Ғылым, бизнес және жастар: METU жаңа оқу жылын қарқынды бастады
Жыл сайын қыркүйек айы жоғары оқу орындары үшін тек сабақ кестесінің басталуы ғана емес, сонымен қатар үлкен мақсаттар мен жаңа жобалардың тұсаукесер уақыты саналады. Қазақстан теспубикасынының Алматы қаласындағы Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті (METU) биылғы оқу жылын дәстүрге сай ерекше белсенділікпен ашты. Алғашқы айдың өзінде университет қабырғасында студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына бағытталған ауқымды іс-шаралар өтті.
Қыркүйек айының басты оқиғаларының бірі – METU базасында ұйымдастырылған «Бизнес пен ғылым одағы; бизнеске арналған ЕО гранттары» ауқымды ғылыми-инвестициялық форум болды. Инженерия және технология саласындағы жетекші оқу орны ретінде университет ғылым мен бизнестің басын қосқан маңызды диалог алаңына айналды. Бұл іс-шара студенттер мен оқытушыларға ірі кәсіпкерлермен, инвесторлармен және өндіріс озаттарымен тікелей тілдесуге мүмкіндік берді. Форум барысында жаңа инновациялық жобалар талқыланып, студенттік стартаптарды қолдау мәселелері көтерілді. Болашақ мамандар үшін мұндай жиындардың маңызы зор – олар аудиторияда алған теориялық білімдерінің нақты экономикада қалай қолданылатынын өз көздерімен көріп, болашақ жұмыс берушілерімен байланыс орната алады.
Жаңа оқу жылының тағы бір маңызды бөлшегі – студенттер қатарына жаңа қосылған бірінші курс білімгерлерін университеттің академиялық және қоғамдық өміріне бейімдеу. METU басшылығы мен белсенді жастар ұйымдары қыркүйек айын жаңадан келген жастарға арналған мәдени, спорттық және танымдық шараларға арнады.
Студенттердің бір-бірімен етене араласып, оқу орнының дәстүрлерімен танысуы үшін түрлі тимбилдингтер (команда құру ойындары), танысу кештері және кампус-турлар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұлықтау мақсатында волейбол және футбол сияқты спорт түрлерінен университет құрама командаларына іріктеу жарыстары өтті. Бұл шаралар, әсіресе, басқа қалалардан және шет елдерден келген жастардың жатсынып қалмай, үлкен студенттік отбасының толыққанды мүшесі сезінуіне үлкен септігін тигізді. 
Бүгінгі таңда жоғары оқу орны тек дәріс оқып, диплом беретін мекеме емес. Ол – жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын, ғылымды, бизнесті және креативті ортаны біріктіретін тірі экожүйе. Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті қыркүйек айындағы қарқынды бастамалары арқылы өзінің осы заманауи талаптарға толық жауап беретінін тағы да дәлелдеді.
METU университетінің биохимиялық инженерия
кафедрасының қауымдастырылған профессоры
Жұлдыз Таласбаева