«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ТАЗА БОЛАШАҚ»: «ECO-BOLASHAK» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті https://farabi.university/ жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, жастардың экологиялық санасын арттыруға және табиғатқа деген жауапкершілік көзқарасын нығайтуға бағытталған «ECO-BOLASHAK» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Аталған бастама экологиялық мәдениетті білім беру кеңістігінде орнықтыруды, табиғатты аялау қағидаттарын жастардың күнделікті өмір салтына айналдыруды және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған азаматтық белсенділікті арттыруды көздейді.
Экологиялық акция барысында факультет студенттері көршілес оқу ғимаратының аумағын абаттандыру және тазалау жұмыстарына белсенді қатысты. Атап айтқанда, қатысушылар күзгі жапырақтарды жинап, айналаны қоқыстан тазартып, аумақтың санитарлық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосты. Студенттердің бірлескен еңбегі қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың, қоғамдық кеңістікке жауапкершілікпен қараудың және ортақ іске жұмыла қатысудың нақты көрінісіне айналды.
«ECO-BOLASHAK» акциясының тәрбиелік және әлеуметтік маңызы ерекше. Өйткені экологиялық жауапкершілік тек теориялық біліммен шектелмей, нақты іс-әрекет пен күнделікті дағды арқылы қалыптасады. Осындай практикалық бастамалар білім алушылардың табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін жетілдіріп, командалық жұмыс дағдыларын дамытады, сондай-ақ олардың белсенді азаматтық ұстанымын нығайтады. Сонымен қатар жастардың қоршаған ортаны қорғау ісіне тікелей араласуы экологиялық мәселелерді шешудегі жеке жауапкершіліктің маңызын терең сезінуге мүмкіндік береді.
Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) мазмұндық тұрғыдан сабақтасады. Атап айтқанда, ТДМ 4 – «Сапалы білім беру» экологиялық сауаттылық пен тұрақты даму мәдениетін қалыптастыруды; ТДМ 11 – «Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар» қауіпсіз әрі қолайлы қоғамдық ортаны қалыптастыруды; ТДМ 13 – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» климаттық жауапкершілік пен экологиялық сананы арттыруды; ТДМ 15 – «Құрлық экожүйелерін сақтау» табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны қорғау құндылықтарын дәріптеуді көздейді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті https://farabi.university/ білім беру мен тәрбие үдерісін өзара сабақтастыра отырып, білім алушылардың әлеуметтік жауапкершілігін, экологиялық мәдениетін және тұрақты даму қағидаттарына негізделген дүниетанымын қалыптастыруға басымдық береді. Осы бағытта жүзеге асырылатын экологиялық бастамалар университеттің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін айқындап қана қоймай, жас ұрпақтың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Таза қоршаған орта – саналы ұрпақтың, жауапты қоғамның және тұрақты болашақтың негізі!
Таза Қазақстан – таза болашақтың кепілі!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушылары: С.Р. Нұртілеуова, Ж.Т. Ибраимова