МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛІГІНЕ ТІКЕ ҚАРАСТЫ МОҢҒОЛ АЛТАЙ ЖАРТАС СҰЛБА СУРЕТТЕРІНІҢ КЕШЕНДІ ҚОРЫҚ ӘКІМШІЛІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДОКТОРЫ ӨМІРБЕК БИҚҰМАРҰЛЫМЕН СҰХБАТ
Аймағымыздағы тарихи маңызы аса жоғары қайталанбас дүниелердің бірі – Алтай сұлба суреттері мен кісі тастар. Бұл мұралар адам баласының наным сенімі пайда болып, әртүрлі құрал саймандар жасап үйренген тұстағы яғни көне дәуірдің қолжазбасы іспетті. Соңғы жылдары адамдардың теріс іс-әрекеттерінің салдарынан бұл жазбалар бүлініп, жойылу процесі жүріле бастағанды. Сондықтан да арнайы әкімшілік орнап бұл жазбаларды сақтауға мүмкіндік туды. 2023 жылы аталмыш зерттеу кешенінен жарық көрген Әлемдік мұра «Цагаан салаа – Бага Ойгарын Хадны Зураг» кітабы ААӨҚ-ның төрағасы Шәріпұлы Қабылдың шешімімен қоғам қайраткері, доктор, профессор Құрметбек Байтазаұлы атындағы сыйлықты жеңіп алды. Осы және өзге де мәселелер туралы аймақтық Монгол Алтай жартас сұлба суреттері кешенді қорық әкімшілігінің бастығы Өмірбек Биқұмарұлымен сұхбат өрбіттік.
- Әр ұйым-мекеме бір жылдық жұмысын қортындылап жатады. Ал сіздердің ұжым құрылғанына да біршама уақыт болды. Қандай шаруалар атқарылды?
- Біздің ұжым яғни Монгол Алтай жартас сұлба суреттері кешенді қорық әкімшілігі 2021 жылы құрылды. Төрт жыл бұрын яғни 2018 жылы еліміз үкіметінің 299-бұйрығы бойынша әкімшілік орнатуға шешім шыққан. Алайда белгілі себептермен 2021 жылы 12 адамның құрамында әкімшілік орнады. Бұл әкімшілік еліміздің Мәдениет министрлігінің тікелей қарамағында іс-қызмет атқарады. Осы үш жыл уақыт ішінде біршама жұмыстар жасадық. Әуелі аймағымыздағы жартас сұлба суреттерді ғылыми айналымға енгіздік. Екі үлкен ғылыми зерттеу кітабы шықты. Цэнгэл сұмыны Арал төбе, Шивээт хайрхан, Улаанхус сұмыны Цагаан салаа-Бага Ойгор қатарлы жерлердегі тарихи мәдени ескерткіштерді қорғаудамыз. Улаанхус сұмынындағы Цагаан салаа Бага Ойгор деп аталатын жерде ұзындығы 15 км-ге созылатын ені 2-3 шақырымға созылатын жалпы саны 60-70-тей кешенді мәдени, тарихи ескерткішті қорғаймыз. Осы аумақты еліміздің ұлттық университетінің археология ғалымдарымен бірлесе отырып екі жылдай уақыт зерттедік. Мұнда он мыңдай сюжеті бар. Біз енді оның санын емес, тарихқа, ұлттық өнер мен мәдениетке қандай ықпалы бар екенін зерттейміз деген сөз. Басты мақсатымыз да – зерттеуге негізделеді. Сызба суреттері арқылы Монгол жеріндегі, соның ішінде ата-бабамыз өмір сүрген аумақтағы өмір-тіршілік, салт-санасы, діни наным-сенімі бейнеленген.Бұл туындылар негізінен көне тас дәуірінен көне түркі дәуіріне дейінгі мұралар.
- Бұл зерттеу орталықтары әлемдік деңгейде осыған ұқсас мәдени ескерткіштермен қаншалықты бірге жұмыстайды?
