Ақын, қоғам қайраткері саясаткер Мұрат Пұшатайұлы атында аламан айтыс жүрілуде
Бүгін Құрманхан Мұқамәдиұлы атындағы музыкалы драма театрында ақын, қоғам қайраткері, саясаткер Мұрат Пұшатайұлы атында аламан айтыс жүрілуде. Аталмыш айтысқа Қазақ елінен, Қытай халық республикасынан, Қырғызстан елінен және аймағымыздан барлығы 21 ақын қатысуда. Зал көрерменге лық толып, есігінен төріне дейін жайғасты. Халықтың осындай бір аламан айтыс сағынып қалғаны байқалғандай. Айтыс басталмас бұрын ақын және қоғам қайраткері Мұрат Пұшатайұлын еске алып, ол кісінің өмір жолынан мәліметтер беріліп, өлеңдері оқылып, әндері айтылды. Әуелгі сөз кезегін алған бас төреші, ақын, Қазақ елінің мәдениет қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы бұл жолғы айтыстың маңыздылығына тоқталды.
Бұл жолғы аламан айтыстың барлық шығынын Мұрат Пұшатайұлының жұбайы мен балалары көтеріп отыр. Шараға ақынның барлық туыс-туған, отбасы қатысуда. Осы жолғы айтыстың жөні басқа. Шартараптан келген ақындар өзгешеліктерімен көзге түсуде. Айтыс қазақтан өзге қырғыз елінде, және арабтың бәдәуилер тайпасында, кейбір үнді халықтарында кездеседі. Олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Қырғыз қазақ бір туған демей ме?! Қырғыз елінен келген Нұрайым өз кезегінде жақсы айтыс жасап, қазылар алқасынан бірыңғай 10 ұпай алып, финалға өтті.
Қазақ халқының үкілі домбырасынан тыс қыл қобызбен айтысқа шыққан Бөкен Жігердің жөні бөлек. Ол айтыс сахнасында арқалы ақын Сүйеніш Жеңсікбайұлымен жыр додасына түсті. Екі ақынның айтысы аса тартысты өтіп, қазылар алқасының жоғарғы бағасын алды. Аламан айтыс аса тартысты жүрілуде. Ертең яғни Қарашаның 26 күні 2 сағатта финалға қалған 10 ақынның айтысы өтеді.