Еліміз президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің лауазымынан босату туралы өтінішін парламент қолдады
Еліміз Мемлекеттік Ұлы Хуралының бүгінгі отырысында ел Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің қызметінен босату туралы өтініші қаралып, отырысқа қатысқан депутаттардың 92,3 пайызының дауысымен қолдау тапты.
Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх осы айдың 17-сінде ресми мәлімдеме жасап, мемлекет басшысының абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін ақпараттардың бірнеше рет таралуына байланысты өз еркімен қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын хабарлаған болатын.
Ол халықтың бірлігі мен тұтастығын білдіретін тұлға ретінде өзіне қатысты жалған ақпарат таратуды ұйымдастырған адамдардың әрекетін құқық қорғау органдары арқылы тексертіп, өзінің ар-намысы мен беделін қорғауды мақсат еткенін мәлімдеген.
Президенттің өтінішін МҰХ-дағы партиялық топтар мен Мемлекеттік құрылым жөніндегі тұрақты комитет жеке-жеке қарап, қолдаған.
Парламенттің тұрақты комитетінің отырысында қаралып отырған мәселеге қатысты депутаттар тарапынан сұрақ қойылып, пікір білдірушілер болмағандықтан, мәселе дауыс беру арқылы аяқталған.
МҰХ-дың бүгінгі жалпы отырысында Б.Пүрэвдорж, Ж.Чинбүрэн, С.Цэнгүүн және Д.Батлут сынды депутаттар Президент Ухнаагийн Хүрэлсүхтен қызметінен кету туралы шешімінің себептері мен негіздерін сұрап, жауап алды.
Президент У.Хүрэлсүх өз жауабында:
«Моңғолия Президенті – халық пен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, халықаралық аренада мемлекетті таныстыратын тұлға. Соңғы бірнеше айда қылмыстық топтар жалған сипаттағы ақпараттарды қоғамға тарата бастады. Осыған байланысты менің алдымда бір ғана таңдау қалды. Ол – мемлекет басшысының мәртебелі абыройын қалпына келтіру», – деп түсіндірді.
Сонымен қатар, пікір білдірген депутаттар Ухнаагийн Хүрэлсүхтің Президенттік қызметінен босату туралы өтініш беруі саяси-этикалық жауапкершіліктің жаңа үлгісін қалыптастырып отырғанын атап өтті.
Олар Президенттің өкілеттік мерзімі ішінде сыртқы саясат, қорғаныс, ғылым, білім және денсаулық сақтау салаларында атқарған жұмыстарын атап өтіп, «Салауатты моңғол азаматы» ұлттық бағдарламасы мен «Президенттің жолдамасы – 2100» стипендиялық бағдарламасы сияқты бастамалардың нақты іске асқанын айтты. Сондай-ақ моңғол халқының өз байлығының иесі болуына негіз қаланғанын жеткізді.
ПРЕЗИДЕНТ ӨКІЛЕТТІГІНІҢ ТОҚТАТЫЛУЫ ЖӘНЕ ОДАН КЕЙІНГІ ТӘРТІП
Еліміздің Негізгі заңына сәйкес, Президенттің өкілеттігі ант берген сәттен басталып, жаңадан сайланған Президент ант қабылдаған кезде аяқталады. Ал Президент өз өтініші бойынша қызметінен босатылған жағдайда оның өкілеттік мерзімі мерзімінен бұрын тоқтатылады.
Осылайша, Президенттің өтінішін бүгін МҰХ-дың мәжілісінде қарауы және тиісті шешім қабылдауы нәтижесінде Ухнаагийн Хүрэлсүхтің Президенттік өкілеттік мерзімі аяқталып отыр.
Президенттің өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін оның міндеттерін Ұлы Мемлекеттік Хуралдың төрағасы Сандагийн Бямбацогт атқарады.
Бұл кейбір мемлекеттердегідей парламент төрағасы ант қабылдап, автоматты түрде Президент болады дегенді білдірмейді. Президенттің өкілеттігін парламент төрағасының жүзеге асыру тәртібі Мемлекеттік Ұлы Хуралдың отырысында тиісті мәселелер бойынша жеке-жеке қаралып, шешім қабылдануы арқылы реттеледі.
Қажет болған жағдайда Мемлекеттік Ұлы Хуралдың төрағасы Президенттің өкілеттігін жүзеге асыру кезінде Президенттің жарлықтары мен өкімдеріне «Президент міндетін атқарушы» деген мәртебемен қол қояды. Яғни, ол парламент төрағасы ретіндегі өз өкілеттігін де қатар атқара береді.
Парламент Президенттің өтінішін қанағаттандырып, оның өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін заңнамаға сәйкес төрт ай ішінде Президент сайлауын жариялап, өткізуге тиіс.
Президент сайлауы туралы заңға сәйкес, кезектен тыс сайлаудың өткізілу күні Президент өкілеттігі тоқтатылғаннан кейінгі 20 жұмыс күні ішінде жариялануы қажет. Сонымен бірге парламент сайлауды кемінде 70 күн бұрын жариялауға міндетті.
Басқаша айтқанда, парламент белгілейтін сайлау күні сайлау жарияланған күннен бастап кемінде 70 күн өткен соң, Президент өкілеттігі тоқтатылған күннен есептегенде төрт айлық мерзімнің ішінде өтуі керек.
Негізгі заң мен Президент туралы заңда Президент өз өтініші бойынша қызметінен кеткен жағдайда туындайтын осындай құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелер қарастырылған.
У.ХҮРЭЛСҮХ – МОНҒОЛИЯНЫҢ АЛТЫНШЫ ПРЕЗИДЕНТІ
Моңғолия Президентінің алтыншы сайлауында Моңғол Халық партиясынан атын ұсынушы Ухнаагийн Хүрэлсүх басым дауыспен жеңіске жетіп, 2021 жылғы 25 маусымда Президент ретінде ант қабылдаған.
Ухнаагийн Хүрэлсүх – Негізгі заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес алты жылдық мерзімге сайланған Моңғолияның алғашқы Президенті. Сондай-ақ оның өкілеттік мерзімі аяқталмай тұрып, сыбайлас жемқорлық пен лауазымдық қылмыстарға қатысты мәселелерді тексерту мақсатында өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш беруі де алғашқы жағдай болып отыр.
Оған дейін Моңғолия Президенті қызметін атқарған тұлғалар:
- Пунцалмаагийн Очирбат – 1990–1997 жылдары;
- Нацагийн Багабанди – 1997–2005 жылдары;
- Намбарын Энхбаяр – 2005–2009 жылдары;
- Цахигийн Элбэгдорж – 2009–2017 жылдары;
- Халтмаагийн Баттулга – 2017–2021 жылдары.