ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕГІ: ҚАЗҰУ МЕН БЕЙЖІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде https://farabi.university Бейжің педагогикалық университетінің вице-президенті Ван Шоуцзюнь бастаған делегациямен ресми кездесу өтті. Маңызды басқосу екі елдің жетекші жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтып, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Қытайлық делегация сапарын ҚазҰУ мұражайынан бастап, университеттің ғасырлық тарихымен, қалыптасу кезеңдерімен және бүгінгі жетістіктерімен танысты. ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру кеңістігіндегі орны мен заманауи даму бағыты қонақтардың ерекше назарын аударды.
Кездесу барысында тараптар білім беру мен ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, өзара ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын саралады.
Атап айтқанда, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту, ғалымдар мен оқытушылардың тәжірибе алмасуын кеңейту, сондай-ақ IT және жасанды интеллект бағыттарындағы ортақ бастамаларды жүзеге асыру мәселелеріне басымдық берілді.
Өз кезегінде Бейжің педагогикалық университетінің вице-президенті Ван Шоуцзюнь екі университет арасындағы ғалымдар, оқытушылар мен студенттер алмасуын кеңейтуге ерекше мән беретінін жеткізді. Сонымен қатар білім беру және өңірлік зерттеулер салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді. Бүгінде жоғары білім беру саласындағы халықаралық әріптестік – жаңа білім мен тәжірибе алмасудың ғана емес, ғылыми инновациялар мен адами капиталды дамытудың маңызды тетігі. Осы тұрғыдан алғанда, ҚазҰУ мен Бейжің педагогикалық университеті арасындағы өзара байланыс екі университеттің ғылыми және академиялық әлеуетін ұштастыратын жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Кездесу қорытындысында тараптар ұзақ мерзімді академиялық және ғылыми серіктестікті жан-жақты дамытуға уағдаласты. Бұл келісімдер білім мен ғылымдағы өзара тәжірибе алмасуды күшейтіп, бірлескен зерттеулер мен жаңа халықаралық жобалардың жүзеге асуына негіз болмақ.
ҚазҰУ мен Бейжің педагогикалық университеті арасындағы бұл кездесу – білім мен ғылымды жаңа деңгейдегі халықаралық серіктестік арқылы дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушылары Саткенова Ж.Б., Егенберді М., Әуелханқызы М.