Спорт және құқықтық тәртіп: салауатты ұрпақ тәрбиелеудің кепілі
Спорт – адам өміріндегі аса маңызды салалардың бірі ғана емес, сонымен қатар дамыған мемлекет қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі десек артық болмас. Ол тек денені шынықтырып қана қоймай, адамның рухани, моральдық және құқықтық мәдениетінің дамуына да ықпал етеді. «Дені саудың – жаны сау» деген халық даналығы спорттың тек жеке адам үшін емес, тұтас қоғам үшін маңызын айқындайды.
Құқықтық мемлекетте әрбір азаматтың денсаулығын сақтау – басты құндылықтардың бірі. Осы тұрғыда спорт пен дене шынықтыру саласы заңнамалық тұрғыдан да реттеледі. Мемлекет азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап, бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұл – қоғамдағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың да тиімді жолдарының бірі. Себебі спортпен айналысатын адам тәртіпке бейім, жауапкершілігі жоғары, заң талаптарын құрметтейтін тұлға болып қалыптасады.
Тұрақты түрде спортпен айналысу адамның тек физикалық денсаулығын нығайтып қана қоймай, оның құқықтық санасын да жетілдіреді. Спорттық ортада әділдік, теңдік, ережеге бағыну сияқты қағидалар басты орын алады. Бұл қағидалар құқықтың негізгі принциптерімен үндеседі. Әрбір спортшы жарыс барысында белгіленген ережелерді сақтауға міндетті, ал бұл – заңға бағынудың нақты көрінісі.
Қазіргі таңда жастар арасында спортқа деген қызығушылықтың артуы – қоғам үшін оң құбылыс. Себебі спорт жастарды құқық бұзушылықтан сақтап, оларды дұрыс өмір жолына бағыттайды. Әсіресе ұлттық спорт түрлері жастардың бойында тек патриоттық рух қана емес, сонымен қатар заңға құрмет сезімін де қалыптастырады. Өйткені ұлттық құндылықтарды құрметтеу – құқықтық мәдениеттің бір бөлігі.
Білім мен спортты ұштастыру – болашақ білікті әрі жауапты маман қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осы бағытта студенттерге кең мүмкіндіктер ұсынады. Университетте студенттердің құқықтық білім алуымен қатар, олардың спорттық тұрғыда дамуына да ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – жан-жақты дамыған, заңды құрметтейтін тұлға тәрбиелеудің тиімді жолы.
ҚазҰУ-дың заң факультетінде білім алып жүрген студенттер «заң мен тәртіп» қағидаларын өмірлік ұстаным ретінде қабылдайды. Олар тек құқықтық білімді меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, спортпен айналысу арқылы өзін-өзі жетілдіруге ұмтылады. Себебі болашақ заңгер үшін әділдік, төзімділік, тәртіп және күш-жігер сияқты қасиеттер аса маңызды.
Қорытындылай келе, спорт пен заң өзара тығыз байланысты. Екеуінің де мақсаты – тәртіп орнату, әділдікті қамтамасыз ету және қоғамның тұрақты дамуына ықпал ету. Сондықтан спортты дамыту арқылы біз тек дені сау ұрпақ қана емес, сонымен қатар заңды құрметтейтін, құқықтық мәдениеті жоғары тұлға қалыптастыра аламыз.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Заң факультеті, мемлекет және құқық, конституциялық
және әкімшілік құқық теориясы мен тарихы кафедрасының
профессор-зерттеушісі Кегембаева Жанар Аманжановна