Бизнестің тиімділігі көрсеткіші бойынша аймағымыз 5-орынды иеленді
«Аймақтардың бәсекеге қабілеттілігі бойынша 2026 жылғы есебі» таныстырылды
Экономикалық саясат және бәсекеге қабілеттілікті зерттеу орталығы «Аймақтардың бәсекеге қабілеттілігі бойынша 2026 жылғы есебін» таныстырды.
Аймақтардың бәсекеге қабілеттілігі төрт негізгі бағыт бойынша бағаланған. Олар:
- Экономикалық әлеуеті;
- Мемлекеттік басқару тиімділігі;
- Бизнестің тиімділігі;
- Инфрақұрылымның даму деңгейі.
Жалпы бағалау нәтижесі бойынша Дархан-Уул аймағы бірінші орынға шықса, Дорноговь және Орхон аймақтары келесі орындарды иеленді.
Аталған есеп 2012 жылдан бері жыл сайын әзірленіп, көпшілік назарына ұсынылып келеді.
Зерттеудің негізгі мақсаты – Моңғолияның 21 аймағының даму деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін салыстырмалы түрде бағалау, олардың артықшылықтары мен әлсіз тұстарын, дамуындағы өзгерістерді анықтау, сондай-ақ жергілікті жерлердегі даму саясаты мен шешім қабылдау жүйесіне қажетті ақпарат ұсыну.
Аймақтардың бәсекеге қабілеттілігінің 2026 жылғы есебі бойынша Баян-Өлгий аймағы 66,55 ұпаймен 10-шы орынды еншілеген. Ал ең төменгі көрсеткіштер Булган (34,0), Говь-Алтай (39,4), Завхан (40,6), Төв (42,7) және Дундговь (43,9) аймақтарында тіркелген. 
Айта кету керек, ұпайлар салыстырмалы өлшем болып саналады. Яғни, әр жылдағы ең жоғары көрсеткішке ие аймақ 100 ұпаймен бағаланып, қалған аймақтардың нәтижесі сонымен салыстырылады.
Экономикалық әлеует көрсеткіші бойынша Өмнөговь аймағы 100 ұпаймен бірінші орынға шықты. Ал Дорноговь аймағы 96,0 ұпаймен екінші, Орхон аймағы 92,3 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. Бұл көрсеткіш аймақтардың экономикалық ауқымын, экономика салаларының даму деңгейін, халықтың тұрмыс сапасын және жұмыспен қамтылу жағдайын бағалайды. Экономикалық әлеует көрсеткіші бойынша Баян-Өлгий аймағы 22,62 ұпаймен ең соңғы орынды иеленіп отыр. 
Мемлекеттік басқару тиімділігі көрсеткіші бойынша Дорноговь аймағы 100 ұпаймен бірінші орынға шықты. Ал Дархан-Уул аймағы 98,6 ұпаймен екінші, Говьсүмбэр аймағы 91,6 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. Бұл көрсеткіш аймақтардың бюджет жағдайын, институционалдық жүйесін, бизнесті реттейтін құқықтық ортасын және әлеуметтік жүйесін бағалайды. Аталмыш көрсеткіш бойынша аймағымыз 58,84 ұпаймен 13-ші орынды еншіледі.
Ал, келесі көрсеткіш бизнестің тиімділігі.
Бизнестің тиімділігі көрсеткіші бойынша Дархан-Уул аймағы 100 ұпаймен бірінші орынға шықты. Ал Сэлэнгэ аймағы 92,4 ұпаймен екінші, Дорноговь аймағы 91,7 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. Ал, аймағымыз 76,77 ұпаймен бесінші орынды иеленді.
Бұл бағыт бойынша еңбек нарығы, еңбек өнімділігі, қаржы және басқару тәжірибесінің деңгейі бағаланады.
Төртінші көрсеткіш – инфрақұрылым.
Инфрақұрылым көрсеткіші бойынша Орхон аймағы 100 ұпаймен көш бастады. Дархан-Уул аймағы 83,2 ұпаймен екінші, Дорнод аймағы 72,5 ұпаймен үшінші орынға ие болды. Баян-Өлгий аймағы 66,46 ұпаймен жетінші орынды еншіледі.
Бұл бағытта негізгі инфрақұрылым, технологиялық инфрақұрылым, білім беру мен мәдениет, денсаулық сақтау және қоршаған орта көрсеткіштері қамтылады.