Құрылтай – қазақтың төл ұғымы!
Қазақ халқының саяси мәдениетінде құрылтай ерекше орын алады. Құрылтай – тек тарихи ұғым ғана емес, ол көшпелі қоғамдағы билікті ұйымдастырудың, ортақ шешім қабылдаудың маңызды тетігі болды. Құрылтай – түркі-монғол жұртына тән ресми кеңес, жиналыс атауы. «Құрылтай» сөзінің түпкі мағынасы құралу, жиналу, түгелдену дегенге саяды. Қазақта күні-бүгінге дейін: «Ағайын-туыстың басы түгел құралып қалған екен», – деп айтылып жатады.
Құрылтайдың тарихы арғы дәуірлерге кеткенімен, нақты көрініс тапқаны – Ұлы Монғол ұлысы немесе Шыңғыс хан империясы құрылғаннан бергі кезең болып саналады. Құрылтай – дәрежесіне қарай кіші және ұлы құрылтай болып бөлінген. Кіші құрылтай мен Ұлы Құрылтайдың шақырылуы мен оған қаысу үшін шақырылатын тұлғалардың лауазым, дәрежелері өзгеше болғандығын көреміз. Атап айтқанда Ұлы Құрылтай – ханның алтын ұрпақтары, нояндар мен биік лауазым иелері қатысқан ұлы жиын. Құрылтайға хандықтың билік өкілдері қатысумен қатар, хан сайлау құрылтайына хан мен оның ханымдары, ұлдары, туыс-туғандары қатысатын болған. Әскери істер, қызметке тағайындау, келісім-шарттар жасау, ішкі-сыртқы шаруалар т.б. құрылтайда күн тәртібіне қойылып, шешіліп отырған. Сонымен қатар ханды таққа ұсыну, ханға кеңес беру, мемлекттік биік лауазымдық билікті бейсауат әлдекімнің заңсыз иеленіп кетуінен сақтандыру, жаңадан сайланатын хан билігінің заңдық негіздемесін бекіту қатарлы мәселелер – құрылтайдың маңызын арттырып отырған.
«Монғолдың құпия шежіресі» кітабының 269 тармағында мынадай мәлімет бар: «Тышқан жылы (1228) Шағатай, Бату бастаған батыс қанатты иеленген ұлдар, Отчигин ноян, Жэү, Эсүнхэй бастаған сол қанатты иеленген ұлдар, Толуй бастаған орталықты иеленген ұлдар, қыздар, түмен нояндары, мыңдық нояндары барлығы Керліннің Көде аралында жиналып, Шыңғыс ханның өсиеттеген жарлығы бойынша Өгедейді хан көтеріп сайлады». Аталған кітаптың соңғы, 282 тармағында да Ұлы Құрылтай туралы айтылады: «Ұлы Құрылтай болып, Тышқан жылы (1240) жылы құран (жетінші) айда Керліннің Көде аралында, Долон болдог, Шилкінсек екеуінің ортасына хан ордасы қонып жатқанда жазып аяқтадым» делінген. 
Ал Кіші Құрылтайға ел билеушілері мен қатар лауазымды тұлғалар, мемлекет ауқымындағы ықпалды адамдар, танымал тұлғалар қатысатын болған. Қазақ тарихында да Қарақұмдағы халық құрылтайы, Ордабасыдағы құрылтай т.б. ел тарихындағы елеулі мәселелерді қозғайтын келелі кеңеске негізделген жиындар өткені белілі. «Құрылтай» сөзі Орта Азия мемлекеттерінде күні кешеге дейін (1920 ж.) мемлекеттің жоғарғы билігі мағынасында қолданылып келд. Ол маңызды мемлекеттік, әскери және қоғамдық мәселелерді шешу үшін шақырылатын кеңес, жиын мағынасын білдіреді. Ортағасырлық деректерде құрылтай хан сайлау, соғыс жариялау, елдің ішкі-сыртқы саясатын айқындау сияқты шешуші функцияларды атқарған. Қазақ хандығы кезеңінде құрылтайлар елдің бірлігін сақтауда, биліктің легитимділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Хандар құрылтай арқылы сайланып немесе бекітіліп, ел тағдырына қатысты шешімдер ақсүйектер мен ру басыларының қатысуымен қабылданды. Бұл құрылтайдың ұжымдық басқару элементтеріне негізделгенін көрсетеді. Дәстүрлі қазақ қоғамында құрылтай биліктің абсолютті емес, кеңеске негізделген сипатын қалыптастырды. Құрылтай барысында хан, билер, батырлар мен ру басылары пікір алмасып, консенсусқа келуге ұмтылды. Бұл жүйе қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және әлеуметтік келісімді қамтамасыз етуге бағытталды. Құрылтай институты жазбаша заңдарға емес, әдет-ғұрып құқығына, моральдық беделге және қоғамдық келісімге сүйенді. Құрылтай – түркі халықтары, оның ішінде қазаққа да тиесілі төл сөзі болғандықтан, алдағы кезеңдерде ұлттық пленум, форум тіпті парламенттің тұрақты отырысын да осылай атауға негіз бар. Мұны – арғы дәуірлерден жалғасқан мемлекет басқару дәстүрін жаңғыртудағы бір қадам деп қарастыруға әбден болады. Өткені мен бүгінгісін және ертеңін бөле-жара қарамайтын өзге жұрттар осылай жасап отыр.
Сондықтан ол халықтың саяси мәдениетін қалыптастырып, жауапкершілік пен ортақ мүдде идеяларын нығайтатын саяси құрылым.
2026 жылғы 20-21 қаңтар аралығында Қызылорда қаласында өткен – Ұлттық құрылтайдың бесінші (V) отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентті «Құрылтай» деп атау туралы идеясы айтылған болатын. Бұл идея тек атауды өзгертумен шектелмей, заң шығарушы органның негізінен жаңа формаға түсуін көздейді.
- Президент Парламенттің қазіргі екі палаталы жүйесін өзгертіп, оны бір палаталы заң шығару органы ретінде қайта құру идеясын талқыға салды.
- Бірқатар сарапшылар мен талқылауларда Парламентті «Құрылтай (Курултай)» деген атауға айналдыру идеясы айтылып жүр. Бұл атау тарихи дәстүр мен қоғамның тікелей қатысуымен шешім қабылдаудың символы ретінде ұсынылған.
- Осылайша атаудың өзгеруі – бұрынғы жүйенің орнын жаңа, халықпен одан датығыз байланыстағы органға беру деген мағынаны береді.
- Идеяның негізі – саяси жүйені демократияландыру мен халық қатысуын кеңейту:
- ✔ Құрылтай немесе бірпалаталы орган тез әрі тиімді заң қабылдауы мүмкін.
✔ Ол ел дамуындағы жаңа кезеңді бейнелеуі ықтимал.
✔ Қоғамға ашық әрі түсінікті құрылым даму үрдісіне ықпал етеді.
Бір сөзбен айтқанда қазіргі таңда ата заңымызды жаңғыртып, парламентті «Құрылтай» атауымен өзгерту тиімді шешім деп білеміз. Сондықтан осы бастаманы қазақ қоғамы мен жастары қолдайтынына сенімім мол.
Авторлары: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тарих факультеті, Дүниежүзі тарихы тарихнама деректану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Толқын Нұрасылқызы Мухажанова, 4 курс студенті Ерғали Гульназым.