Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті (METU) – сапалы білім мен инновация ордасы
Қазақстанның ірі мегаполисі, жастар мен ғылым ордасы саналатын Алматы қаласы жыл сайын көптеген шетелдік талапкерлерді өзіне тартады. Осы орайда, ширек ғасырға жуық тарихы бар Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті (METU) Орталық Азиядағы жетекші оқу орындарының бірі ретінде танылып келеді. 2001 жылы іргесі қаланған бұл білім ордасы бүгінде тек қазақстандық қана емес, сондай-ақ шет мемлекеттерден келген жастар үшін сапалы білім мен инновациялық даму алаңына айналған.
Университеттің басты ерекшелігі – еңбек нарығындағы шынайы сұранысқа бағдарлануы. Бүгінгі таңда оқу орнында бакалавриаттың 18, магистратураның 9 және докторантураның 3 білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Білім беру процесі алты негізгі кафедра төңірегінде ұйымдастырылған. Олардың қатарында азық-түлік өндірістерінің техникасы мен технологиясы, бағдарламалық инженерия, биохимиялық инженерия, экономика және бизнес, инженериядағы Smart технологиялар, сондай-ақ әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері кафедралары бар. Бұл бағыттар болашақ мамандарға өндіріс пен IT-технологияларды ұштастыра отырып, заманауи сұранысқа сай кәсіп иесі атануға мүмкіндік береді.
Шетелден немесе шалғай аймақтардан келетін талапкерлер үшін ең өзекті мәселе – тұрғын үй. METU әкімшілігі бұл мәселені жүйелі түрде шешкен: бірінші курсқа қабылданған барлық студенттер заманауи жабдықталған, жайлы әрі қауіпсіз студенттік үйлерінен орынмен кепілді түрде қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, оқу орнында дарынды жастарды қолдауға бағытталған өзіндік дәстүр қалыптасқан. Мәселен, мемлекеттік білім беру грантын иеленіп, бірінші курсқа оқуға түскен әрбір студентке университет тарапынан оқу жылының басында жаңа ноутбук табысталады. Бұл қадам жастардың оқу процесіне тез бейімделіп, цифрлық ресурстарды еркін пайдалануына жол ашады.
Ақылы негізде білім алатын студенттер де оқу орнының назарынан тыс қалған емес. Олардың оқу үлгеріміне, әлеуметтік жағдайына және университеттің қоғамдық өміріне араласу белсенділігіне қарай оқу ақысына арнайы жеңілдіктер жүйесі қарастырылған. Университет басшылығы мұндай әлеуметтік қолдау шаралары студенттердің тұрмыстық мәселелерге алаңдамай, тек сапалы білім алуға назар аударуына септігін тигізеді деп есептейді.
Алматының экологиялық таза ауданында орналасқан METU қалашығы тек білім алудың ғана емес, қызықты студенттік өмірдің орталығы саналады. Қырықтан астам студенттік клуб, халықаралық алмасу бағдарламалары мұндағы әрбір жастың тұлға ретінде қалыптасуына негіз қалайды.
Қорыта айтқанда, Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті Моңғолия жастары үшін сапалы жоғары білім алудың, жаңа мәдениетпен танысудың және болашақ мансапқа берік іргетас қалаудың тиімді таңдауы бола алады. Университет шекара талғамайтын білім кеңістігін құрып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жастарға өз есігін айқара ашуда.
METU университетінің биохимиялық инженерия
кафедрасының қауымдастырылған профессоры
Жұлдыз Таласбаева