ЖОО-ҒА ДЕЙІНГІ ДАЙЫНДЫҚ – БІЛІМГЕ БАСТАР МАҢЫЗДЫ БАСПАЛДАҚ
Шетелден тарихи Отанына білім алу мақсатымен келген қандастар үшін жоғары оқу орнына түсу – жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа ортаға бейімделуді талап ететін маңызды кезең. Осы ретте ЖОО-ға дейінгі дайындық курстары талапкерлердің білімін жетілдіріп қана қоймай, оларды Қазақстанның білім беру жүйесіне бейімдеуде маңызды рөл атқарады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің https://farabi.university ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті құрамындағы ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының оқытушылары шетелден келген қандастармен жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Дайындық барысында талапкерлердің қазақ тілін меңгеру деңгейін жетілдіруге, пәндік білімін толықтыруға, оқу және жазу дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.Университет қабырғасында білім алу үшін пәндік біліммен қатар, академиялық ортаға бейімделу де аса маңызды. Сондықтан сабақ барысында талапкерлердің өздігінен ізденуіне, мәтінмен жұмыс істеуіне, ақпаратты талдауына және өз ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік беретін тапсырмалар орындалады.
ЖОО-ға дейінгі дайындық – талапкер мен университет арасындағы маңызды көпір. Бұл кезеңде білім алушы жаңа ортаға бейімделіп, өзінің болашақ кәсіби бағытын айқындауға мүмкіндік алады. Бүгінгі талапкердің білімге деген ұмтылысы – ертеңгі студенттің жетістігіне бастар алғашқы қадам. Ал осы жолда бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсету – ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасы оқытушыларының басты міндеттерінің бірі.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушылары Саткенова Ж.Б., Мужигова Г., Қасымова К.А.