ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ — ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ МАҢЫЗДЫ БАҒДАРЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ұлттық экономиканы нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жолдауда белгіленген міндеттер мемлекеттің даму басымдықтарын айқындап, алдағы кезеңге арналған маңызды бағыттарды көрсетті.
Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының даму көрсеткіштеріне тоқталып, Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі шамамен 400 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін екенін атап өтті. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің 19 мың доллардан асуы болжанып отыр. Сондай-ақ Қазақстан экономикасының көлемі бойынша әлемде 47-орынға көтерілуі мүмкін екені айтылды. Президент өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқанын атап өтті. Бұл көрсеткіш экономиканы әртараптандырудың және өндірістік әлеуетті арттырудың маңызын көрсетеді. Сонымен қатар алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 миллиард АҚШ долларынан асқаны айтылды.
Жолдауда экономикалық әлеуетті ел игілігіне бағыттау, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қамтылды. Мемлекет басшысы Үкіметке бүкіл ел бойынша маңызды әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғыртуға арналған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеуді тапсырды. Осы жоспар аясында 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарына Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру жоспарланған.
Инфрақұрылымды жаңғырту — тек жаңа нысандар салу емес, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, өңірлердің әлеуетін арттыру, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту және экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасау. Мұндай ауқымды міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік органдармен қатар білім беру ұйымдарының, ғылыми қауымдастықтың және қоғамның да өзіндік орны бар.
Алматы технологиялық университетінің (https://atu.edu.kz/) әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұжымы Президент Жолдауында белгіленген елді дамыту міндеттерін қолдай отырып, Қазақстанның өркендеуіне үлес қосатын білікті мамандар даярлауды, жастардың азаматтық жауапкершілігі мен тарихи санасын қалыптастыруды өз қызметінің маңызды бағыттары деп санайды.
Қазіргі кезеңде жоғары оқу орындарының міндеті кәсіби мамандар даярлаумен ғана шектелмейді. Университеттер жастардың дүниетанымын кеңейтуге, тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және қоғамдық үдерістерді ғылыми тұрғыдан түсінуіне ықпал етеді. Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер осы міндеттерді жүзеге асыруда ерекше рөл атқарады. Қазақстан тарихы, философия, мәдениеттану және басқа да пәндер студенттердің елдің тарихи даму жолын, мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңдерін және қоғамдық өзгерістердің мәнін терең түсінуіне мүмкіндік береді. Тарихи білім мен азаматтық тәрбие жас ұрпақтың ел алдындағы жауапкершілігін сезінуіне, қоғамдық өмірге саналы қатысуына және Қазақстанның болашағына бейжай қарамауына негіз болады.
Алматы технологиялық университетінде болашақ мамандарды даярлау барысында олардың кәсіби білімімен қатар, сыни ойлау қабілетін, мәдени танымын және азаматтық ұстанымын дамыту маңызды. Өйткені елдің өркендеуі экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, білімді, білікті, бастамашыл және жауапкершілігі жоғары азаматтардың қалыптасуымен де тығыз байланысты. Президент Жолдауында көтерілген міндеттер білім беру жүйесінің алдына да маңызды мақсаттар қояды. Білім сапасын арттыру, ғылыми ізденістерді қолдау, жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту және заманауи талаптарға сай мамандар даярлау — Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін негізгі бағыттардың бірі.
Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұжымы жастарға сапалы білім беру, олардың тарихи санасы мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру және қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмысты маңызды міндет деп санайды. Білім мен ғылымға негізделген қоғам ғана жаңа сын-қатерлерге бейімделіп, тұрақты даму жолында нәтижелі қадам жасай алады. Мемлекет басшысы Жолдауында ұстаздың басты міндеті – сапалы білім беру екенін атап өтіп, педагогтердің артық жүктемесін азайту және олардың абырой-беделін қорғау қажеттігін ерекше айтты. Бұл қағидаттар Алматы технологиялық университетінде де берік ұстанылып, білім беру сапасын арттыру мен оқытушының кәсіби мәртебесін қолдаудың маңызды бағыты ретінде қарастырылады.
Елдің өркендеуі — ортақ мақсат, білімді ұрпақ — жарқын болашақтың негізі!
ӘПГ кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самал Сағнайқызы
ӘПГ кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Қадыр Қойшыбекұлы Рысбеков