Университеттегі «Атамекенге қош келдің» іс-шарасы
Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында «Атамекенге қош келдің!» атты ауқымды мерекелік іс – шара өтті. Кештің ашылу салтанатында факультет деканы А.Ә.Бектанов өзінің жылы лебізін білдіріп, шет елдерден келген қандас жастарымызға жарқын болашақ тіледі.
Бұл іс – шараға дайындық кафедрасында оқитын ҚХР – нан, Өзбекстан Республикасынан, Монғолиядан келген білім алушы қандас тыңдаушылар қатысып, өз өнерлерін көрсетіп, Атамекеніне, қазақ жеріне деген сезімдерін жасырмады. Бұл кешке қадірлі қонақ ретінде, ақын Мұратқан Шоқан шақырылды. Жастар Атамекенге деген сағыныштары мен ыстық ықыластарын білдіріп, Нұржақып Еларыс бастаған бір топ күйшілер қазақтың киелі домбырасымен күйлер тартып көрермендерді тәнті етті. Мереке барысында көрме ұйымдастырылып, ұлтымыздың түрлі әшекей бұйымдары ортаға қойылды. Бұның өзі ұлтымызға деген үлкен құрмет еді.
Ақын Мұратқан Шоқан кеш барысында жастарға өнегелі сөздерін айтып, Отан, Атамекен туралы бірнеше өлең жыр шумақтарын оқып, жастарды қанаттандырды. Университетіміздің филология факультетінен келген бірнеше 1 курс студенттері өлеңдер оқып, жиналған қауымды бір серпілтті. Би қойылмай, кеш болушы ма еді? Гүлина Асқарбек, Ақжол Сержан, Еркегүл Мұратбек сынды тыңдаушылар «Үкілі» атты биді мың бұралып билеп ықыласқа бөленді. Кештің шарықтау шегі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 1 курс студенті Қаби Самғардың «Гүлдариға» әні болды. Кеш соңында Е.Хасанғалиев атамыздың «Атамекен» әні шырқалып, кеш мәресіне жетті.
Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің аға оқытушылары:
Усенбекова А.Е.,Какенова А.М.,Ахметова Ж.Ш