Монғолияда 20 жыл бойы министр болған қазақ азаматы кім?
Монголдың тарихында аты алтын әріппен жазылған қазақ ұлтты, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ішінде Орынұлы Тілейханның алатын орны ерек. Тілейхан Орынұлы құрылыс министрлігін 20 жыл басқарған. Осы уақыт ішінде еліміздің дамысына, құрылыс материалдары мен жұмысшы кадрларды дайындауда айрықша еңбек ете білді. Ол кісіні үлкендер білгенімен жастардың мағлұматы аз. Ендеше Орынұлы Тілейхан дегеніміз кім? Ол кісі қандай жұмыстар атқарды? Архивті парақтап көруге тура келеді.
Орынұлы Тілейхан 1923 жылы Баян-Өлгий аймағы Улаанхус сұмынында дүниеге келеді. 1935-1941 жылдары аталмыш сұмынның орта мектебінде білім алып, 1942-1944 жылдары Улаанбаатар қаласында партия мектебін «өте жақсы» деген бағамен бітіріп, 1944-1947 жылдары сол оқу орнында ұстаздық қызмет атқарады. Сондай-ақ 19471951 жылдары Монголдың кәсіподақтар федерациясында «Еңбек» газетінің редакторы қызметін атқарған. 1953-1955 жылдары Құрылыс бас басқармасының Партия комитетінің хатшысы, 1955-1957 жылдары Увс, Баян-Өлгий аймағының Халық депудаттар хуралының атқару әкімшілігінде орынбасар қатарлы қызметтерді атқарады. 1957-1960 жылдары Ресей федерациясының Партиялық жоғарғы оқу орнын бітіріп, 1961-1962 жылдары Улаанбаатар қаласындағы Партия комитетінің хатшысы, 1962-1963 жылдары Құрылыс, материал, өндіріс министрі қызметін атқарып, 1963-1965 жылдары Монголия жоғарғы оқу орнында инженер мамандығы бойынша тәмамдап, сол жылдан бастап 1968 жылға дейін МХРП-ның орталық комитетінде құрлыс бөлімінің бастығы, 1968-1982 жылға дейін яғни өмірден өткенше Құрылыс, материал, өндіріс министрі болып қызмет атқарды.
Тілейхан Орынұлы 1943 жылдан МХРП мүшелігіне ілесіп, МХРП-ның ХҮ-ХҮІІІ Ұлы Хуралына қатысып, Орталық комитет мүшесі, Халық Ұлы Хуралының 5-10 реткі мәжілісіне 6 мәрте қатысқан.
Еліміз үкіметі Тілейхан Орынұлының еңбегін жоғары бағалап, МХРП-ның орталық комитеті, екі мәрте «Алтын жұлдыз», «Еңбек қызыл ту» ордендерімен және «Монгол еліне еңбек сіңірген құрылысшы» атағымен сыйланады.
Орынұлы Тілейхан өзі жұмыстаған 20 жыл ішінде өте нәтижелі, берешегі мол жұмыстар атқарған. Тілейхан жұмыс алған алпысыншы жылдарда құрылыс саласының жұмысы ақсаған, құрылыс материалдарымен қатар кадр дайындау мәселесі де өзекті болатын. 20 жылдың ішінде материалдық базаны нығайтып, мамандарды дайындап, қажет болса Ресей еліне, Еуропа елдеріне дейін мамандар оқытуға ат салысқан. Құрылыс материалдарын дайындау үшін өндірістер салып, өнім өндіру, тасымалдау жұмыстарына ерекше ден қоя білген. Сонымен қатар «ең құнды капитал – адам» деп есептеп құрылысшылардың айлық-жалақысына, әлеуметтік мәселелеріне көңіл бөлген. Оған себеп бірде құрылыс алаңын аралып жүріп, керпіш тасып жүрген бір жас құрылысшыға көзі түседі. Жөн сұраса келе үйсіз екенін, пәтер үйлердің бірінен біреудің оң жағында қуықтай бөлмені жалдап отырғанын айтады. Сонда Тікең: Жәрайды жігітім, сен жұмысыңды жақсы істей бер, бір амалын табамыз, -дейді. Айтқанындай құрылыс саласында жұмыстайтын 5 жас отбасына жаңа жыл қарсаңында жаңа үйлерінің кілтін ұсынады. Сол кезде аға инженер қызмет атқаратын Цэвэг есімді азамат разы болып:
Ұлы Алтайдың тумасы
Қатардағы қазақтың
Қарапайым баласы
Өркені үшін елінің
Талай істі тындырған
Монголдың бір данасы
Қайрат күші жігерін
Білім ойы санасын
Отанына арнаған
Ешкімнің жоқ таласы
Мың-мыңдаған құрылысшы
Есіне мәңгі сақтаған
Жолдасы көп мақтаған
Орынұлы Тілейхан
Арамызда бірге жүргендей
Теңдесі жоқ жақсы адам
деп өлеңдетсе
ақын Бат-Очир:
Монголдың байтақ жерінде
Сәулетті өмір кезінде
Атқобыз бен домбырадан
Әуен болды мол мұрадан
Сәулет пенен Тілейханды
Азияның кеудесінде
Асқар таудың белесінде
Ақ бұлттың арасында
Асқақтады сол бір адам деп жоғары бағалайды.
Осы өлеңдерден Тілейхан Орынұлының сәулет өнерін қаншалықты алға сүйрегенін біле аламыз. Қазіргідей техника құрылыс материалдары дамымаған кезде, жұмысы күрделі, бір орталықтан басқарылатын экономика қағидасын ұстанатындықтан іс-барысы ойдағыдай бола бермейтіндіктен басқадай совет одағындағы елдердің министрлері жиі ауыстырылатын. Ал, Тікеңнің бақандай 20 жыл министрлік қызметті абыроймен атқарғанын совет одағындағы және Еуропа елдері жоғары бағалап «Темір мойынды, жаны бері министр» деп атаған екен. «Жақсының аты, ғалымның хаты» қалар демекші еліміз тарихында елеулі орын алатын Тілейхан Орынұлын ұрпағы біздер де еске ала жүрейік!