлының гуманистік іліміндегі теңдік және инклюзивті білім беру идеясы
Ерекше жандарға деген көзқарас тарих толқынындажеккөрініштен түсіністікке дейін ұзақ жол жүрді. Бір кездері олар қоғамнан алыстатылып, өзге әлемнің адамы секілді қабылданса, бүгінде олардың да армандай алатынын, табысқа жете алатынын мойындайтын кезеңге жеттік.Дәстүрлі қазақ қоғамында қазақ халқының өз ұрпағының физикалық денсаулығына және туа біткен, тұқым қуалаған кемістіктердің алдын алуға ерекше назар аударғанын көрсетеді. Бұған «Жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүрі дәлел болады, бұл ереже бұзылған жағдайда ұрпақтардың денсаулығында физикалық ауытқулар пайда болатынын білдіреді. Қазақтар арасында обал және сауап ұғымдары кеңінен таралған. Мысалы, жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, мұқтаж жандарға жәрдемдесу, тіпті құстың ұясын қалпына келтіру сияқты әрекеттер осы ұғымға жатады. Мұны мынадай мақал-мәтелдерден көруге болады:«Жетімді көрсең, жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан ащы».Уақыт өте келе бұл ұғымдар қазақ халқының мәдениетіне терең сіңісіп, халықтың ерекше қасиеттерінің біріне айналды.
«Адамның бір қызығы — бала» деп Абай айтқандай, әр ата-ана өз перзентінің кедергісіз, толық білім алғанын қалайды. Бірақ кейде дәл сол ата-аналар өздері байқамай, сол білім жолына кедергі жасап жатады. Мысалы, кейбірі баласының инклюзивті сыныпта оқуына қарсы. Алайда бұлбір баланың құқығын қорғаймын деп, екінші бір баланың мүмкіндігін шектеу. Инклюзивті білім – тек ерекше балалар үшін емес, барша оқушыларды төзімділікке, түсіністікке, адамгершілікке тәрбиелейтін орта. Сондықтан кедергіні сырттан емес, ішімізден іздеп, өз көзқарасымыздан бастап өзгеріс жасау — бүгінгі қоғам үшін аса маңызды қадам.
Ата-аналар арасында инклюзивті білім берудің маңыздылығын насихаттауда конференция, тренингтер өткізу қажет, бірақ бұл оның жалғыз шешімі емес. Осы жағдайдағы шешімнің түпкі негізі – сүйіспеншілік пен түсіністік арқылы көзге көрінбейтін кедергіні жоюда жатыр. Бұл мәселеде Абай Құнанбайұлының «Адамзаттың бәрін сүй» деген гуманистік идеясы инклюзивті білім берудің негізін құрай отырып, мәселенің түйінін де ашып береді. Абайдың бұл идеясы арқылы әр баланың жеке ерекшеліктерін қабылдап, оларды тең құқық және сүйіспеншілікпен қолдау, білім мен тәрбиенің гармониясын құру маңызды. Ата-аналар мен педагогтар инклюзивті білім берудің мәнін терең түсініп, баланың ерекше қажеттіліктерін қабылдауға және оған қолдау көрсетуге дайын болуы керек. Сондықтан инклюзивті білім беру тек теориялық тұрғыда емес, практикалық тұрғыда да сүйіспеншілік пен білімнің үйлесімі арқылы жүзеге асуы шарт.
Американдық атақты ұстаз Р.Шульман (2004) педагогтар үшін кәсіби шеберлікті меңгерудің үш элементіне сілтемежасайды. Біріншісі – «бас», мамандыққа қатысты танымдық білімдер мен теориялық негіздерге сүйенеді. Екіншісі – «қол», бұл рөлдегі негізгі міндеттерді орындау үшін қажетті техникалық және практикалық дағдыларды қамтиды. Және соңғысы, «жүрек» – нақты мамандық пен оның жұмыс тәсілдері үшіншешуші рөлге ие этикалық және рухани аспектілер, түсініктер мен сенімдер.Р.Шульманның үш кәсіби шеберлігін инклюзивті білім беруде TPLміндеттерін тұжырымдау үшін пайдаланды.
Ұлы Абайдың осы орайда “Үш ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек” деген өлең жолдары еске түседі. Ыстық қайрат – бұл педагогтың әр баланың болашағы үшін қажырлы еңбек етуге дайындығы мен табандылығы. Нұрлы ақыл – инклюзивті тәсілдерді, саралап оқытудың әдістерін меңгеру, әр оқушының ерекшелігін ғылыми тұрғыда ескере отырып, бағдарлап білім беру. Ал жылы жүрек – ерекше қажеттіліктері бар оқушыларға мейіріммен қарап, оларды қолдау, түсіну және шабыттандыру. Осы үш қасиет – инклюзивті білім беруде табысты педагог болудың негізгі іргетасы.
Бұл ой Шульман ұсынған үш кәсіби шеберлік компонентіне ұқсайды. Бірақ Абай осы идеяны ХІХ ғасырда-ақ терең даналықпен айтып кеткен. Демек, педагогтар кәсіби жауапкершіліктің, адами қарым-қатынастың, әдістемелік ізденістің іргетасын дәл осы жерден, Абайдың даналығынан табуға болады. Инклюзивті білімнің негізі– қайрат, ақыл және жүрек үндестігімен ғана толық іске асады.
“Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!”– деген өлең жолдары инклюзивті білім беру қағидаларымен терең үндеседі. Ақын әр адамның қоғамда өз орнын табу керектігін айтса, инклюзияның мақсаты –баланың бойындағы потенциалды ашып, оның қоғамда кірпіш болып қалануына ат салысу. Әр бала – ерекше. Бірақ кірпіштердің бәрі бірдей қалыпты формада емес: біреуі дөңгелек, біреуі үшбұрыш, енді бірі жұлдыз пішінді кірпіш іспетті. Сондықтан инклюзивті білім беру жүйесі балаларды бір стандартқа сәйкестендіруге емес, олардың ерекшеліктерін ескере отырып, әрқайсысына өзіне лайық орнын табуға көмектесуге бағытталуы тиіс.
Абай Құнанбайұлының идеялары қазақ халқының терең гуманистік болмысынан туындаған көзқарас. Көшпелі қазақ қоғамының ғасырлар бойында жинақталған тәжірибесі Абайдың адамсүйгіштік философиясынан көрініс тапты. Сондықтан, қазіргі заманда ұлы ойшылдың «махаббатсыз дүние бос» екенін басты ұстаным ретінде қабылдай отырып, әрбір ерекше балаға жүрек жылуын арнау – инклюзивті білімді дамытудың нағыз алтын өзегі.
Авторлары: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тарих факультеті,Дүниежүзі тарихы тарихнама деректану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Толқын Нұрасылқызы Мухажанова, 1 курс магистранты ТұрсынбекТалшын.