- Біздің басты мақсатымыз да жеріміздегі осы тарихи мұраны әлемге таныту. 2011 жылы Юнеско тізіміне енген. Содан бері де, әкімшілік орнағаннан кейін де отандық және әлемдік ғалымдармен бірге жұмыстаймыз. Менежменттік жоспар жасалынып осы бойынша көршілес Ресей, Қазақстан елдерінен бастап, Италия, Франция, Германиядағы осындай орталықтардың ғалымдарымен бірлесіп зерттеу жүргізу жұмыстарын қолға ала бастадық. Ресми хат жолдадық. 2024 жылы «Таңбалы тас мәдени мұра» және «Есік қорық» мұражайларымен бірлесіп жұмыстау, тәжірибе алмасу мақсатында жұмыстамақпыз. Сонымен қатар ғылыми конференция ұйымдастырмақпыз. Осыған дейін Қазақстан, Ресей, Ішкі Монголиядағы жартас сұлба суреттерін зерттеген ғалымдарға ресми хат жібердік.
- Бұл мұраларды қорғау әкімшілігі құрылды. Осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен бұл мұралардың жойылу қаупі бар ма?
- Бұған дейін түрлі табиғи құбылыстар нәтижесінде, адамдардың теріс іс-әрекеттерінен бүліне бастаған сұлба суреттер бар. Мысалы кейбірі сұлба суреттердің үстіне ат жазған, ойып таңба салған деген сияқты. 2023 жылы атқарылған тағы бір ізгі жұмыстың бірі Жебеті Усайға ақпарат мәдениет орталығын салдырмақпыз. Мәдениет министрлігінен қолдау көрсеткенінің нәтижесінде 5млрд төгрөгтің қаржысы бекітілді. 2025 жылғы бюжетке енетін болса, 2026 жылдан бастап салдыра бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл әлемдік мұраны әлемге насиқаттау, келешек ұрпаққа насиқаттау деп түсінген жөн.
- Енді осы сұлба суреттердің басқа құрлықтардағы, басқа елдердегі ұқсастықтары қандай, өзгешеліктері қандай?
- Монгол Алтай бөлігіндегі жартас сұлба суреттерді әлемдік мұралармен салыстыра зерттеудеміз. Мәселен Францияның Лоск аралындағы суреттермен біздің өлкедегі суреттердің ұқсастықтары көп. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек алғаш Орта Азия, соның ішінде Монголияда осы суреттер салынып, кейіннен Батыс Еуропаға дейін тараған деген болжам бар. Алтай тауының өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен қола дәуіріндегі «Шеміршек» мәдениеті деген үлкен мәдениетті зерттеудеміз. 5000 жылдық тарихы бар. Аба деген киім киген, басына қауырсын қадаған бақсы бейнесіндегі суреттер кездеседі. Көшпенділердің мәдениеті отырықшылардың мәдениетіне қарағанда өзгеше. Тәңіршілік дінді ұстанған. Мал шаруашылығына байланысты, арба т.б суреттер кездеседі.
Монгол Алтай жартас сұлба суреттерін зерттеудің маңызы аса зор. Жалпы жартас сұлба суреттері дегеніміз не дегенге тоқталсақ – ежелгі дәуірлер (палеолит, неолит, қола, темір) кезеңдеріндегі адамдар қалдырған өнер шығармалары. Осындай көне дәуірлерде адам қолынан туындаған өнер шығармалары алғаш әр түрлі белгі суреттер арқылы басталып, кейін жануарлар әлемін және тұрмыстық өмір бейнесін көрсететін мағыналы сурет, нақыштарға ұласқан. Жартас таңба суреттері Жер шарының барлық түкпірінен кездеседі: Африкада (Бумен жартасында, Алжир сахарасы — Тассилин — Аджерде, Ливия сахарасында Феццианда), Испанияда (Альтамира, Альпера жартас үңгірінде), Францияда (Ляско жартас үңгірінде), Азия құрлығында Сібірде, Қиыр Шығыста, Алтайда. Жартас таңба суреттерінің ең көнесі — Испаниядағы Альтамира үңгіріндегі суреттер. Ол суреттер шамамен бұдан 40 мың жыл бұрын таңбаланған..Әлемдік ғалымдардың қызығушылығын арттырған бұл кешендер әлі де зерттеуді қажет етеді дейді Өмірбек мырза.